Каспийдегі трагедия: Бас прокуратура тергеуді аяқтауға жақын
Жарияланған күні:
Фото: Прокуратура
Бүгін, 5 қараша күні Қазақстанның Бас прокуратурасы Каспий теңізіндегі 14 сарбаздың қазасына қатысты тергеуді аяқтауға жақын екенін хабарлады.
«Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді», - деп хабарлады Бас прокуратурасы.
Дереккөзге сүйенсек, осы істі тергеу аясында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді.
Еске сала кетейік, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған еді. Олардың арасында Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.
«Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр», - деп хабарлады Бас прокуратура.