Артқа

Құрылтайда өңір мәселесі қалай көтеріліп жатыр

Фото. Өңір мәселесі

Фото. Өңір мәселесі

Құрылтай жұмысын бастағалы екі айға жуықтап қалды.

 

Жаңадан құрылған заң шығарушы органның жұмысын бағалауға әлі ерте, десе де Құрылтай регламенті қабылданып, құрылым жұмысы бір жолға түсті. Осы уақыт ішінде алты отырыс өтіп, 72 депутаттық сауал жолданды. Сауалдардың басым бөлігі республикалық деңгейдегі мәселелер болса, санаулы депутат қана жергілікті деңгейдегі мәселені көтерді. Саясаттанушылардың бірі мұны жаңа сайлау жүйесінің әлсіз тұсы деп бағаласа, екіншісі өңірлік мәселелерді талдауға әлі ерте екенін айтады.

 

Парламент құрылымы және сайлау жүйесі өзгерді

 

Қазақстандағы конституциялық реформа заң шығарушы органның құрылымын ғана емес, депутаттарды сайлау жүйесін де өзгертті. Бұрын екі палаталы Парламентте Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі партиялық тізіммен, екінші бөлігі бірмандатты аумақтық округтерден сайланатын. Ал сенатта өңірлердің өкілдігі қамтамасыз етілді.

 

2023 жылғы мәжіліс сайлауында 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, 29-ы бірмандатты округтерден сайланды. Сенатта да өңірлік өкілдік болды. Осылайша, бұрынғы жүйеде белгілі бір аумақтың мәселесін тікелей көтеретін депутаттар мен өңірлердің мүддесін білдіретін сенаторлар жұмыс істеді.

 

2026 жылғы конституциялық реформадан кейін олардың орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай келді. Депутаттардың барлығы бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша партиялық тізіммен сайланды. Сайлаушы нақты кандидатқа емес, партияға дауыс берді. Партия алған мандаттарға сәйкес депутаттардың құрамы партиялық тізім негізінде қалыптасты.

 

Бұл жүйе депутаттардың бүкіл елдің мүддесін қорғауына мүмкіндік береді. Алайда оның екінші жағы да бар: белгілі бір облыстың немесе ауданның мәселесін тұрақты көтеріп, сол өңірдегі сайлаушылар алдында жауап беретін депутатты анықтау қиындай түсуі мүмкін.

 

Бірмандатты округтердің жойылуы өңірлік мүдде мүлде ескерілмейді дегенді білдірмейді. Бірақ бұл мүддені қорғау тетігі өзгергені анық. Енді депутаттың нақты бір аумақпен байланысы сайлау округі арқылы емес, партиялық жұмыс, сайлаушылармен кездесу және депутаттық сауалдар арқылы көрінуі керек.

 

72 депутаттық сауал: өңір мәселесі көтерілді ме?

 

Депутаттар заң жобаларын қарап қана қоймай, жергілікті және республикалық деңгейдегі мәселелерді көтеріп, үкімет мүшелеріне, әкімдерге және басқа да мемлекеттік органдардың басшыларына сауал жолдайды. Сауалда нақты мәселені көтеріп, оны шешу үшін өз ұсынысын айтады. Жауапты тұлға бір ай ішінде жауап беруі керек. Ең маңыздысы мәселені шешу үшін үкімет тарапынан қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны, қандай нақты шара қабылданғаны ашық әрі жария болуы керек. Депутаттық сауал қағаз күйінде қалып қоймай заң жобаларын әзірлеуге не заңға өзгерістер енгізуге, мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарауға, іс-шаралар қабылдауға, мәселені бақылауға алуға түрткі болады. Ал депутат өз кезегінде мәселенің қаншалық шешімін тапқанын қадағалап отырады.

 

Құрылтайдың алғашқы кезеңіндегі жұмысына шолу көрсеткендей, алты отырыста 72 депутаттық сауал жолданған. Олардың басым бөлігі республикалық деңгейдегі мәселелерге арналса, жергілікті проблемаларды арнайы көтерген депутаттар санаулы. Соның бірі – депутат Жанарбек Әшімжанның премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалы. Ол жаңадан салынып жатқан Алатау қаласының инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелеріне қатысты бірнеше сұрақ қойды. Мәжіліс депутаты болған кезде де ол бұл мәселені парламентте көтерген болатын. 2025 жылы премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Алатау қаласының құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, жобалық-сметалық құжаттары кешігіп жатқанын айтқан болатын. Бір жыл өтсе де кей көшелерде абаттандыру аяқталмағанын, газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат екенін, әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі өзекті болып отырғанын айтты.

 

Жанарбек Әшімжан Алматы облысында дүниеге келген. Мәжіліске Алматы облысынан бірмандатты аумақтық сайлау округтерінен депутат болып сайланды. Алатау қаласы Алматы облысына қарайды. Жанарбек Әшімжан Алматы облысын аралап, сайлаушылармен кездесіп тұрады. Депутаттық сауалды бірлесе жолдағандар да Алматы облысында туған және сонда қызмет атқарған адамдар.

 

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде осы тақырыптың қайта көтерілуі жергілікті проблемалардың бір депутаттық сауалмен шешіле салмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайда депутаттың міндеті мәселені жариялаумен шектелмей, оның шешілу барысын бақылауды да қамтиды.

 

Парламентте ең жиі көтерілетін мәселе – газдандыру. Мәжіліс пен сенат отырыстарында бұл мәселе талай рет қозғалды. Құрылтайда да күн тәртібіне шықты. Депутат Ерлан Сайыр энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке жолдаған сауалында Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына газ тарту бойынша нақты жоспарды жариялауды сұрады. Айтуынша, газдың жоқтығынан халық солтүстік, шығыс өңірлерден көшіп жатыр. Ерлан Сайыр – Шығыс Қазақстан облысында туған. 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысынан бірмандатты аумақтық сайлау округтерінен мәжіліс депутаты болып сайланған. Бірнеше рет жол сапасы, туризм саласына қатысты өңірлік мәселелерді көтерген.

 

Өңірлерді газдандыру мәселесі Құрылтайда да өзекті болып отыр. Депутат Нұрбақыт Теңізбаев та энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке жолдаған депутаттық сауалында Алматы және Жетісу облыстарындағы газдандыру жобаларын уақтылы іске асыру мәселесін көтерді. Оның сауалында «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистральдық газ құбыры мен Қонаев қаласындағы «Жаңа Іле» автоматтандырылған газ тарату станциясының жобаларына ерекше назар аударылған. Нұрбақыт Теңізбаев та Алматы облысында дүниеге келген. Ол бірнеше жыл Жетісу облысындағы Кеген ауданының әкімі қызметін атқарды. Алғашқы депутаттық сауалында осы өңірлердегі мәселелерді көтеруі бекерден-бекер емес.

 

Бұл мысалдар өңірлік мәселелердің жоғалмағанын көрсетеді. Дегенмен мәселе көтерілгеннен кейін оның шешілуіне кім жауап беретіні, депутаттардың орындалу барысын қалай бақылайтыны және нәтижені жұртшылыққа қалай жеткізетіні де маңызды.

 

Депутаттардың өңір алдындағы жауапкершілігі болуы керек пе?

 

Қоғам қайраткері Ғалым Байтук Құрылтайдағы өңірлік мәселелердің аз көтерілуін тек депутаттық сауалдардың санына қарап бағалауға болмайды деп санайды. Оның пікірінше, мәселенің түпкі себебін депутаттарды жасақтау тәртібінен де іздеу қажет.

 

«Меніңше, мәселе депутаттық сауалдардың аздығында ғана емес, Құрылтайдың қалай жасақталғанында. Билік партиясының тізімдері бұрын да президент әкімшілігінің қатысуымен қалыптасатын. Бірақ «Нұр Отан» мен AMANAT-тың өз аппараты, өңірлерді білетін кадрлары болды. Бұл жолы AMANAT «Әділетке» қосылып, жаңа партиялық құрылым толық қалыптасып үлгермеді. Сондықтан депутаттар тізімін негізінен президент әкімшілігі жасақтады деп ойлаймын», – деді Ғалым Байтук.

 

Сарапшының сөзінше, бұрын депутаттардың нақты өңірлермен байланысы болатын. Құрылтайдағы 145 депутаттың бәрі партиялық тізіммен өтті. Олардың нақты бір облыс алдындағы жауапкершілігі айқын болмаса, өңірлік мәселелер жалпыұлттық күн тәртібінің тасасында қалуы мүмкін.

 

«Бәрі бүкіл халықтың өкілі, бірақ нақты бір облыстың мәселесіне кім жауапты? Депутаттардың өңірлерге жылына бірнеше рет барып қайтуы мәселені шешпейді. Сапардың емес, нәтиженің есебі болуы керек. Алты отырыста өңір мәселесін төрт-бес депутат қана көтерсе, бұл кездейсоқтық емес, жаңа жүйенің әлсіз тұсы болуы мүмкін. Ең үлкен қауіп –  өңірлердің дауысы партиялық тәртіп пен орталықтың мүддесінің тасасында қалуы», – деді қоғам қайраткері.

 

Депутаттың белгілі бір аумақтың мәселесін көтергеннен кейін қандай жұмыс атқарғаны және нақты қандай өзгеріске қол жеткізгені бағалануы керек.

 

«Сондықтан әр депутаттың нақты өңір алдындағы жауапкершілігі болуы тиіс. Әйтпесе, Құрылтай халықтың өкілдік органынан орталықтың шешімдерін мақұлдайтын органға айналып кетуі мүмкін», – деді Ғалым Байтук.

 

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев мәселені бағалауда асықпау қажет деп есептейді. Оның айтуынша, Құрылтайдың жұмыс істей бастағанына аз уақыт өтті, сондықтан алғашқы апталардағы депутаттық сауалдардың мазмұнына қарап, өңірлердің мүддесі жеткілікті қорғалмайды деген түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте.

 

«Партиялық тізімдерде өңірлердің бейресми өкілдігі бар. Мысал ретінде, «Әділет» партиясының ішінде бүкіл облыстардан келген депутаттар бар. Олар жұмыс топтарында, комитеттерде, тіпті пленарлық отырыста да өз өңірлерінің мәселесін көтереді деп ойлаймын. 2022 жылы бірмандатты округтер жүйесін қолдадым және бұл маңызды механизм сақталуы керек деп ойлаймын. Қазір бейресми квоталар бар. Депутаттар өз жұмысын істеп жатыр деп», – дейді сарапшы.

 

Оның пайымдауынша, өңірлік проблемаларды талқылауда мәслихаттардың да рөлі маңызды. Өйткені олар жергілікті деңгейдегі мәселелерді тікелей көтеруге тиіс.

 

Депутаттар өңірлерге баруға міндетті ме?

 

Құрылтай депутаттарының өңірлермен байланысын қамтамасыз етуге арналған ресми механизмдер бар. Құрылтай регламентіне сәйкес, депутаттарға сайлаушылармен кездесу үшін Қазақстанның өңірлері мен елді мекендеріне сапарға шығуға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай сапарлар Құрылтай бюросының шешімімен сессия кезінде кемінде екі рет жүзеге асырылуы керек.

 

Алайда өңірге бару мен өңірдің мәселесін жүйелі түрде шешуге ықпал етудің екі бөлек нәрсе екенін түсіну керек. Сайлаушылармен кездесу кезінде түскен өтініштерді жинау, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жолдау, жауап алу және нәтижесін бақылау маңызды.

 

Мысалы, депутат белгілі бір ауданның жол мәселесін көтерді делік. Ол ауданға барып, тұрғындармен кездесуі мүмкін. Бірақ жолдың жөнделген-жөнделмегенін, қаржы бөлінгенін немесе жобаның не себепті кешігіп жатқанын бақыламаса, сапардың нақты нәтижесін бағалау қиын.

 

Сондықтан депутаттардың өңірлерге сапарының тиімділігін тек өткізілген кездесулер саны арқылы емес, көтерілген мәселелердің шешілу деңгейімен өлшеген жөн. Бұл жерде депутаттың жеке белсенділігімен қатар, партияның ішкі жұмыс тәртібі мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігі де маңызды.

 

Депутаттардың жұмысы қалай бағалануы керек?

 

Құрылтайдың алғашқы жұмысына жасалған шолу бірнеше мәселені күн тәртібіне шығарады.

 

Біріншіден, депутаттық сауалдардың мазмұнын жүйелі түрде талдау қажет. Қанша сауал республикалық мәселелерге, қаншасы нақты облыстар мен аудандардың проблемаларына арналғанын анықтау депутаттардың басымдықтарын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл ретте сауалдардың санын ғана емес, олардың мазмұны мен нәтижесін де ескеру керек.

 

Екіншіден, депутаттардың өңірлермен байланысы ашық болуы маңызды. Әр депутаттың сайлаушылармен кездесулері, өңірлерден түскен өтініштер бойынша атқарған жұмысы және көтерген мәселелерінің шешілу барысы туралы ақпарат жарияланса, оның жауапкершілігін бағалау жеңілдейді.

Үшіншіден, партиялық тізіммен сайланған депутаттардың жергілікті мәселелерді көтеру тетігін нақтылау қажет. Бұл міндетті түрде бұрынғы бірмандатты округтер жүйесіне қайта оралу дегенді білдірмейді. Бірақ депутаттардың белгілі бір өңірмен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін тәсілдер болуы керек.

 

Төртіншіден, жергілікті өкілді органдармен байланысқа назар аудару қажет. мәслихаттар жергілікті мәселелерді анықтап, Құрылтай депутаттарымен бірлесіп олардың республикалық деңгейде шешілуіне ықпал ете алады. Мұндай байланыс өңірлік мәселелердің орталық деңгейде қаралуына мүмкіндік береді.

 

Мәселе сауал санында ғана емес. Құрылтай жұмысын бастағалы өңірлік проблемалар мүлде көтерілмеді деуге болмайды. Алайда алғашқы кезеңде жергілікті мәселелерге арналған депутаттық сауалдардың аз болуы өңірлік өкілдіктің тиімділігі туралы сұрақ туғызады.

 

Бір палаталы жүйе заң шығару процесін бір орталыққа шоғырландырғанымен, ол әр өңірдің мүддесін ескеруге кедергі болмауы керек. Мұның нәтижесі депутаттардың партиялық тізіммен сайланғанына ғана емес, олардың сайлаушылармен байланысына, көтерілген мәселелерді бақылауына және мемлекеттік органдардан нақты жауап талап етуіне байланысты.

 

Ғалым Байтук айтқандай, өңірлердің дауысы орталықтың мүддесінің тасасында қалмауы керек. Ал Ғазиз Әбішев атап өткендей, жаңа органның жұмысын бағалау үшін уақыт қажет. Тоқетері: Құрылтайдың өңірлер алдындағы жауапкершілігін депутаттық сауалдардың санымен емес, сол сауалдардың нәтижесімен бағалау қажет.