Мәслихат сайлауына тура бір ай қалды: қай партия бірінші болып кандидаттарын ұсынды
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Тура төрт аптадан кейін, яғни, қарашаның соңғы жексенбісінде Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтетіні белгілі. Бұл саяси науқанға алғаш болып кандидаттарын ұсынған Respublica партиясы болып шықты.
Бүгін, 30 қазанда партияның ресми сайтында кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталғаны, тіпті, партия мәслихат депутаттығына неше кандидат ұсынылғаны хабарланған.
«Respublica партиясы 2026 жылғы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына кандидаттар ұсыну кезеңін аяқтады. 16–23 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде партиялық конференциялар өтіп, олардың қорытындысы бойынша 340-қа жуық кандидат ұсынылды», - деп хабарланған партияның ресми сайтында.
Жалпы, облыстық мәслихаттарға кандидаттар партиялық тізімдер және бірмандатты округтер бойынша, ал қалалық және аудандық мәслихаттарға бірмандатты округтер бойынша ұсынылды. Кандидаттарды ұсыну кезеңі 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталды. Қазір оларды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тіркеу 1 қарашаға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, осы жылдың 13 қазанында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы қабылдап, соған сәйкес мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы жіберілді.
Өзге партиялардың сайттарында дәл неше кандидат ұсынылғаны туралы ақпарат жоқ.