Артқа

Құрылтайда Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті жанынан 8 сараптамалық кеңес құрылды

Фото: Құрылтай

Фото: Құрылтай

Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің жанынан сегіз негізгі бағыт бойынша сараптамалық кеңес жұмысын бастады. Жаңа консультативтік-сараптамалық орган заң жобаларының сапасын арттыруға және комитет қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Комитет төрағасы Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұл бастама депутаттардың заң шығару қызметіне кәсіби қолдау көрсетіп, сапалы бағыт-бағдар беру үшін қолға алынған.

«Комитет жұмысын жетілдіріп, жаңа заң жобаларын сапалы әзірлеу мақсатында сегіз бағыт бойынша сараптамалық кеңес құрдық. Олардың құрамындағы мамандар депутаттарға маңызды заң жобаларын әзірлеу кезінде кәсіби бағыт-бағдар беріп, жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп атап өтті Дархан Ахмедиев.

Сегіз бағыт және олардың үйлестірушілері:

Сараптамалық кеңестер келесі негізгі салалар бойынша жұмыс жүргізеді:

Цифрландыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік: Екатерина Смышляева;

Инновация және инновациялық қызмет: Дидарбек Ділдәбек;

Ғылым және ғылыми-технологиялық даму: Владимир Киян;

Жоғары білім саласы: Айжан Темербаева;

Тіл саясаты: Мақсұт Насибулов;

Креативті экономика: Гүлісхан Нахбаева;

IT-нарықты дамыту: Айсұлу Сүлейменова;

Цифрлық инфрақұрылым мен байланыс: Тілектес Адамбеков.

Кеңес құрамында кімдер бар?

Сараптамалық кеңестердің құрамына өз саласының білікті мамандары, ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ ғылыми және жоғары білім беру ұйымдарының қызметкерлері тартылған.

Бұдан бөлек, жас ғалымдар мен жастардың зияткерлік әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында кеңес жұмысына студенттер, магистранттар мен докторанттар да белсене қатысады.

Бұл қадам заң жобаларын дайындау барысында қоғам мен кәсіби сарапшылардың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік береді.