Қазақстандықтар жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға кезекті 6 айға дейін күтетінін айтып шағымданды: енді не өзгереді?
Жарияланған күні:
Фото. Қазақстандықтар жүргізуші
Құрылтайдың қыркүйекте өткен жалпы отырысында депутат Мейраш Шынасилова Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында жүргізуші куәлігін алу кезінде туындайтын қиындықтарды көтерді.
Мейраш Шынасилованың айтуынша, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін алу емтиханына кезек алты айға дейін созылады. Бос орындар тез таусылып, жазылу тәртібінің ашық болмауы ақылы делдалдардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
«Азаматтар мен автомектептердің хабарлауынша, Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтиханды ұзақ күтуге тура келеді, кейде 6 айға дейін созылады. Бос орындар лезде таусылады. Жазылу тетігі ашық емес, яғни қай орынның кімге және қалай берілгені белгісіз. Ашықтық жоқ жерде ақылы делдалдар пайда болмай қоймайды», – деді депутат.
Оның сөзінше, мәселені шешу үшін емтихан қабылдайтын орындарды көбейтіп, мемлекеттік органдармен қатар жеке сектордың мүмкіндіктерін де пайдалану қажет.
Депутат теориялық емтихан кезегін азайту үшін мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын кешкі сағат 20:00-ге дейін ұзартуды және емтихан қабылдаушылардың ауысыммен жұмыс істеуін ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерін қосымша емтихан алаңы ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты.
Практикалық емтиханға қатысты да ұсыныс болды. Қазір емтихан негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында өткізіледі. Мейраш Шынасилова Астанада агломерацияны қоса алғанда халық саны екі миллионға жуық болғанымен, бір ғана автодром бар екенін атап өтті.
«Ең өзекті мәселе – практикалық емтиханға кезек. Қазіргі кезде практикалық емтихан негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында ғана қабылданады. Мысалы, агломерацияны қоса алғанда халық саны 2 миллионға жуық Астана қаласында бір ғана автодромның болуы мәселенің ауқымын көрсетуде», – деді ол.
Осыған байланысты депутат бірыңғай техникалық, қауіпсіздік және ұйымдастырушылық талаптарға сай келетін жеке автомектептердің автодромдарын аккредиттеп, емтихан қабылдауға тартуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл тәсілді теориялық емтихандарға да қолдануға болады.
Сонымен қатар Мейраш Шынасилова емтиханға жазылу жүйесін цифрландыру арқылы делдалдардың қызметіне тосқауыл қою қажеттігін айтты.
«Емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүзеге асыруды және бос орындарды автоматты түрде бөлудің ашық әрі қорғалған тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл кезекті сатып алуға немесе сатуға жол бермей, емтиханға жазылу мүмкіндігін барлық азамат үшін тең қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді депутат.

Үкімет не дейді
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарына кезекті қысқарту үшін қосымша емтихан орындары ашылып, теориялық сынақты қашықтан тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын кешкі сағат 20:00-ге дейін ұзарту әзірге орынсыз деп танылды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
ХҚКО жұмыс уақыты ұзартылмайды, Алматы мен Қарағандыда жаңа автодромдар ашылады
Мәдиевтің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында теориялық емтихан тапсыруға 474 895 адам қатысқан. Емтихан өткізу мүмкіндігін арттыру үшін қосымша 86 емтихан станциясы ашылған. Соған қарамастан, практикалық емтихан тапсыру кезегінде 43 763 адам тұр.
Депутат арнайы ХҚКО-лардың жұмыс уақытын кешкі сағат 20:00-ге дейін ұзартуды ұсынған. Алайда Үкімет бұл ұсынысты қолдамады.
«Емтиханға жазылудың соңғы уақыты - 17:30, емтихан өткізу процесі 19:30-ға дейін жалғасады.Қабылдауды сағат 20:00-ге дейін ұзарту штат санын көбейтуді немесе ауысымдық жұмыс режимін енгізуді талап етеді. Осылайша, жұмыс режимін ұзартуды орынсыз деп санаймыз», - делінген жауапта.
Кезекті азайту үшін жаңа автодромдар ашу жоспарланып отыр. 2026 жылғы қазанда Алматы мен Қарағандыда жаңа автодромдар ашу көзделген. Ал Жезқазған, Көкшетау, Тараз және Қордайдағы автодромдардың құрылысы аяқталуға жақын.
Теориялық емтиханды қашықтан тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр
Емтихан тапсыратын орындардың санын арттыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының ғимараттарын пайдалану мәселесі де қарастырылған. Мәдиевтің жауабында Астанада ҰТО базасында емтихан өткізудің пилоттық жобасын іске қосу жоспарланғаны айтылған. Қажетті техникалық жұмыстар аяқталып, бірлескен бұйрыққа қол қойылған. Іске қосу 2026 жылдың қазан айында қарастырылған, содан кейін аймақтарда масштабтау мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, теориялық емтиханды қашықтан тапсыру жүйесін әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үшін жасанды интеллект пен прокторинг технологияларын пайдалану көзделген.
Депутат емтиханға eGov және eGov Mobile арқылы жазылу мүмкіндігін енгізуді де ұсынған. Мәдиевтің жауабында бұл қызметтерді қолданыстағы «ХҚКО» қосымшасымен біріктіру мәселесі қарастырылып жатқаны көрсетілген. Алайда, онлайн жазылу жүйесіндегі өзгерістердің нақты іске қосылатын мерзімі әзірге белгісіз.
«Жасанды интеллект және прокторинг технологияларын қолдана отырып теориялық емтихандарды қашықтықтан тапсыруды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде теориялық емтиханды тапсырудың күндізгі форматын таңдағанда ғана алдын ала жазылу қажет болады. Қашықтық форматы физикалық емтихан орындарының санына байланысты шектеулерсіз емтиханды ыңғайлы уақытта өту мүмкіндігін болжайды. Көрсетілген шаралар азаматтардың емтихандарға жазылуға тең қолжетімділігін, бос орындарды бөлудің ашықтығын және делдалдық қызмет тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған», - дейді министр.
Жеке автодромдарды емтихан өткізуге тарту үшін заңға өзгеріс қажет
Депутат практикалық емтихан тапсыратын орындардың тапшылығын азайту үшін жеке автодромдарды аккредиттеп, оларды емтихан өткізуге тартуды ұсынған.
Мәдиевтің жауабына сәйкес, қолданыстағы қағидалар жеке автодромдарды мұндай мақсатта пайдалануды қарастырмайды. Сондықтан, бұл бастаманы жүзеге асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет.
CarLife төлемдері: коммерциялық сервистерсіз де тіркелуге болады
Депутаттық сауалда CarLife платформасы арқылы емтиханға жазылу кезіндегі төлемдер мәселесі де көтерілген.
Мәдиевтің мәліметінше, «Автошкола» мемлекеттік жүйесі CarLife, Qulager және Argo платформаларымен Smart Bridge арқылы интеграцияланған. Сонымен бірге, азаматтарға коммерциялық сервистерді пайдаланбай-ақ, өңірлік полицияның әкімшілік полиция бөлімшелері арқылы тікелей тіркелу мүмкіндігі берілген.
Министрдің жауабында жеке сервистердің қызмет ақысын олардың иелері белгілейтіні айтылған. Ал бәсекелестік заңнамасының сақталуын тексеру монополияға қарсы органның құзыретіне жатады.
Автомектептерді бақылау күшейтіліп, 2027 жылдан бастап талаптар өзгереді
Депутат шағымдарға сәйкес, жекелеген автомектептерге бес жүзден астам автокөлік тіркеліп, он бес мыңға жуық түлек шығарылғанын айтып, жалған оқытуға жол бермеу үшін мемлекеттік жүйелер арқылы көліктердің техникалық байқауын, сақтандыруын, иелену не жалдау негіздерін, нұсқаушылардың еңбек шарттары мен біліктілігін, түлектер санының нақты мүмкіндіктерге сәйкестігін тексеруді ұсынған.
Мәдиевтің жауабында автомектептердегі оқушылар, нұсқаушылар мен оқу көліктері туралы ақпаратты автоматты түрде тексеру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылған. Сондай-ақ заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жаңа оқу топтарын тіркеуді уақытша тоқтату тетігін енгізу мәселесі зерделенеді.
Бұған қоса, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап автомектептердің қызметін реттеудің жаңа тәртібіне көшу жоспарланған. Автомектептерді тіркелімге енгізу және олардың материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптар арқылы рұқсат беру жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Мәдиевтің жауабында депутат көтерген өзге ұсыныстарды іске асыру мерзімдері мемлекеттік органдар қосымша зерделеу жүргізгеннен кейін белгіленетіні айтылған.