Артқа

Құрылтайда журналистердің құқығы шектелді ме? Сарапшылар пікірі

Фото: Құрылтайда журналистердің құқығы

Фото: Құрылтайда журналистердің құқығы

Құрылтай Бюросы журналистердің депутаттармен жұмыс істеу форматына өзгерту енгізді. Әңгіме БАҚ қатысуымен өтетін іс-шаралар регламенті туралы болып отыр. Бұрын БАҚ өкілдері парламент кулуарында, яғни ғимарат дәлізінде депутаттарға сұрақ қоя алатын. Жаңа ережеге сәйкес, енді журналистер депутаттарға сұрақтарын тек баспасөз орталығында қоя алады. Оған қоса сұрақтар тек күн тәртібіне қатысты болуы керек. Ал ереже бұзғандарға аккредитациядан айырылу қаупі төніп тұр.

 

Бұл ескертуден соң сөз бостандығы мәселесі өзекті бола түсті. БАҚ өкілдері, заңгерлер, құқық қорғаушылар журналистердің құқығы шектеліп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. 

 

Журналист неге ескерту алды?

 

Құрылтай жұмысын бастағалы кемінде екі қазақстандық журналист мемлекеттік орган белгілеген БАҚ-қа қатысты регламентті бұзғаны үшін ескерту алды. Солардың бірі – Ulysmedia.kz тілшісі Әсем Ғұмарова. Ол Құрылтайдағы брифингтің тақырыбына қатысы жоқ сұрақ қойғаны үшін ескерту алды.

 

Редакцияның электронды поштасына Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қалиянбековтен хат келген. Хатта журналист іс-шараның күн тәртібіне қатысы жоқ екі сұрақ қойып, регламентті бұзғаны айтылған. Сондай-ақ хатта талап тағы да бұзылған жағдайда тілшінің аккредитациядан айырылуы мүмкін екені көрсетілген.

 

«Регламентті өткізу тәртібін қайталап бұзған жағдайда, Әсем Ғұмарованың Құрылтай жанындағы тұрақты аккредитациясынан алты ай мерзімге айыру мәселесін көтеруге құқылы екенімізді ескертеміз», – делінген хабарламада.

Сөз 30 қыркүйекте Құрылтайда өткен брифинг туралы болып отыр. Іс-шара «Киберқылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасына арналды. Брифингке депутат Үнзила Шапақ пен ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов қатысты.

 

Әсем Ғұмарова қоғамда резонанс тудырған мәселеге, атап айтқанда Каспий теңізінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіге қатысты бірнеше сұрақ қойды. Ал бұл мәселе брифингтің ресми күн тәртібіне кірмеген.

 

Журналист Үнзила Шапақтан Құрылтай депутаттары жинаған 146 миллион теңге қашан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетінін сұрады.

 

Ал Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовке Threads желісіндегі сыни жазбалардың авторларына жаппай қоңырау шалуға қатысты сұрақ қойды. Ол кезде қолданушыларға өз жазбаларын өшіруге талап қойылып, қоңырау шалушылар өздерін полиция департаменттерінің қызметкерлері ретінде таныстырған.

 

Сондай-ақ, журналист әрі «Otkir kurek» онлайн-басылымының бас редакторы Назымгүл Құмыспаеваға Құрылтайда жұмыс істеу үшін тұрақты аккредиттеуден бас тартылды. Құрылтай тарапынан ресми бас тартуға құжаттарда көрсетілген электронды пошта мекенжайларына қатысты мәселелер себеп болғаны хабарланды. Алайда Назымгүл Құмыспаева көрсетілген екі поштаның да жұмыс істеп тұрғанын және аккредитация барысында Құрылтайдың баспасөз қызметімен үнемі байланыста болғанын айтып отыр.

 

Назымгүл Құмыспаева Құрылтайдағы журналистердің жұмысына, соның ішінде ғимарат ішінде депутаттарды арнайы рұқсатсыз түсіруге тыйым салатын жаңа ережелерге қатысты сыни пікір білдірген болатын. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Құрылтай спикері Айбек Дәдебайға журналистің аккредиттелуіне қатысты ресми түрде жүгініп, тұрақты аккредитациядан бас тарту журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіретінін және азаматтардың ақпарат алу құқығын шектейтінін атап өтті.

 

«Әділ сөз»: Күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтар қоюға тыйым салынбауы керек

Құрылтай әкімшілігі жаңа ережелерді әзірлеу кезінде шетелдік тәжірибе ескерілгенін мәлімдеді. Алайда «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Назира Дәрімбет Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ парламенттерінде аккредитация қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің техникалық құралы ғана екенін, цензура тетігі ретінде қолданылмайтынын атап өтті. Мұндай елдерде «күн тәртібіне қатысы жоқ» сұрақтарға тыйым салынбайды: қоғамдық күн тәртібі әрдайым ведомстволық күн тәртібінен жоғары тұрады.

 

«Журналистерге ресми жарияланған күн тәртібінен тыс сұрақ қоюға тыйым салатын қатаң шектеулер демократиялық мемлекеттің қағидаттарына сәйкес келмейді. Парламент – жоғары өкілді орган. Ол тек заң жобаларын ресми түрде мақұлдау үшін ғана емес, биліктің қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз ету үшін де қызмет етеді. БАҚ өкілдері Парламент қабырғасында шенеуніктер мен депутаттарға тікелей сұрақ қою арқылы қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша жедел әрі нақты жауап ала алады», – деді Назира Дәрімбет.

 

Ол ішкі тәртіп ережелері мен регламенттер Конституцияда және «Масс-медиа туралы» заңда бекітілген сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығының негізгі кепілдіктерін алмастырмауы керек деп есептейді.

 

«Журналистің «тақырыпқа қатысы жоқ» сұрақ қоюын аккредитациядан айыру қаупі бар өрескел заңбұзушылық ретінде бағалау қауіпті прецедент қалыптастырады. Бұл журналистерді өзін-өзі цензуралау әсерін туғызуы мүмкін. Нәтижесінде журналистің алдында екі таңдау тұрады: аккредитациядан айырылу қаупі бола тұра кәсіби міндетін орындап, қоғамды толғандырған өткір мәселелер туралы хабар тарату немесе ресми баспасөз хабарламаларын ғана тарататын БАҚ өкіліне айналу», – деді ол.

 

Назира Дәрімбет өзін-өзі реттеу мен кәсіби этика ең алдымен журналистердің өзіне қажет дейді. Бұл жұмыс сапасын сақтауға және аудиторияның сенімін арттыруға көмектеседі. Алайда ол Қазақстандағы сөз бостандығына төнетін басты қауіп – журналистердің немесе БАҚ-тың этикаға сай әрекет етпеуі емес, мемлекет тарапынан үнемі қысым жасалуы, шенеуніктер мен депутаттардың қысымы және ақпараттық кеңістікті жаппай реттеуге ұмтылу дейді.

 

Сондықтан Қазақстандағы тәуелсіз журналистер көптеген реттеуші норма мен мемлекеттік органдардың жіті бақылауында жұмыс істейтіндіктен, заң талаптары мен кәсіби стандарттарды барынша мұқият сақтауға мәжбүр.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры аккредиттеу журналистердің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп, олардың кәсіби қызметін шектеу құралына айналмауға тиіс деп мәлімдейді. Лауазымды тұлғаларға қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша сұрақ қою мүмкіндігі тек брифингтің алдын ала жарияланған күн тәртібіне байланысты болмауы керек.

Заңгер: Жаңа регламент журналистердің құқығын шектейді.

 

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының заңгері Сергей Уткин «Масс-медиа туралы» заң мен қолданыстағы аккредиттеудің үлгілік ережесі арасындағы қайшылыққа назар аударады.

 

«Масс-медиа туралы» заңның 28-бабының 4-тармағында аккредиттеу қағидаларын бұзса не өзін аккредиттейтін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратса, егер бұл заңды күшіне енген сот шешімімен танылса журналисті аккредиттеуден айыру көзделген.

 

Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларын бекітіп, оларды іс-шара регламентін сақтауға міндеттеді. Аккредиттеудің үлгілік қағидаларында іс-шара регламентін, өткізу-кіру және объектішілік режимді қайталап сақтамағаны, сондай-ақ алынған ақпаратты басқа БАҚ-та таратқаны үшін аккредиттеуден айыру мүмкіндігі қарастырылған.

 

«Аккредиттеу ережесі – журналистерді қалай аккредиттеу керек екенін ғана реттеуге тиіс. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл ережеге журналистердің кәсіби жұмысын қалай жүргізуі керек екенін анықтайтын талаптарды да енгізген. Мұндай талаптар аккредиттеу ережесін реттеу аясына жатпайды», – дейді Сергей Уткин.

 

Заңгердің айтуынша, министрлік өз бұйрығымен кез келген ұйымға журналистердің қызметін өз қалауынша реттеу құқығын беріп отыр. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар аккредиттелген журналистердің жұмысына өз талаптарын енгізе алады. Осылайша қойылатын сұрақтың санына шектеу қою, іс-шара тақырыбынан тыс сұрақ қоюға тыйым салу, киім үлгісіне қойылатын талап және басқа да шарттар пайда болған. Ал оларды бұзғаны үшін аккредиттеуден айыру жазасы қолданылады.

 

«Журналистер қоғамның игілігі үшін жұмыс істейді. Қоғам маңызды ақпаратты талап етеді, ал ұйымдар көбіне мұндай ақпаратты жасыруға тырысады. Алайда салалық министрлік өз әріптестері – шенеуніктердің ыңғайына жығылып, оларға журналистерге ықпал етуге, оларды қорқытуға мүмкіндік берді. Мұның өзі қоғамның маңызды ақпарат алу мүмкіндігін шектейді», – деді заңгер.

Заңгердің пікірінше, журналистерді аккредиттеуден айырудың қосымша негіздерін енгізетін Үлгілік ереже «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес келмейді.

 

«Журналистерді аккредиттеуден айырудың қосымша негіздерін енгізетін Үлгілік ережелер «Масс-медиа туралы» Заңның жоғарыда аталған нормасына сәйкес келмейді. Сондықтан «Әділ сөз» қоры бұл ережелер күшіне енгеннен кейін бірден оларға сот тәртібімен шағым жасауды бастаған болатын. Алайда сот жүйесі, өкінішке қарай, сөз бостандығы мен журналистердің тәуелсіздігі сияқты тұстарға үңілмеді, сол себептен талап арыз қанағаттандырылмады. Енді міне, шенеуніктерге тәуелсіз журналистермен «заңды түрде» күресуге берілген мүмкіндіктің жемісін көріп отырмыз», – деді Сергей Уткин.

 

Заңгердің пікірінше, аудио, фото және видеотүсірілімге қойылған шектеулер де жеке мәселе ретінде қарауды қажет етеді. Құрылтай регламентіне сәйкес, журналистер тек баспасөз орталығында еркін түсіре алады, ал басқа бөлмелерде түсірілім жүргізу үшін баспасөз қызметінің рұқсаты қажет.

«Масс-медиа туралы» заңда журналистің заңда тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, кез келген жерде аудио, фото және видеотүсіруге құқығы бекітілген. Ал Құрылтайдың ережелері заң емес. Демек, онда журналистерге аудио, фото және видеотүсіруге тыйым салу қарастырылмауға тиіс. Бірақ журналистерге бұл талапты орындамауға кеңес берудің өзі қауіпті, өйткені ертең оларды аккредиттеуден айыруы мүмкін. Ал талапқа бағынатын сот регламент нормаларының заң ережелеріне қайшы келетінін елемеуі ықтимал. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидасы бізде осындай сипат алып отыр», – деді ол.

 

 

«Әділ сөз» бұған дейін Аккредиттеудің үлгілік ережесіне сот тәртібімен дауласқан болатын. Алайда сот талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Журналистер ережені өзгертуді талап етті

Құрылтайға акредиттелген журналистер аталған мемлекеттік органның талаптарымен келіспейді. Бірден 40 журналист палата төрағасы Айбек Дәдебайға ұжымдық үндеу жолдап, брифинг өткізу ережесін қайта қарауды талап етті. Олар тақырыптан тыс сұрақ қоюуға тыйым салуға қарсы. 

Қолданыстағы ережеге сәйкес, журналист күн тәртібінен тыс сұрақ қойғаны үшін ескерту алуы мүмкін. Ал мұндай талапты екі рет бұзған жағдайда алты айға аккредиттеу құқығынан айырылу қаупі бар.

 

Үндеу авторлары мұндай шектеулерді негізсіз деп санайды. Олардың пікірінше, журналистер министрлерге, депутаттарға және басқа да лауазымды тұлғаларға олардың құзыретіне кіретін кез келген мәселе бойынша, брифинг тақырыбына қарамастан сұрақ қоя алуы керек.

«Жаңа регламенттегі бір норма бізді қатты алаңдатып отыр. Регламенттің 3-тармағы журналистерді сұрақтарды «алдын ала жарияланған күн тәртібі бойынша қатаң түрде» қоюға міндеттейді. Іс жүзінде бұл былай көрінеді: брифинг отырыстан кейін өтеді және депутаттар жаңа ғана ашық эфирде талқылаған бір заң жобасына арналады; баспасөз қызметі брифинг тақырыбын алдыңғы күні кешке немесе отырыс өтетін күні жариялайды; брифингке министрлер мен олардың орынбасарлары келеді, олар көп жағдайда қоғам алдына сирек шығады және оларға қоғам тарапынан қойылатын сұрақтар көп; алайда оларға отырыста бәрі айтылып қойған тақырып бойынша ғана сұрақ қоюға болады», – делінген үндеуде.

 

Сондықтан модератор тақырыпқа қатысы жоқ деп санаған сұрақ үшін журналист ескерту алады. Екі рет ереже бұзу аккредитациядан алты айға айыруға әкеледі. Парламент жұмысын жазатын журналист үшін бұл іс жүзінде жарты жылға кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салумен тең.

«Тақырыпқа қатысты» деген ұғымның өлшемі ешбір құжатта көрсетілмеген. Шешімді модератор сол жерде және түсіндірместен қабылдайды. Біз бұл норманы өзгерту қажет деп санаймыз. Оның бірнеше себебі бар. Заң журналистке сұрақ қою құқығын береді. «Масс-медиа туралы» заң журналистің ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың қабылдауында болуға құқығын бекітеді. Аккредиттелген журналист өзін аккредиттеген органның іс-шараларына қатысуға құқылы. Ал бұл норма Құрылтайдың өзі қойған мақсатқа жеткізбейді. Құрылтайдың Аккредиттеу қағидаларында аккредитацияның мақсаты қоғамды кеңінен және жедел ақпараттандыру деп көрсетілген. Ал отырыста айтылғанды қайталайтын брифинг жаңа ақпарат бермейді», – деп жазылған үндеуде.

 

Құрылтай бұл норманы өзі өзгерте алады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидалары тек органға регламентті бекітуді жүктейді. Күн тәртібімен шектеу Құрылтайдың шешімі болғандықтан, Бюро оны қайта қарай алады.

«Спикердің онсыз да жауап бермеуге құқығы бар. Министр немесе депутат сұраққа жауап беруден бас тарта алады, кейінірек немесе жазбаша түрде жауап бере алады. Санкция шамадан тыс. Модератор тақырыпқа қатысы жоқ деп санаған сұрақ үшін, ал нақты өлшем болмаған жағдайда, журналисті алты айға аккредитациядан айыру – кәсіби жұмыс үшін тым ауыр жаза», – делінген үндеуде.

 

Журналистер Құрылтай бюросының қарауына мынадай өзгерістерді енгізуді сұрады:

·                  Спикердің құзыреті шегінде сұрақ қоюға рұқсат беру. Алдымен журналистер жарияланған тақырып бойынша сұрақ қояды, одан кейін сөз сөйлеп отырған тұлғаның құзыретіне жататын кез келген сұрақты қоюға мүмкіндік беріледі.

·                  Күн тәртібінен тыс сұрақты ереже бұзу деп санамау. Модератор журналистен тақырыпқа оралуды сұрай алады, ал спикер жауап беруден бас тарта алады. Бірақ мұндай сұрақ аккредитациядан айыруға негіз болмауы тиіс.

·                  Ереже бұзуды тіркеу тәртібін нақты жазу. Ереже бұзу нақты қағиданың тармағына сілтеме жасай отырып, жазбаша түрде тіркелуге тиіс. Журналистке түсініктеме беруге және ескертуге шағымдануға мүмкіндік берілуі қажет.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы журналистердің үндеуіне қолдау білдірді. Құрылтай жаңа ережелерге сүйене отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының біріне ескерту жасады және тағы бір журналисті аккредиттеуден бас тартты. Ұйым аталған шектеулерді дереу алып тастауға шақырады.

 

SDU қауымдастырылған профессоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы шенеуніктер мен журналистердің арасында шекара пайда болып, сөз бостандығы мәселесі тереңдеп бара жатқанын айтып отыр.

 

«Журналист Құрылтайда регламентке сай емес басқа сұрақ қойғаны үшін аккредитациясынан айырылайын деп жатыр. Сөз бостандығына Конституцияда кепілдік берген мемлекетпіз. Сөз бостандығы кез келген жағдайда көрінуі керек. Журналистердің жұмысына тыйым сала отырып «сөз бостандығына кепілдік беріп отырмыз» деп айту – нонсенс. Бұрынғы Парламенттерде журналистер депутаттардың артынан қуып жүріп, оларды тоқтатып, кулуарда кезедесіп қалып қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап алатын еді. Қазір шенеунік пен журналистің арасында шекара пайда болды. Осы кедергі күн өткен сайын үлкейіп бара жатыр. Бұрын кулуарда кез келген сұрақты қойып, алған жауабын тарататын. Ал қазір халықтың ақпарат алу құқығына шектеу қойып жатыр», – деді Есенгүл Кәпқызы.

 

Шетелде журналистер қалай жұмыс істейді

 

Еуропарламент ғимаратына кіру үшін журналистер медиа-аккредитация алуы керек. Аккредитация журналистерге парламенттік және саяси қызмет туралы жариялау үшін беріледі.Журналистік қызметке қайшы, соның ішінде лоббизммен және саяси консультация берумен айналысатын тұлғалардан өтінім қабылданбайды. Сондай-ақ Еуропарламенттің ресми сайтында медиаұйым тәуелсіз болуға, ақпарат таратуда ешқандай шектеулерге тап болмауға тиіс әрі қаржыландыру көздері мен тәсілдерін ашық көрсетуі қажет деп көрсетілген.

 

Пресс-картасы бар журналистерге отырыс залынан, яғни арнайы баспасөз галереясынан, залдардың айналасындағы қоғамдық аймақтардан, сондай-ақ депутаттардың келісімімен олардың кабинеттерінен түсірілім жасауға рұқсат берілген. Алайда мейрамханаларда, барларда, қызметтік бөлмелерде және автотұрақтарда түсіруге тыйым салынады. Баспасөз конференцияларында өзін ұстау тәртібі де бөлек жазылған. Журналистерге шапалақ ұруға, наразылық білдіруге немесе сөйлеушілерге өзге де жолмен қолдау көрсетуге не қарсылық танытуға болмайды. Кауіпсіздік талаптары өрескел бұзылған жағдайда аккредиттеудің күші жойылуы мүмкін. Журналистер Еуропарламент депутаттарына дәлізде сұрақ қоя алады деуге толық негіз бар.

 

Норвегияда парламенттің ашық болуы демократияның маңызды қағидаларының бірі және журналистердің парламентте жұмыс істеуіне жағдай жасалуға тиіс. Журналистік картасы бар басқа журналистер пленарлық отырыстарға, комитет тыңдауларына, баспасөз конференцияларына және басқа да баспасөз іс-шараларына кіре алады.

 

Данияда парламентке кіру үшін БАҚ өкілдеріне сол органның аккредитациясы қажет емес. Олар жарамды пресс-карталарымен ғимаратқа емін-еркін кіре береді. Сол арқылы журналистер ашық тыңдауларға, конференцияларға және парламенттік басқа да ашық іс-шараларға қатыса алады. Ал ашық комитеттік тыңдауларға қатысу үшін алдын ала тіркелу талап етілуі мүмкін.

Ұлыбританияда журналистерге парламентте хабар тарату үшін қатаң талап қояды. Шынайы әрі кәсіби медиа атынан жұмыс істейтін журналистер ғана парламентке кіруге рұқсат ала алады.

 

АКШ Конгресінде аккредиттеуді Конгресс аппараты емес, бес журналистер тұратын комитет береді. Бұл комитетті аккредиттелген журналистердің өздері сайлайды және ол журналистердің аккредитация туралы өтініштерін қарайды. Өтініш беруші штат тілшісі болуға тиіс. Еуропарламенттегідей, медиаұйым тәуелсіз болуы шарт, ал тілшінің лоббизммен, жарнамамен және PR-мен айналысуына тыйым салынады.

 

Отырыс залдарында түсірілім жасауға баспасөз галереясынан рұқсат етілген, сондай-ақ стендап жазуға арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Журналистерге қатты сөйлеуге, дауыстап оқуға, шапалақ ұруға немесе сөйлеушілерге өзге де жолмен қолдау көрсетуге не қарсылық білдіруге болмайды. Лоббистік қызметпен айналысқан, өтінім тапсырған кезде жалған мәлімет ұсынған немесе әдепке жат мінез-құлық көрсеткен журналистердің аккредитациясының күші жойылады.

 

Жаңа Зеландия парламентінде аккредиттация алу үшін журналист негізінен саяси және парламенттік жаңалықтарды жариялаумен айналысуы қажет. Олардан заңнамаға ықпал етуге бағытталған лоббизммен, жарнамамен немесе PR-мен айналысуға рұқсат етілмейді. Парламент жұмысына кедергі келтірмесе, отырыс залында және өзге де бөлмелерде түсірілім жүргізуге рұқсат беріледі.

 

Ал Түркия парламентінде түсірілім жүргізу ережелері біршама қатаң. Комитеттер мен парламенттік топтардың отырыстарын түсіру үшін жеке рұқсат қажет. Сұхбат жазу үшін де осындай рұқсат талап етіледі. Операторлар мен фотографтар парламент ішінде камерамен еркін жүре алмайды, сондықтан түсірілім жұмыстарын алдын ала келісу қажет. Ережелерді бұзған жағдайда журналиске әуелі ескерту жасалуы мүмкін. Тағы қайталанса оның куәлігінің күші жойылуы ықтимал.

 

Құрылтайдағы журналистер жұмысына қатысты жаңа регламент кәсіби қызметтің тәртібі мен ақпарат алу құқығының арақатынасы туралы мәселені күн тәртібіне шығарды. Бір жағынан, парламент ғимаратында қауіпсіздік пен жұмыс тәртібі сақталуы керек. Екінші жағынан, бұл талаптар журналистердің қоғам үшін маңызды сұрақтар қою мүмкіндігін шектемеуге тиіс.

Парламенттің ашықтығы жарияланған ақпараттың көлемімен ғана емес, журналистердің билік өкілдеріне қоғамды толғандырған сұрақтарды еркін қоя алуымен де өлшенеді. Ал аккредитация журналистің кәсіби қызметін шектеу құралына емес, оның ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тетікке айналуға тиіс.