Артқа

Жалақы, салық, құрылыс және бизнеске мораторий: Құрылтай депутаттары Жолдауда көтерілген мәселелер туралы не дейді?

Фото: Жолдау

Фото: Жолдау

28 қазанда Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.

Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, дәулетті азаматтарға салық мөлшерлемесін арттыру, мұғалімдердің жүктемесін азайту және цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеттерін атады. Құрылтай депутаттары бұл бастамаларды іске асыруға қатысты пікір білдірді.

 

Қазақстанда ауқымды құрылыс басталады

 

Президенттің айтуынша, Қазақстанда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріледі. Елдің барлық өңірінде халыққа қажетті нысандарды салу көзделіп отыр.

 

Мемлекет басшысы 2029 жылдың соңына дейін осы мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінетінін мәлімдеді. Оның ішінде биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларға 1,5 трлн теңге қарастыру тапсырылды.

 

Қаржы денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік нысандарды, сондай-ақ көлік пен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін қазіргі әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауды қолдайтынын айтты.

Оның пікірінше, әлемдік инфляция мен қаржы активтері құнының құбылуын ескергенде, қаражатты тек жинақтап қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да пайдалану қажет.

 

«Қазір әлемде инфляция жүріп жатыр. Доллардың өзі де құнсыздануда, ал құнды қағаздардың бағасы кейде төмендеп кетеді. Сондықтан қолда бар қаражаттың бір бөлігін ел ішінде пайдаланып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттауымыз керек. Президенттің айтпағы – осы. Қазақстанның жалпы валюта қоры 130 млрд долларға жетті. Осы қаражаттың бір бөлігін халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсау қажет», – деді депутат. 

 

Сонымен бірге Сайыров Ұлттық қордың негізгі бөлігі болашақ ұрпақ үшін сақталатынын атап айтты.

 

Дәрігерлердің жалақысы 40% дейін өседі

 

Жолдауда медицина қызметкерлерін қолдау мәселесі де қозғалды. Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды.

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов бұл бастаманы іске асыру үшін бюджетке тиісті өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.

 

Оның сөзінше, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бюджеттен жалақы алатын 300 мыңнан астам адам бар. Ал еңбек өтілі мен біліктілігі белгіленген талаптарға сай келетін шамамен 77 мың дәрігердің жалақысын көтеру жоспарланған.

Депутаттың пікірінше, бюджет жобасы Құрылтайда қаралып жатқандықтан, қажетті түзетулерді жедел енгізіп, төлемдерді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттыруға мүмкіндік бар.

«Бюджет кодексіне сәйкес, бюджет жобасында екі түрлі резерв қарастырылған. Оның бірі – Үкімет резерві, екіншісі – Президенттің бастамаларын іске асыруға арналған резерв. Яғни жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін бюджетте арнайы қаражат бар. Менің ойымша, жалақы мен тиісті төлемдерді арттыруға қажетті түзетулерді осы резервтер есебінен енгізуге болады», – деді Аймағамбетов.

 

Дәулетті азаматтар көбірек салық төлей ме?

 

Президент Жолдауда салық саясатын жетілдіру және салық салудағы әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы ірі дәулет иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды.

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыровтың пікірінше, дәулетті азаматтарға прогрессивті шкала бойынша салық салу – әлемдік тәжірибеде бар тәсіл. Оның айтуынша, қымбат жылжымайтын мүлік, көлік және өзге де активтерге қатысты салық тетіктерін қарастыруға болады.

Депутат бұл мәселені елдегі әлеуметтік-экономикалық жауапкершілікпен байланыстырады.

 

«Бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға біраз болды. Салық мөлшерлемесі прогрессивті болуы керек. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар тәсіл. Президент дәулетті адамдар көбірек салық төлеуі керектігін нақты айтты. 1990-жылдары жекешелендірудің қалай өткенін білеміз. Сондықтан сол кезеңде ел байлығын иеленген азаматтардың мемлекет алдындағы әлеуметтік және экономикалық жауапкершілігі де жоғары болуы керек», – деді депутат.

 

Ал Құрылтай депутаты Айдос Сарым салыққа қатысты ұсыныстарды Үкіметпен және бизнес өкілдерімен бірлесіп әзірлеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, байлықты теріс құбылыс ретінде қарастыруға болмайды. Салық жүйесі әділдікті қамтамасыз етумен қатар, капиталдың елде қалуына да мүмкіндік беруі керек.

«Байлықты жаман нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Қазақ тарихында бай-бағландардың арқасында халық аман қалған кезеңдер болған. Қазір де ел бюджетіне қомақты салық төлеп отырғандардың қатарында ауқатты азаматтар бар. Бұл, бір жағынан, капиталдың елден кетпеуіне және инвесторлардың алаңдамауына жағдай жасаса, екінші жағынан, қоғамда әділеттілік қағидатын орнықтыруға мүмкіндік береді», – деді депутат.

 

Асхат Аймағамбетов те прогрессивті салық жүйесін қолдайтынын жеткізді. Ол мұндай өзгерістер орта және шағын бизнеске емес, дәулеті жоғары азаматтарға бағытталуы керектігін айтты. 

«Былтыр Салық кодексін талқылау барысында бұл салықтың дәулеті жоғары азаматтарға салынуы керектігі айтылды. Шағын және орта бизнес өкілдері бұл санатқа жатпайды», – деді депутат.

 

Мұғалімдердің артық жүктемесі азая ма?

 

Жолдауда білім беру саласындағы мәселелерге де назар аударылды. Президент мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарды азайту және ұстаздардың абырой-беделін қорғау қажеттігін айтты.

 

Мемлекет басшысы цифрлық платформалар енгізілгенімен, қағаз есептіліктің орнына электронды есеп тапсыру міндеттері пайда болғанын сынға алды. Оның пікірінше, мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу.

 

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов те мұғалімдердің жүктемесі мәселесін көтеріп, ұстаздардың сабақ берумен шектелмей, түрлі платформаларға ақпарат енгізуге және әлеуметтік желілерге арналған видео түсіруге мәжбүр болатын жағдайлар бар екенін айтты.

 

«Мен министр болған кезде де Мемлекет басшысы мұғалімдердің мәртебесі мен беделі мәселесін үнемі көтеретін. Соңғы жеті жылда бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Президенттің әр Жолдауында ұстаздарды қолдау мәселесіне баса назар аударылды. Алайда қазір қағазбастылық пен мұғалімдерді қажетсіз жұмыстарға тарту мәселесі қайта ушығып отыр», – деді депутат.

 

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдер әлеуметтік желілерге арналған Reels видеоларын түсіруге көп уақыт жұмсайтынына шағымданады.

 

«Ұстаздар таңнан кешке дейін Reels түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жариялауға уақыт жұмсайтынын айтып шағымданады», – деді депутат. 

Депутат Мемлекет басшысының мұғалімдердің артық жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасын қолдады. Оның пікірінше, педагогтердің мүддесін қорғап, негізгі жұмысына қатысы жоқ міндеттерді қысқарту керек.

Аймағамбетов Құрылтай депутаттары осы мәселелерді қамтитын арнайы заң жобасын әзірлегенін де айтты. Оның сөзінше, құжатта Президент көтерген мәселелер де ескеріледі.

 

Цифрлық экономика мен жасанды интеллект

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанның озық технологияларға негізделген мемлекет қалыптастыру жұмысына жаңа серпін берілгенін атап өтті. Президент бұл жұмысты жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономиканы қалыптастыру қажеттігін айтты.

 

Құрылтай депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект адамдарға кеңсеге бармай-ақ, қашықтан жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік береді. Оның сөзінше, қазір контент-менеджерлер, дизайнерлер, бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері мен электронды сауда мамандары смартфон арқылы жұмыс істей алады.

 

Депутат әлемде one person company, яғни бір адамнан тұратын компания үлгісі қалыптасып келе жатқанын айтты.

 

«Жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, адам шағын кеңсе жұмысын атқарып, белгілі бір қызметтерді көрсетіп, оларды интернет арқылы сата алады», – деді Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, жасанды интеллект бірнеше міндетті автоматтандырып, бір маманның бұрын шағын кеңсе атқарған жұмысты орындауына мүмкіндік береді. Бұл жеке кәсіп бастағысы келетіндер мен цифрлық қызмет көрсететін мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Депутат цифрлық сервистердің пайдасы тек интернет арқылы табыс табумен шектелмейтінін айтты. Қызметтерді онлайн алу кезек күтуге, құжат толтыруға және мекемеге баруға кететін уақытты үнемдейді. Азаматтар сол уақытын негізгі жұмысына немесе жеке кәсібіне жұмсай алады.

 

Сонымен қатар, Смышляева Қазақстанның ішкі нарығы цифрлық қызметтерді дамытуда белгілі бір шектеу болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруда нақты сұраныс пен нарықтың қажеттілігін ескеру керек.

Тоқаев бизнеске мораторийді тағы үш жылға ұзартуды ұсынды: депутаттар не дейді?

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда бизнеске қатысты мораторийді тағы үш жылға ұзартуды ұсынды. Бұл бастама кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту және бизнесті негізсіз тексеруден қорғауды көздейді.

 

Депутат Айдос Сарымның айтуынша, соңғы уақытта кәсіпкерлермен кездесулерде бизнесті физикалық тексерудің жиілегені жиі көтеріліп жүр. Мұндай жағдай кәсіпкерлердің психологиялық ахуалына да әсер етеді. Сондықтан, тексеру жүргізудің нақты әрі ашық критерийлерін белгілеу маңызды.

Айдос Сарым кәсіпкердің адалдығын бағалауда салық міндеттемелерін орындауға басымдық берілетінін айтты. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар салаларға зиян келтіру және санкцияларды айналып өту сияқты заңсыз әрекеттерге жол бермеу талап етіледі.

 

«Кәсіпкердің адалдығын айқындайтын басты талап – салықты уақтылы төлеу. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар салаларға зиян келтіруге және халықаралық немесе ішкі санкцияларды айналып өтуге жол берілмеуі керек. Егер кәсіпкер мұндай өрескел заңбұзушылықтарға бармаса, оны негізсіз мазалап, қосымша тексерулер жүргізудің қажеті жоқ», – деді депутат.

 

Сарымның сөзінше, Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау үшін мораторий енгізу тәжірибесі 1990-жылдардан бері қалыптасқан. Бұған дейін де бір және үш жылдық мораторийлер қолданылған. Жаңа тәсілдің мақсаты – адал кәсіпкерлерге кедергі келтірмей, бақылауды тәуекелі жоғары жағдайларға бағыттау.

Құрылтай депутаты Снежанна Имашева да кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, экономикалық құқықбұзушылықтарға қатысты баптарды декриминализациялау және алаяқтық пен азаматтық-құқықтық даулардың аражігін нақтылау мәселесі өзекті болып отыр.

«Заңда алаяқтық белгілерін азаматтық-құқықтық даулардан нақты ажырату қажет. Сондай-ақ компания директоры мен бухгалтерін бірден “қылмыстық топ” деп айыптауға жол бермейтін нормаларды жетілдіру керек», – деді Снежанна Имашева.

 

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауында әлеуметтік қолдау, салық әділдігі, кәсіпкерлік еркіндігі және цифрлық экономиканы дамыту мәселелері қатар көтерілді. Құрылтай депутаттары бұл бастамаларды іске асыру үшін заңнамалық өзгерістер мен нақты қаржыландыру тетіктері қажет екенін айтады. Ендігі міндет – осы ұсыныстарды іске асырып, халықтың тұрмысы, еңбек жағдайы және бизнес жүргізу мүмкіндіктеріне қалай әсер ететінін көрсету.