Құрылтай үш жылдық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Жарияланған күні:
Фото: Құрылтай
Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен кезекті жалпы отырыста ел дамуының алдағы үш жылға арналған қаржылық-экономикалық бағыты айқындалып, бірқатар маңызды заң жобалары қаралды. Жиын барысында депутаттар «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға енгізілетін түзетулер екінші оқылымда қолдау тауып, үшінші оқылымда толықтай қабылданды.
Экономикалық көрсеткіштер және макроэкономикалық болжам
Бюджет заңының негізгі ережелері мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.
Ерұлан Жамаубаев геосаяси мен жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, отандық экономикада оң динамика сақталып отырғанын атап өтті. Жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,2%-ды құраған. Ал қыркүйек айындағы дерек бойынша жылдық инфляция 12 ай қатарынан баяулап, 9,3%-ға дейін төмендеді.
Серік Жұманғарин ұсынған 2027–2029 жылдарға арналған базалық сценарийге сәйкес, ЖІӨ-нің нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болады деп күтілуде.
Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.
Өсімнің басты қозғаушы күші – мұнайдан тыс секторлар. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өндірісінен жоғары болады деп жоспарланған.
Өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуде металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия және тамақ өнеркәсібі басты рол атқарады.
Сектролық драйвердің бірі – ауыл шаруашылығы, бұл салада жыл сайынғы орташа өсім кемінде 5% деңгейінде болжанып отыр.
2027–2029 жылдарға арналған бюджет басымдықтары
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, жаңа үшжылдық бюджет жобасы экономикалық өсімді ынталандыру, қаржылық тәртіпті сақтау және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау арасындағы теңгерімді сақтауға негізделген.
Бюджет қаражатын бөлудің негізгі бағыттары
Адами капиталға инвестиция салу (басты басымдық): 2027 жылы бұл салаға 10,5 трлн теңге (жалпы бюджеттің 35%-ы) бөлінеді.
Өңірлерді қолдау: Аймақтарды дамытуға жыл сайын 7,4 трлн теңге бағыттау көзделген.
Экономикалық өсімді ынталандыру: Осы бағытқа жалпы 7,5 трлн теңге қарастырылған.
Нақты секторды дамыту: Көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және цифрлық дамуды қаржыландыруға 3,7 трлн теңге бөлмек.
«Басты мақсат – халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындау және азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне барлық жағдайды жасау», - деді Мәди Тәкиев.
Депутаттардың сыны, фракциялар ұсынысы және өзекті мәселелер
Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина қосымша баяндама жасап, макроэкономикалық болжамдардың шынайы болуы тиістігін, бюджет шығыстарын жоспарлау сапасы мен өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Оған қоса, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындарын азайтып, қаржының жұмсалу тиімділігін арттыруды талап етті.
Талқылау барысында «Әділет», «Ауыл», «Respublica», «Ақ жол» және ЖСДП партиялық фракциялары өз ұсыныстарын білдірді. Негізгі көтерілген мәселелер:
- Бюджет кірістері болжамының негізділігін арттыру;
- Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін қолдау;
- Ұлттық қор мен мемлекеттік инвестициялардың жұмсалуына бақылауды күшейту;
- Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және өңірлер арасындағы алшақтықты жою;
- Су ресурстарын тиімді басқару, шаруаларға жеңілдетілген несие/лизинг беру, теміржол вагондарын жаңарту, ғылымды қаржыландыру және отандық экспортты қолдау.
Мемлекеттік наградалар жүйесіне енгізілген өзгерістер
Отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Екатерина Смолякованың айтуынша, заң Мемлекет басшысының бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында берген тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Жаңадан енген марапаттар мен құрметті атақтар
«Шәмші Қалдаяқов» медалі: Отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы: Бейнелеу өнері саласында үздік туындылар жасап, көркем мәдениетті өрістеткен қайраткерлерге беріледі.
Отырыс қорытындысы мен брифинг
Жиын соңында Құрылтай депутаттары халықты мазалап отырған әлеуметтік-экономикалық түйткілдерге қатысты мемлекеттік органдарға 5 депутаттық сауал жолдады (сауалдардың толық матны ресми сайтта және Telegram арнада жарияланады).
Алқалы отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне арналып брифинг өтті. БАҚ өкілдерінің 2027–2029 жылдарға арналған бюджетке қатысты қойған сұрақтарына Серік Жұманғарин, Мәди Такиев, Ольга Перепечина және Құрылтай депутаты Гүлназ Атамқұлова жауап берді.