Мәслихат сайлауының үгіт науқаны басталды: сайлауға бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлінген
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы бірнеше мәселеге қатысты брифинг өткізіп, 29 қараша күні өтетін сайлауалды үгіт науқанының басталғанын хабарлады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник хабарлағандай, бұл сайлауға бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі ауқымды брифингті рет-ретімен баяндап шығайық.
Сайлауға 11 мыңға жуық кандидат тіркелген
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдегендей, Сайлау науқанының маңызды кезеңдерінің бірі кандидаттарды ұсыну және тіркеу процесі толық аяқталды. Оның мәліметінше, сайлауға бас-аяғы 10 971 кандидат тіркелген.
Соның ішінде, партиялық тізім бойынша еліміздің 20 өңіріндегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарға саяси партиялар тарапынан 99 партиялық тізім ұсынылып, оған 1 219 кандидат енген. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2% болған көрінеді.
Ал бірмандатты округтер бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелді. Бір мандатқа орташа есеппен 3 адам таласып тұр деген сөз.
Кандидаттар туралы барлық мәліметтер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында жарияланады.
Сайлау алдындағы үгітті ұйымдастыру және өткізу ережелері
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров үгіт кезеңінде барлық кандидаттар мен партияларға тең қаржылық мүмкіндік пен тең жағдай қамтамасыз ету мақсатында сайлау науқанын өткізуге байланысты шығыстардың бірыңғай мөлшері белгіленгенін хабарлады.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік үгіт науқанының басты заңнамалық талаптары мен мерзімдерін түсіндірді:
Үгіт жүргізу мерзімі: 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады.
Тыныштық күні: 28 қараша — тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күні (29 қараша) кез келген сайлау алдындағы үгітке қатаң тыйым салынады. Бұған дейін басылып шыққан немесе интернетте жарияланған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін, бірақ оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға болмайды.
Онлайн-платформалар: Саяси партиялар мен кандидаттар өздерінің жеке интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттары арқылы үгіт жүргізгенде шарт жасасу талабы қолданылмайды.
Тыйымдар мен шектеулер:
- Қазақстаннан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға;
- Анонимді үгіт материалдарын таратуға;
- Бұл сайлау науқаны үшін әзірленбеген материалдарды пайдалануға;
- Дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото және (немесе) бейнетүсірілімге түсіріп, таратуға тыйым салынады.
Сауалнамаларға шектеу: Дауыс беру күнінің алдындағы 5 күн ішінде және дауыс беру күні БАҚ пен онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын немесе өзге де сайлауға қатысты зерттеулерді жариялауға жол берілмейді.
Сайлау бюллетеніндегі саяси партиялардың реттік нөмірі
ОСК отырысы барысында ОСК мүшесі Азамат Айманакумов саяси партия өкілдерінің қатысуымен жеребе тарту рәсімін өткізді. Мемлекеттік тілдегі әліпбилік тәртіппен шақырылған партия өкілдері мөрленген конверттерді алып, өз партияларының бюллетеньдегі орналасу ретін анықтады.
Жеребе қорытындысы бойынша саяси партиялар сайлау бюллетенінде төмендегідей тәртіппен орналасады:
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы
- «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП)
- «Қазақстанның Халық партиясы»
- «Respublica» партиясы
- «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы
- «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы
- «Әділет» партиясы
Мәслихат сайлауына бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлінген
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник хабарлағандай, бұл сайлауға бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлінген. Бортниктің айтуынша, сайлаудың бюджетіне Қаржы және Ұлтық экономика министрлігі келісім берген.
Ол мәслихат сайлауы ауқымы жағынан жаздағы Құрылтай сайлауымен теңдей екенін және мәслихат сайлауы үшін қосымша 3 022 аумақтық комиссия тартылады деді.