Халық Кеңесі қандай құрылым және Құрылтайдан қандай айырмашылығы бар?
Жарияланған күні:
Фото. Халық Кеңесі
Қазақстанда Халық Кеңесі құрылып, оған қоғамдық келісімді нығайту, халықтың мүддесін білдіру және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді. 2026 жылғы 5 маусымда «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң қабылданып, Халық Кеңесінің қызметі тек саяси бастама немесе тұжырымдама деңгейінде қалмай, заңмен реттелетін институтқа айналды. Алайда жаңа органның қалай жұмыс істейтіні, қызметін кім қадағалайтыны және кімге есеп беретіні туралы сұрақтар туындады.
Халық Кеңесі қандай қызмет атқарады?
Конституцияның 60-бабына сәйкес, Халық Кеңесі заң шығаруға бастама жасай алады.
Жаңа Конституцияда аталған орган туралы жекелеген екі бап бар. 70-бапқа сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның құқықтық мәртебесі Парламенттің, яғни жаңа жүйедегі Құрылтайдың мәртебесінен өзгеше.
Конституцияның 71-бабында Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі айқын көрсетілген:
1. мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;
2. Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;
3. жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;
4. конституциялық заңға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі және қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға консультативтік тұрғыдан қатысу арқылы Қазақстан халқының мемлекеттік басқару саласындағы мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету.
Қазақстан Халық Кеңесі қандай өкілеттіктерге ие?
Халық Кеңесінің негізгі міндеті – азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың және түрлі әлеуметтік топтардың пікірін жинақтап, оны мемлекеттік саясатқа қатысты ұсыныстар мен бастамаларға айналдыру. Кеңес қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, елдің ішкі саясатының басымдықтары және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелерімен айналысады.
Қазақстан Халық Кеңесі:
- мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлейді;
- Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;
- жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;
- мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
- мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам институттары арасындағы жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету үшін қоғамдық алаңдарды, консультациялар мен тыңдауларды, семинарларды, конференцияларды, сондай-ақ өзге де іс-шараларды ұйымдастырады;
- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдар ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
- мемлекеттің ішкі саясатының мәселелері, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысады;
- Қазақстан Халық Кеңесінің мақсатымен және міндеттерімен байланысты мәселелер бойынша қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін нысандарда жүзеге асырады.
Халық Кеңесі қалай шешім қабылдайды?
Халық Кеңесінің құрамын Президент бекітеді және құрылымын Халық Кеңесінің Сессиясы мен Қазақстан Халық Кеңесінің Төралқасы құрайды.
Тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын, сондай-ақ өзге де консультативтік-кеңесші органдар құруға құқылы.
Кеңес мүшелері жылына кемінде бір рет Қазақстан Халық Кеңесінің Сессиясына жиналады. Сессия отырысында Құрылтайға заң жобаларын енгізу туралы шешімдер қабылданады, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді, ұсыныстар айтады. Сессия отырыстарына Кеңеске мүше емес лауазымды және өзге де адамдар, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері шақырылуы мүмкін.
Кеңес Сессиясынан бөлек Төралқа жұмыс істейді. Төралқа – этномәдени, қоғамдық бірлестіктерден және өзге де коммерциялық емес ұйымдардан, астананың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен тең дәрежеде өкілдік ететін мүшелерінің арасынан Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы қалыптастыратын алқалы орган. Төралқа отырысы кемінде жарты жылда бір рет өтеді.
Төралқаның өкілеттігіне заң жобаларын әзірлеу туралы шешімдер қабылдау, кезекті Сессияны шақыру және оның күн тәртібі туралы ұсыныстар енгізу, Кеңестің жұмыс жоспарына ұсыныстар тұжырымдау, тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру туралы ұсыныстар енгізу, сондай-ақ олар туралы ережелерді бекіту, Кеңес мүшесінің өкілеттігін тоқтату жөнінде ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдау кіреді.
Құрылтайға заң жобасын ұсыну үшін Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісінің қолдауы талап етіледі. Ал референдум өткізу туралы бастама көтеру үшін Халық Кеңесі құрамының төрттен үшінен кем емес бөлігінің келісімі қажет.
Сондай-ақ, Халық Кеңесінің Хатшылығы жұмыс істейді. Бұл – Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Оны Хатшылық басшысы басқарады, ол бір мезгілде Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары болады және лауазымға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі емес адамдар арасынан төрт жыл мерзімге тағайындалады. Халық Кеңесі жоғары конституциялық консультативтік орган болса, ал оның Хатшылығы – мемлекеттік орган. Хатшылық Кеңестің ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, кадрлық және ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз етеді.
Кеңес мүшелері қалай жасақталады?
Кеңеске азаматтық қоғам мен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының ұсынымдары ескеріле отырып, барлығы 126 адам кіреді:
· этномәдени бірлестіктерден – 42 адам;
· қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан – 42 адам;
· астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарынан және қоғамдық кеңестерінен – 42 адам.
Кеңестік құрамына қатысты ұсыныстарды Халық Кеңесінің Хатшылығы әзірлейді. Ал Кеңестің құрамын мемлекет басшысы бекітеді. Президент Хатшылықты құрып, оның басшысын да тағайындайды. Сондықтан Кеңес құрамы бекітіліп, төрағасы сайланбас бұрын 2026 жылғы 8 шілдеде Қанатбек Жайсанбаев Мемлекет басшысының жарылғымен Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы қызметіне кіріскен болатын.
Кеңес мүшелері жалпыұлттық сайлауда тікелей сайланбайды. Заң белгілі бір топтар мен институттарға өкілдік беруді көздегенімен, құрамды бекіту жөніндегі соңғы шешім Президенттің құзыретінде қалады.
Бұл модельдің артықшылығы ретінде әртүрлі қоғамдық топтардың мүддесін бір алаңда тоғыстыру мүмкіндігін атауға болады.
Халық Кеңесіне қызмет тәжірибесі кемінде үш жыл 18 жасқа толған Қазақстан азаматы мүше бола алады. Өкілеттілік мерзімі төрт жылды құрайды.
Кеңес мүшесі ұсыныстар енгізеді, комитет, комиссия және жұмыс топтарының жұмысына, Кеңес ұйымдастырған конференцияға, дөңгелек үстелдерге және өзге де іс-шараларға қатысады.
Қыркүйекте Халық Кеңесінің құрамына кімдер кіргені белгілі болды. Олардың арасында қоғамдық ұйым жетекшілері, этномәдени бірлестік өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ғалымдар, журналистер, кәсіпкерлер, кәсіподақ қайраткерлері мен спортшылар бар.
Атап айтқанда, Кеңес құрамына «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, қоғам қайраткерлері және бұрынғы Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Ермұрат Бапи, Нұртай Сабильянов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, бұрынғы Парламент Сенатының депутаттары Ләззат Қалтаева, Нұртөре Жүсіп, Геннадий Шиповских енді. Сондай-ақ тізімде Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, жазушы-драматург Роза Мұқанова да бар.
Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам екі реттен артық төраға болып сайлана алмайды. Төраға Кеңеске басшылық жасайды, Сессия шақырады, құжаттарды бекітеді және оларды іске асыру жөнінде тапсырмалар береді, Сессия мен Төралқа отырыстарында төрағалық етеді, Сессияның күн тәртібін айқындап, Қазақстан Халық Кеңесінің Регламентін бекітеді, Кеңес атынан үндеулер мен мәлімдемелер жасайды.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Халық Кеңесінің мүшелері Қошановты жаңа органның жетекшісі етіп сайлады. Дмитрий Останькович пен Ләззат Шыңғысбаева төрағаның орынбасарлары болып тағайындалды. Төраға орынбасарлары екі жыл мерзімге тағайындалады.
Халық Кеңесінде үш тұрақты комитет құрылды: қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік, қоғамдық бастамаларды дамыту, өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару.
Құрылтайдан қандай айырмасы бар және басқа органдармен қалай жұмыс істейді?
Халық Кеңесі Үкіметтің немесе заң қабылдайтын Құрылтайдың орнын баса алмайды. Ол заң шығарушы орган емес. Халық кеңесі заң қабылдамайды және Мәжілісті алмастырмайды. Оның рөлі – қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы диалогты қамтамасыз етіп, қоғамдық пікірді саяси шешімдер қабылдау сатысына жеткізу.
Бірақ Кеңестің ықпалы тек кеңес берумен шектеледі деуге келмейді. Конституциялық заң бұл органға Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығын да береді. Сондықтан Халық Кеңесі – тек пікір алмасу алаңы емес, заңмен белгіленген нақты саяси-құқықтық өкілеттіктері бар орган.
Халық Кеңесіне заң қабылдау функциясы берілмесе де, заң жобаларын Құрылтайға енгізе алады. Бұл – оның маңызды өкілеттіктерінің бірі. Дегенмен заң жобасын енгізу мен оны қабылдау екі бөлек нәрсе екенін ескерген жөн. Заң жобалары міндетті түрде Кеңестің тұрақты және уақытша комитеттерінде, салалық комиссияларында және жұмыс топтарында да алдын ала талқыланады. Ал оны Құрылтайға енгізу туралы шешім Кеңес Сессиясында қабылданады.
Халық Кеңесі мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру кезінде қоғамның мүддесін білдіру үшін Құрылтаймен және мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, өзге де коммерциялық ұйымдармен және азаматтармен бірлесіп жұмыс істейді.
Құрылтаймен өзара іс-қимыл аясында Кеңес заң жобаларын енгізіп, тыңдаулар мен комитет отырыстарына қатысады, сондай-ақ қоғамдық талқылаулардың қорытындысы бойынша ұсыныстар жолдайды.
Ал орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен жұмыс істеу кезінде Кеңес ақпарат пен талдамалық материалдар сұратып, бірлескен жұмыс топтары мен комиссияларға олардың өкілдерін тарта алады.
Осылайша, Халық Кеңесі қоғамның ұсыныстарын мемлекеттік органдарға жеткізіп, оларды заңнамалық бастамалар мен мемлекеттік саясатта ескеруге ықпал ететін байланыстырушы алаң қызметін атқарады.
Кеңес қызметі өңірлерде жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асырылады.
Халық кеңесі Ассамблеяның жаңартылған нұсқасы ма?
1995 жылдан бері қызмет атқарған Қазақстан халқы Ассамблеясы 2026 жылғы 1 шілдеде ресми түрде таратылды. Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған қызметі жаңадан құрылған Қазақстан халық Кеңесіне өтті. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң қолданысқа енген соң «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң күшін жойды.
Халық Кеңесін Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңартылған нұсқасы деп қарастыруға негіз болғанымен, екі институттың құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері әртүрлі. Себебі Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатқа ықпал етті. Ал Халық кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның қызмет аясы этносаралық қатынастармен шектелмейді: ішкі саясат мәселелерін көтеруге, Құрылтайға заң жобаларын ұсынуға, республикалық референдум өткізу бастамасын көтеруге және қоғамдық бақылауға қатысуға құқылы.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры, профессор Наталья Калашникованың сөзінше, Қазақстанда 957 этномәдени бірлестік қоғамдық өмірге белсене араласып келеді, ал олардың өкілдері Қазақстан Халық Кеңесі мен өңірлік қоғамдық кеңестердің құрамына енді. Мұндай өкілдік мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі маңызды мәселелерді талқылау кезінде этникалық қауымдастықтардың мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.
«Халық Кеңесі ел мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган мәртебесін алды. Оның құрамына этномәдени бірлестіктерден, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес сектордан, сондай-ақ мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден 126 адам енді. Мұндай құрам этникалық қауымдастықтардың, азаматтық қоғам мен өңірлердің мүддесін тоғыстырады. Жергілікті деңгейде этномәдени бірлестіктердің қатысуы өңірлік қоғамдық кеңестерде бекітілген. Бұл этникалық қауымдастықтарға өз өңірін дамыту мәселелерін талқылауға қатысып, ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді», – деді Наталья Калашникова.
Екі органның да қоғамдық келісімді нығайтуға қатысы бар, әрі екеуі де сессиялық тәртіппен жұмыс істеген. Алайда Халық кеңесінің конституциялық мәртебесі мен өкілеттіктері кеңірек. Ол мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғаммен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Халық Кеңесін кім бақылайды және ол кімге есеп береді?
Халық Кеңесінің өкілеттіктері оның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылынан ғана емес, өз қызметі үшін кімнің алдында жауап беретініне қатысты сұрақтардан да көрінеді. Конституциялық заң Кеңеске Құрылтайға заң жобаларын енгізу, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру, мемлекеттік органдарға ұсынымдар беру және қоғамдық бақылау жүргізу құқығын береді. Алайда бұл өкілеттіктермен қатар Кеңестің қызмет нәтижелері туралы халыққа есеп беру механизмі қарастырылған ба деген сұрақ туындайды.
Конституциялық заңда Халық Кеңесінің Президентпен, Құрылтаймен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы егжей-тегжейлі белгіленген. Президент Кеңестің құрамын бекітіп, Хатшылығын құрады және оның басшысын тағайындайды. Құрылтайға заң жобаларын енгізу, тыңдаулар мен комитеттердің жұмысына қатысу, қоғамдық талқылаулардың қорытындысы бойынша ұсынымдар жолдау арқылы жүзеге асады. Ал мемлекеттік органдар Кеңеспен ақпарат алмасып, оның ұсынымдарын қарауға тиіс. Дегенмен осы байланыстардың болуы өздігінен Халық Кеңесінің Президентке немесе Құрылтайға тікелей есеп беретін орган екенін білдірмейді.
Кеңестің Сессиясы мен Төралқасы ішкі жұмысты ұйымдастырады, комитеттер мен жұмыс топтарының қызметі тыңдалуы мүмкін, ал Кеңес мүшелеріне қатысты әдеп нормасы бар. Хатшылықтың да ұйымдастырушылық және әкімшілік міндеттері бар. Бірақ бұл механизмдер Кеңестің қоғам мүддесін қаншалықты білдіргенін, қандай ұсыныстар көтергенін және олардың нақты нәтижесі қандай болғанын халыққа тұрақты түрде есеп беру мәселесін толық алмастырмайды.
«Кеңес мүшелері мемлекеттен жалақы алмайды, ешкімге тәуелді емес. Бұл лауазымға арнайы кабинет, қызметтік көлік немесе айлық көзделмеген. Адам өзінің негізгі қызметін атқара жүріп, қоғамда қандай да бір мәселе талқыланып жатқанын көрсе, оны билік өкілдерінің назарына жеткізе алады. Бұл жерде мәселені ортаға салу емес, ең бастысы – оны шешудің жолдарын ұсыну және орын алуы мүмкін тәуекелдерді саралап көрсету маңызды», – деді Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.
Десе де заңда Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін жүзеге асыруға республикалық бюджет қаржысы жұмсалатыны жазылған
.
Әдеп жөніндегі комиссия тұрақты жұмыс істейтін орган ретінде Халық Кеңесі мүшелерінің әдеп нормаларын сақтауын және өз міндеттерін орындауын бақылауға бағытталған. Кеңес мүшелері Сессия мен Төралқа шешімдерін орындауға міндетті. Әдеп нормалары мен міндеттерін бұзған мүшеге қатысты Әдеп жөніндегі комиссия қорытынды жасап, оның өкілеттігін тоқтату мәселесі көтерілуі мүмкін.
Заңда Халық Кеңесі Сессиясының шешімдеріндегі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға бағытталған ұсынымдар мен ұсыныстардың міндетті түрде қаралуға тиіс екені белгіленген. Алайда мемлекеттік орган ұсынысты қолдауы да, қолдамауы да мүмкін. Сондықтан Кеңестің ықпалын бағалағанда тек қанша ұсыныс жолданғанын емес, олардың қалай қаралғанын, қандай шешім қабылданғанын және ұсыныс орындалмаса, оның себебі қаншалық негізделгенін де ескеру керек.
Кеңес отырыстарының күн тәртібі мен қабылданған ұсынымдарын жариялау қоғамға оның жұмысы туралы мәлімет береді. Бірақ бұл есептің орнын баспайды. Мәселен, бір жылда қанша ұсыныс түскені, олардың қаншасы қаралғаны, қаншасы мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқаны және қаншасы нақты шешімге айналғаны туралы деректер Кеңестің тиімділігін бағалай алады.
Сондықтан Халық Кеңесінің есептілігі туралы мәселені оның ешкімге бағынбайтыны немесе мүлде бақыланбайтыны деп біржақты түсіндіруге болмайды. Заңда ішкі басқару, этик жөніндегі комиссия, ақпараттық ашықтық және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктері бар. Алайда Кеңестің қоғам алдындағы нәтижелік есебін кім қабылдайтыны және оның қандай көрсеткіштер бойынша жүргізілетіні бөлек қарастыруды қажет етеді.
Халық Кеңесі халықтың үні бола ала ма?
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков «кеңес» ұғымы қазақ қоғамы үшін таңсық емес екенін, дәстүрлі қазақ қоғамында елдік мәселені таразылаудің, қоғамдық құрылымдағы өзекті деген сауалды ақылдасып шешудің, ел тағдыры талқыға түскен сындарлы сәтте ой тоғыстырып, сөзге тоқтаудың дәстүрлі мәдениеті ежелден бар екенін айтып отыр. Билер кеңесі, ақсақалдар алқасы, елдік мәселені ортақ мүддеге орайластыра шешетін құрылтайлар қоғамдық келісім мен мызғымас бірліктің тарихи үлгілері бола білді. Алайда Қазақстан Халық Кеңесін сол дәстүрлі институттардың тура көшірмесі деуге болмайды. Қазіргі Кеңес – Конституция мен Конституциялық заң негізінде жұмыс істейтін заманауи мемлекеттік институт.
«Тарихта елдің саяси жүйесінде жасалған әрбір өзгерістің салмағы әрқалай болады. Бірі – уақытша қажеттіліктен туындайтын шешім, енді бірі – қоғамның даму бағытын өзгертетін бетбұрыс. Ал кейбір бастамалар мемлекеттің саяси мәдениетіне жаңа өлшем енгізіп, билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа тетігін қалыптастырады. Қазақстан Халық Кеңесінің дүниеге келуі – осындай тарихи кезеңнің бірі. Халық Кеңесінің басты мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға консультативтік тұрғыда қатысу арқылы халықтың талап-тілегіне ресми биліктің назарын аударту. Демек, Халық Кеңесін кезекті бір қоғамдық ұйым немесе пікір алмасу алаңы ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оның конституциялық мәртебесі, заңмен бекітілген міндеттері, нақты өкілеттіктері бар. Ең бастысы – оның алдында қоғамның сан алуан пікірін бір арнаға тоғыстыру секілді тарихи міндет тұр», – деді Бекзат Алтынбеков.
Ол Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің функцияларын қайталатын құрылымдар емес екенін, заңда оның өзге мемлекеттік институттармен өзара іс-қимылы мен құзыреті нақты ажыратылғанын атап өтті.
«Билік пен қоғамның арақатынасы қай заманда да мемлекеттің тұрақтылығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болған. Қоғамда қордаланған мәселе билікке жетпесе, билік қабылдаған шешім халықтың шынайы сұранысынан алшақтап кетуі мүмкін. Ал азаматтардың пікірі ескеріліп, түрлі көзқарас ашық талқыланатын орта қалыптасса, мемлекет пен қоғам арасындағы сенім де нығая түседі. Осы тұрғыдан келгенде, Халық Кеңесінің басты тарихи миссиясының бірі – халықтың үнін мемлекеттік саясат қалыптастыру үдерісіне жүйелі түрде жеткізу. Сондықтан Халық Кеңесінің тарихи маңызын оның қабылдайтын құжаттарының санымен ғана емес, қоғамдағы түрлі көзқарастардың қаншалықты ашық әрі өркениетті түрде тоғыса алатынымен де өлшеуге болады», – деді Кеңес мүшесі.
Халық Кеңесі қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға қоғамдық ұйымдарды, ғылыми және сарапшылар қауымдастығын, кәсіподақтар мен жекелеген азаматтарды тарта алады. Бұдан бөлек, азаматтар мен ұйымдар Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өз ұсыныстарын, бастамалары мен өтініштерін жолдауға құқылы.
Халық Кеңесінің Сессиясынан кейін Төралқа отырысында тұрақты комитеттер мен Әдеп комиссиясының құрамын бекітті. Ал арада бірнеше күн өткен соң Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Комитеттердің ішінде салалық комиссиялар жұмыс істейді.