БАҚ өкілдері брифингтегі шектеулерді жоюды талап етіп, Құрылтай төрағасына үндеу жолдады
Жарияланған күні:
Фото: коллаж
Құрылтайға тіркелген БАҚ өкілдері палата Төрағасы Айбек Дәдебайдың атына ұжымдық үндеу жолдады. Бұл туралы Otkir Kurek жазады.
Бұл үндеу арқылы журналистер БАҚ өкілдерінің сұрақ қою құқығын шектейтін брифинг өткізу регламентін қайта қарауды талап етіп отыр. Яғни, БАҚ өкілдері брифингте тек тақырыпқа қатысты ғана сұрақ қоятын норманы өзгерту керек деп санайды.
Ережеге сәйкес, тақырыптан тыс сұрақ қойған тілшіге ескерту жасалады, ал екі рет тәртіп бұзған жағдайда ол алты айға дейін аккредитациядан айырылып қалуы мүмкін.
Үндеу авторлары мұндай шектеулерді негізсіз деп санайды. Олардың пікірінше, журналистер министрлерге, депутаттарға және басқа да лауазымды тұлғаларға тек брифинг тақырыбына қатысты емес, олардың құзыретіне кіретін кез келген өзекті сұрақты қоюға мүмкіндік алуы тиіс.
«Журналистер күн тәртібінен тыс сұрақтарды аккредитациядан айыруға себеп болатын ережелер тізімінен алып тастауды талап етеді. Сонымен қатар бұзушылықтарды тіркеудің ашық тәртібін енгізуді және берілген ескертулерге шағымдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды», - деп хабарлайды дереккөз.
Үндеу авторлары бұл ережелер аккредитацияның басты мақсаты – қоғамды жан-жақты әрі жедел ақпараттандыру қағидатына қайшы келетіні атап өткен. Сондай-ақ үндеу авторлары Құрылтай басшылығына даулы норманы қайта қарап, ресми жазбаша жауап беруді ұсынды.