Қазақстандықтар бензин сапасының нашарлауынан 600 мың теңгеге дейін шығынға батқанына шағымданды: оны өндіріп алуға бола ма?
Жарияланған күні:
Фото: Бензин
Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов Қазақстанда АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасы нашарлауынан қазақстандықтар көліктері бұзылатынын айтып шағымданғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көліктерінің дұрыс жұмыс істемей, қымбат бөлшектерінің істен шығатынын жиі айта бастаған.
Депутаттың айтуынша, азаматтар жанармай құйғаннан кейін инжекторлар, оталдыру шамдары, катализаторлар және басқа да бөлшектердің бұзылатынын айтып жүр. Мұндай жағдайда көлікті жөндеуге 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін қаражат жұмсауға тура келеді.
«Азаматтар АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин құйғаннан кейін көліктерінің жұмысы нашарлағанын, қымбат бөлшектерінің істен шыққанын айтып шағымданады», – деді Асхат Рахымжанов.
Депутат техникалық реттеу және метрология комитетінің деректеріне де назар аударды. Оның айтуынша, 2026 жылы жүргізілген бақылау сатып алулары кезінде жанармай сапасына қатысты заңбұзушылықтар анықталған. Алматыда АИ-100 маркасымен сатылған жанармай құрамындағы күкірт мөлшері белгіленген шектен үш еседен астам жоғары болған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 ретінде АИ-92 маркалы бензин сатылғаны анықталған.
Рахымжанов жанармай сапасы мұнай өңдеу зауытынан шыққаннан кейін де нашарлауы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, тасымалдау, сақтау, бір ыдыстан екіншісіне құю және сату кезеңдерінде жанармайдың сапасы өзгеруі ықтимал.
Депутат қолданыстағы заңнамада талапқа сай келмейтін мұнай өнімдерін айналымға шығарғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын айтты. Алайда жанармай сапасының нақты қай кезеңде нашарлағанын анықтау қиын. Соның салдарынан көлігіне зақым келген азаматтарға жанармай мен ақаудың арасындағы байланысты дәлелдеу ауыртпалығы түседі.
Осыған байланысты Асхат Рахымжанов Үкіметке жанармай сапасын бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, жанармай құю станциялары мен қоймаларда күтпеген тексерулер жүргізіп, сынамалар алып, зертханалық талдаулар жасауды сұрады.
Сонымен қатар депутат жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап жанармай құю станциясына дейін цифрлық бақылау жүйесін енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, QR-код арқылы тұтынушылар жанармайдың шығу тегі мен зертханалық тексеру нәтижелері туралы ақпарат ала алуы керек.
Рахымжанов сапасыз жанармайдың жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, заң талаптарының орындалуын талдау және талапқа сай келмейтін өнімді сатылымнан міндетті түрде алып тастау қажеттігін де айтты.
Бұдан бөлек, депутат тексеру нәтижелері, анықталған заңбұзушылықтар мен қабылданған шаралар туралы ақпарат жарияланатын ашық мемлекеттік тізілім құруды ұсынды. Ол сапасыз жанармайдан көлігіне зиян келген азаматтарға өтемақы төлеу тетігін де қарастыру қажет деп санайды.
«Жанармай сапасына кепілдік тек мұнай өңдеу зауытынан шыққан кезде ғана емес, әр жүргізушінің көлігіне құйылған сәтте де берілуі керек», – деп түйіндеді депутат.
Бектенов сапасыз бензинге қатысты депутат сауалына жауап берді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы бензин сапасына қатысты депутат Асхат Рахымжановтың сауалына жауап берді. Үкімет басшысының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жанармай құю станцияларында 76 бақылау шарасы жүргізіліп, зертханаға 78 бензин сынамасы жіберілген. Нәтижесінде үш өңірде жанармайдың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған.
«2026 жылдың басынан бері Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жанармай құю станцияларында 76 бақылау шарасын жүргізді. Оның ішінде жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алу бар. Зертханалық зерттеу нәтижесінде Алматы қаласында, Қызылорда облысында және Жетісу облысында үш жағдайда бензиннің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні расталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды», – делінген Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында.
Бензин сапасы зауыттан жанармай құю станциясына дейін тексеріледі
Үкімет басшысының жауабында солтүстік өңірлер тұрғындарының шағымдарына байланысты ведомствоаралық комиссия құрылғаны айтылған. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, KAZENERGY қауымдастығының және зертханалардың өкілдері кірген. Олар жанармайдың сапасын өндіруден бастап тұтынушыға сатылғанға дейінгі барлық кезеңде тексеріп жатыр.
«Солтүстік өңірлердің тұтынушыларынан түскен өтініштерді ескере отырып, ведомствоаралық комиссия құрылды. Қазір мұнай өнімдерін өндіру мен сату тізбегіндегі барлық кезең бойынша тексерулер жүргізілуде. Комиссия бензин өндіруден бастап оны соңғы тұтынушыға беруге дейінгі технологиялық және логистикалық процестерге аудит жасайды. Оның қорытындысы бойынша жанармай сапасын бақылауды күшейту жөнінде қажетті шаралар әзірленеді», – делінген жауапта.
Үкімет мәліметінше, 25 тамызда Павлодар мұнай-химия зауытында да тексеру жүргізілген. Зауыттан алынған бензин сынамалары зертханалық талдаудан өтіп, белгіленген талаптарға сәйкес келген. Дегенмен жанармай сапасы тасымалдау, сақтау және сату кезінде де өзгеруі мүмкін болғандықтан, комиссия бүкіл жеткізу тізбегін тексеріп жатыр.
Жанармайға QR-код енгізу мәселесі қарастырылып жатыр
Үкімет бензиннің әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю станциясына дейін бақылау жүйесін енгізу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Бұл тұтынушыларға жанармайдың қайдан келгенін және оның зертханалық тексеру нәтижелерін білуге мүмкіндік беруі мүмкін.
«Қазір мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымын есепке алатын жүйе жұмыс істейді. Онда өндірілген, жөнелтілген және сатылған жанармай көлемі, сондай-ақ оның қалдықтары туралы мәліметтер жинақталады. Бұған қоса, әр партияның өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю станциясына дейінгі қозғалысын бақылау, отынның шығу тегі мен зертханалық тексеру нәтижелері туралы ақпаратты QR-код арқылы көрсету мәселесі пысықталып жатыр», – деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Бұл жүйені енгізу үшін жанармайды сақтау, араластыру және бір жерден екінші жерге тасымалдау кезінде әр партияны қалай тіркеу керектігі анықталуы керек. Сондай-ақ, ақпараттың дұрыстығына кім жауап беретіні және деректердің қолданыстағы мемлекеттік жүйелермен қалай біріктірілетіні нақтыланбақ.
Сапасыз бензин көлікке зиян келтірсе, өтемақы талап етуге болады
Олжас Бектеновтің жауабында сапасыз жанармайдан көлігіне зиян келген азаматтардың өтемақы талап етуге құқығы бар екені де айтылған. Бұл құқық «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда және Азаматтық кодексте қарастырылған.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, тауардың кемшілігі салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе, сатушы оны өтеуге міндетті. Ал Азаматтық кодекске сәйкес, тауардың кемшілігінен келтірілген зиян сатушының немесе өндірушінің кінәсіне қарамастан өтелуге тиіс. Сондықтан, көлігіне сапасыз жанармайдан зиян келген тұтынушы өтемақыны сатушыдан немесе өндірушіден талап ете алады», – делінген ресми жауапта.
Үкіметтің түсіндіруінше, жанармай сапасының жеткізу тізбегінің қай кезеңінде нашарлағанын арнайы тексерулер арқылы анықтау қажет. Бұл тұтынушының келтірілген зиянды өтеу туралы талабын орындауға негіз болады.
Үкімет жанармай сапасын бақылауды күшейту, талапқа сай келмейтін өнімнің сатылуына жол бермеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.
Сапасыз бензин көлікті бұзса, жүргізуші шығынын қалай өндіріп ала алады?
Қазақстандық жүргізушілер сапасыз бензин салдарынан көлігіне келген шығынды жанармай құю бекетінен өндіріп алуды талап ете алады. Алайда, ол үшін көліктің бұзылғанын ғана емес, ақауға дәл сол жанармай себеп болғанын да дәлелдеу қажет. Бұл туралы экономист Бауыржан Ысқақов айтты.
Сарапшының пікірінше, мәселе тұтынушылардың құқығын қорғаумен қатар, жанармай сапасын бақылауға да қатысты. Тұтынушы жанармай құю бекетіне ақша төлеген кезде белгіленген стандарттарға сай өнім алуға тиіс.
«Егер өнім сапасыз болып, көлікке зиян келсе, тұтынушының шығынын өтеуді талап етуге негіз бар. Алайда, көліктің бұзылуы автоматты түрде жанармай бекетінің кінәсін білдірмейді. Ақауға басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Сондықтан, мәселені техникалық және заңдық тұрғыдан дәлелдеу маңызды», – деді экономист.
Шығынды өндіріп алу үшін қандай дәлелдер керек?
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, ең алдымен жанармай сатып алғанын растайтын құжаттарды сақтау қажет. Оған кассалық чек, банк төлемі туралы мәлімет, жанармай құю бекетінің атауы, бензин маркасы, құйылған күні мен көлемі жатады.
«Чек жоқ болса, төлем көлемі мен жанармай құю бекетіне қатысты басқа деректер де көмектесуі мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Екінші кезекте көліктегі ақауды ресми тіркету керек. Ол үшін сервистік орталықтан диагностика қорытындысын, ақау актісін, жөндеу сметасын, шот-фактуралар мен төлем түбіртектерін алу қажет.
«Қандай бөлшектің істен шыққаны және оның себебі нақты көрсетілгені маңызды», – деді экономист.
Үшінші қадам – жанармай сапасын зерттеу. Мүмкіндік болса, көлік багындағы отыннан және жанармай құю бекетіндегі тиісті партиядан сынама алуды сұраған жөн. Сынаманың алынуы, сақталуы және зертханаға жеткізілуі құжатпен рәсімделуі керек.
«Қажет болса, мемлекеттік органнан ресми тексеру жүргізуді сұрауға болады», – дейді Бауыржан Ысқақов.
Сонымен қатар, көлікті жөндеуге, диагностикаға, эвакуатор қызметіне және басқа да тікелей шығындарға қатысты құжаттарды сақтау қажет. Қосымша шығындарды өтеу мәселесі олардың қажеттілігі мен келтірілген зиянға қатысы дәлелденген жағдайда қаралуы мүмкін.
Экономист көлікті жөндеуге асықпай, алдымен ақауды тіркетіп, жанармайдан сынама алу мүмкіндігін қарастыруға кеңес береді.
«Егер жөндеу шұғыл қажет болса, барлық кезеңді фото-видеоға түсіріп, алынған бөлшектер мен жанармай үлгісін сақтаған дұрыс», – деді ол.
Сапасыз бензинге қатысты қайда шағымдануға болады?
Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, алдымен жанармай құю бекетіне жазбаша наразылық беру керек. Өтініште жанармай сатып алынған күн, оның маркасы мен көлемі, көлікте пайда болған ақау және талап етілетін өтем сомасы көрсетілуі тиіс.
«Жанармай құю бекетіне қандай бензин сатып алғаныңызды, көлікте қандай ақау пайда болғанын және жөндеу шығындарының қанша екенін көрсетіп, тиісті құжаттарды тіркеу қажет», – деп түсіндірді экономист.
Егер мәселе шешілмесе, тұтынушы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне e-Otinish жүйесі арқылы өтініш бере алады. Сондай-ақ жанармайдың белгіленген стандарттарға сәйкестігін тексеру мәселесін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық департаментіне жолдауға болады.
Жанармай бекеті шығынды өтеуден бас тартқан жағдайда, тұтынушы сотқа жүгініп, жөндеу құнын және құжатпен расталған басқа да шығындарды өтеуді талап ете алады. Бірақ ол үшін сапасыз жанармай мен көліктің бұзылуы арасындағы себептік байланысты дәлелдеу маңызды.
Экономист жанармай сапасына қатысты дауларда дәлелдердің жеткіліксіздігі талаптың қанағаттандырылмауына себеп болуы мүмкін екенін ескертті.
Жанармай бекетіне берілетін шағымда не жазылуы керек?
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, шағымда жанармай құю бекетінің атауы, бензиннің маркасы, сатып алынған күні мен көлемі, көлікте пайда болған ақау және жөндеу шығындары көрсетілуі керек.
«Жанармайдың сапасына тексеру жүргізуді, тиісті партияның сапа құжаттарын ұсынуды, отыннан белгіленген тәртіппен сынама алуға және зертханалық тексеруге жәрдемдесуді сұрауға болады. Егер сапасыз жанармай мен көліктің бұзылуы арасындағы себептік байланыс расталса, құжатпен дәлелденген шығынды өтеуді талап етуге болады», – деді экономист.
Оның пікірінше, жүргізушілер үш нәрсеге ерекше мән беруі керек: жанармай сатып алғанын растайтын құжатты сақтау, көліктегі ақауды ресми тіркету және жанармай сынамасын уақытында алуды ұйымдастыру.
«Егер осы әрекеттер бірден орындалса, азаматтың өз құқығын қорғау мүмкіндігі артады», – деп түйіндеді Бауыржан Ысқақов.