Артқа

Президент жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды тапсырды. Құрылтай депутаттары бұған не дейді

Фото: Азаматтық кодекс

Фото: Азаматтық кодекс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында тоқсаныншы жылдары қабылданған қолданыстағы Азаматтық кодексті жаңарту керек екенін айтты.

 

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына үкіметпен бірлесе отырып осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кірісуді тапсырды. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті 2027 жылдың аяғына дейін қабылдауы керек.

 

«Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде еліміз де түбегейлі өзгерді», – деді мемлекет басшысы.

 

Тоқаев осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет дейді. Құрылтай депутаттары да өздеріне маңызды міндет жүктелгенін айтып отыр. Олар қолданыстағы кодекс цифрлық экономика мен жасанды интеллект дәуірінің талаптарына сай жаңартылуы керек деп есептейді.

 

Жаңа Азаматтық кодекс не үшін қажет?

 

Қолданыстағы Азаматтық кодекс 1994 жылы 27 желтоқсанда қабылданған және азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарын реттейді. Азаматтық кодекс жалпы екі бөлімге бөлінеді: жалпы бөлім және ерекше бөлім. Ерекше бөлім 1999 жылы 11 шілдеде қабылданған. Құжат жалпы 1124 баптан тұрады. 

Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ кулуарда пікір білдіріп, жаңа кодекс әзірлеу барысында екі бөлім де бірдей жазылатынын айтты.

 

«Ең негізгісі  бұл құқықтық құжат. Ол жерде біздің тұрақты меншігімізден бастап, барлық құқықтық қарым-қатынас реттеледі. Дегенмен, қоғамның дамуына және экономикамыздың әр саласына байланысты өмірімізге жаңа экономикалық құралдар еніп жатыр. Оныі ішінде цифрлық құралдар да бар. Әрбір құқықтық қатынасқа түскен кезде бізге құқықтық қорғау тетіктері қажет болып жатыр. Соның бірі – цифрлық қарым-қатынас өмірімізге толыққанды енген соң енді соны қорғайтын құралдар қажет. Субъектілер арасындағы теңгерімдік мәселесін реттеуіміз керек. Сондықтан ол Азаматтық кодекс жаңадан жазылуға тиіс», – деді Үнзила Шапақ.

 

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр Президент жолдауында саяси реформалар экономикалық және институционалдық жаңғырумен ұштасқанын атап өтті. Айтуынша, жолдауда заңнаманы жетілдіруге қатысты бірнеше маңызды міндет қойылды.

 

«2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодекс қабылдау ұсынылды. Президент атап өткендей, қолданыстағы кодекс өткен ғасырдың 90-жылдарында өтпелі экономика жағдайында қабылданған. Ал бүгінгі цифрлық экономика, жасанды интеллект пен жаңа инвестициялық қатынастар мүлде басқа құқықтық негізді талап етеді», – деді депутат.

 

Жаңа Конституция – жаңа Азаматтық кодекс

 

Құрылтай депутаты Марат Башимов та жаңа Констиуция қағидаларын іске асыратын жаңа Азаматтық кодекс керек деп есептейді.

«Елде жаңа азаматтық кодекс қабылданады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары күшіне енген құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашып, тарихи миссиясын толық атқарып шықты. Ал қазіргі заман талабы басқа. Сондықтан Құрылтай үкіметпен бірлесіп жаңа кодекс қабылдауға кіріседі. Қазіргі Конституция қабылданғаннан кейін соның ішіндегі қағидаларды іске асыратын жаңа Азаматтық кодекс керек. Өйткені кодексте теңдік, әділеттік деген принциптер бірінші орында тұруы керек. Қарапайым азаматтарға, заңды тұлғаларға жаңа Азаматтық кодекс пайдасын тигізеді», – деді Марат Башимов.

 

Құрылтай төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров президент өз сөзінде Құрылтай депутаттарына зор сенім білдіргенін, жолдауда жүктелген міндеттерді іске асырудағы олардың жауапкершілігін атап өткенін айтты. Айтуынша, бұл міндеттер Құрылтайға айрықша жауапкершілік жүктейді. Саяси жаңғырудың нәтижесі заңдардың сапасынан, мемлекеттік институттардың тиімділігінен және азаматтардың қорғалу деңгейінен көрінуге тиіс дейді ол.

 

«Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс осы тұрғыдан ерекше маңызды. Меншік құқығының сенімді қорғалуы, шарттық міндеттемелердің орындалуы, кәсіпкер мен инвестор үшін құқықтық тұрақтылық – экономиканың ұзақ мерзімді дамуының негізі. Цифрлық экономика қалыптасып жатқан кезеңде заңнама жаңа қоғамдық қатынастарға жауап беріп, азаматтарға тың мүмкіндіктер ашуы қажет», – деді депутат Facebook парақшасында.

 

Нұрлан Бекназаров Құрылтайдың алдында үкіметпен, заңгерлермен, ғылыми және кәсіпкерлік қауымдастықпен бірлесіп, осы құжатты жан-жақты пысықтау міндеті тұрғанын айта кетті. Әрбір норма құқық қолдану тәжірибесімен және азаматтардың күнделікті қажеттілігімен сабақтас болуы керек дейді ол.

 

«Президент білдірген сенім мен Жолдауда жүктелген міндеттер бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл сенімді ақтау үшін халықтың мәселелерін шешуге және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыс атқаруымыз қажет. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жұмысымыздың басты өлшемі де осы болуға тиіс», – деп сөзін түйіндеді депутат.

 

«Ең ауқымды заңнамалық реформаның бірі»

 

Құрылтай депутаты Евгений Больгерт үкіметпен бірге атқарған жұмыстың нәтижесін халық, ең алдымен, қабылданған заңдардың күнделікті өмірде қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне қарай бағалайтынын айтып, сондықтан Азаматтық кодексті әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

 

«Жалпы Құрылтай үшін де, атап айтқанда біздің бейінді комитет үшін де үкіметпен бірлесіп жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бойынша ауқымды міндет жүктелді. Бұл – өте іргелі жұмыс. Қолданыстағы Азаматтық кодекс өз уақытында еліміздің нарықтық экономикаға өтуіне, барлық қажетті институттарды қалыптастыруға және маңызды құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік берді. Дегенмен уақыт қарқыны үдеп барады, соған байланысты еліміздің одан әрі дамуына қажет құқықтық негіз қалыптастыру үшін азаматтық-құқықтық қатынастардың көптеген саласын заман талабына сай жаңарту талап етіледі», – деді Евгений Больгерт.

 

Депутат, конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Снежанна Имашева президент жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы Қазақстандағы ең ауқымды заңнамалық реформалардың біріне айналуы мүмкін екенін айтты.

 

Айтуынша, Азаматтық кодекс жеке құқықтық қатынастардың негізін реттейді. Атап айтқанда, меншік құқығы, шарттық қатынастар, міндеттемелер, келтірілген зиян үшін жауапкершілік, мұрагерлік, заңды тұлғалардың қызметі және басқа да көптеген мәселе осы кодекстің аясында қамтылады.

 

«Қолданыстағы Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімі – 1994 жылы, ал Ерекше бөлімі 1999 жылы қабылданған. Ол Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу кезеңінде әзірленді. Мойындауымыз керек, кодекс өзіне жүктелген тарихи міндетті орындады. Өткен ондаған жыл ішінде оған көптеген өзгеріс енгізілді. Өйткені заңнама қарқынды өзгеріп жатқан экономикалық жағдайларға, жаңа құралдар мен азаматтық айналым нысандарының пайда болуына ілесіп отыруға тиіс болды. Бүгінде біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрлық экономика мен жасанды интеллектінің дамуы таяу уақытқа дейін елестету қиын болған жаңа құқықтық қатынастарды қалыптастырып жатыр», – деді Құрылтай депутаты Facebook парақшасында.

 

Снежанна Имашеваның сөзінше, президент жолдауында да атап өткен токендердің, цифрлық активтердің құқықтық режимі, электрондық мәмілелер, смарт-келісімшарттар, жасанды интеллектіні пайдалану кезіндегі жауапкершілік мәселелері, сондай-ақ болашақта туындайтын басқа да көптеген құқықтық қатынастар заманауи құқықтық реттеуді қажет етеді.

 

«Бұл ретте қолданыстағы кодексті жай ғана қайта жазу емес, уақыт сынынан өткен құқықтық институттарды сақтай отырып, заңнаманың сабақтастығын және азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Президент атап өткендей, жаңа Азаматтық кодекс болашақ экономикасының құқықтық негізін қалыптастырып, азаматтар, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін құқықтық қатынастардың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге тиіс. Алдымызда ауқымды әрі жауапты заң шығару жұмысы тұр», – деді депутат.

 

Құрылтай депутаттары жаңа Азаматтық кодекс қабылдау бастамасын қолдап, оны Қазақстанның құқықтық жүйесін заман талабына сай жаңғыртудың маңызды қадамы деп есептейді. Алайда реформа нәтижесі құжаттың қаншалық жылдам қабылданғанымен өлшенбейді. Жаңа кодексті әзірлеуде қолданыстағы құқықтық институттардың сабақтастығын сақтап, заңгерлердің, сарапшылардың, кәсіпкерлер мен қоғамның пікірін ескеру маңызды. 2027 жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс құжат қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, оның тиімділігі заң нормалары азаматтардың күнделікті өмірінде қаншалық жұмыс істейтінімен және олардың құқықтарын қаншалық қорғалатынымен бағаланады.