Мораторий, байларға салық салу, жаңа Азаматтық кодекс: Тоқаев Жолдауда Құрылтайға қандай тапсырма берді
Жарияланған күні:
Фото: Ақорда
Бүгін, 28 қазан күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі түрде Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Жолдау шамамен 1,5 сағатқа созылды және ондағы тапсырмалар мен айтылған сын-ескертпелер сан қилы. Бірақ біз бұл жолдау Құрылтай депутаттарына қандай міндет жүктегенін, депутаттар тез арада қандай жаңа заң қабылдап, қандай кодекстерді жаңартуға міндетті болғанын тізіп шықтық.
Бизнесті тексеруге тағы үш жылдық мораторий енуі мүмкін
Естеріңізде болса, 2020-2023 жылдары Қазақстан микро және шағын бизнесті тексеруге үш жыл мораторий жариялаған болатын. Бүгін жолдауда президент дәл осы тәжірибені еске алып, кезінде бұл тәсіл тиімділігін көрсетті деді. Сондықтан, бизнестегі кедергілерді жою үшін президент үкімет пен Құрылтайға шұғыл тапсырма берді.
«Бір қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер жасаған заң бұзушылықтар саны 34 пайыз қысқарған. Дегенмен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға ұлғайған, ал жоспардан тыс тексерістер ондаған есе көбейген. Бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін іскерлік белсенділікке қатысты жүргізілген талдау анық көрсетіп отыр. ұл орайда микро және шағын бизнесті тексеруге 2020-2023 жылдарда жарияланған мораторийдің пайдалы тәжірибесіне қайта жүгінуге болады. Бұл тәжірибе өз тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқыға салуды ұсынамын. Бұл ретте бұған дейінгі мораторийдің артықшылықтары мен кемшіліктері түгел ескерілуі керек», - деді президент Жолдауында.
Бай-бағландарға арналған салық
Бүгін президент сондай-ақ Қазақстанда көптен бері талқыланып жүрген әлі әлем елдерінде қолданыста бар практика, яғни, ауқатты адамдарға салынатын салық туралы ұсыныс күтетінін мәлімдеді. Ол ұсынысты президентке үкімет пен Құрылтай ұсынуы тиіс.
«Бай-бағландарға арналған жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылайтын кез келді деп санаймын. Тағы да атап өтемін. Ешкім заңды түрде тапқан активке қандай да бір жолмен шектеу қойғалы жатқан жоқ. Бұл Конституция талаптарына қайшы болар еді. Әңгіме әділеттілік туралы, яғни әр азаматтың ел дамуына лайықты, адал үлес қосуы жөнінде болып отыр. Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстарын беруі қажет», - деп тапсырды Тоқаев.
Құрылтай «тоқсаныншы» жылдардан қалған Азаматтық кодексті бір жылда жаңартуы тиіс
Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Азаматтық кодексі осыдан 32 жыл бұрын қабылданған екен. Ал 1999 жылы, яғни, 27 жыл бұрын оның ерекше бөлімі жаңарған.
Енді міне, бүгінгі Жолдаудағы тапсырмаға орай, Құрылтай 2027 жылдың соңында осы құжатты жаңартып, қабылдауға міндетті.
«Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қабылданды. Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын. Құрылтай депутаттары үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар», - деді Тоқаев Жолдауда.
Алатау қаласының өз сот жүйесі болады
Президент сондай-ақ бүгінгі Жолдауында Алатау қаласының ерекше мәртебесіне тағы да тоқталды. Бұл жолы президент қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейте түсу үшін оның сапалы сот төрелігі болуы шарт деп атап өтті. Сондықтан, президент бұл жолы үкіметке шұғыл тапсырма берді. Яғни, үкімет үш ай ішінде Құрылтайдың қарауына жаңа түзету енгізу керек.
«Кез келген халықаралық юрисдикцияның ұзақ уақыт бойы тартымды болуына бірден бір әсер ететін фактор – тиімді сот төрелігі. Сондықтан Алатау қаласында жоғары сапалы сот төрелігін қамтамасыз ететін жүйе құрған жөн. Үкімет «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулерді 2027 жылғы қаңтар айының соңына дейін Құрылтайдың қарауына ұсынуы керек», - деді Тоқаев.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге жетті
Жалпы, биылғы Жолдауында жаңадан құрылған Құрылтай депутаттарына жүктеген осы міндеттерінен бөлек, президент үкіметке ең төменгі жалақыны көбейтуді тапсырды. Яғни, Тоқаевтың тапсырмасына байланысты, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың емес, 110 мың теңге болады.
«Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», - деді Тоқаев.