Артқа

Депутаттар «Қазақстан балалары» деген топқа қосылды, ал үкімет Азаматтық кодексті әзірлеуге кірісті

Фото: үкімет

Фото: үкімет

Құрылтай депутаттары «Қазақстан балалары» атты депутаттық топ ашқан. Оған Дана Медеуова жетекшілік ететіні анықталды. Құрылтайдың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, депутаттық топтың жұмысы бала құқығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуде депутаттардың күшін біріктіруге бағытталады.

Депутаттық топтың жетекшісі Дана Медеуова Астанада өткен «Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» атты ІІ халықаралық форумда сөз сөйлеген.

«Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін Құрылтай жанындағы «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жұмысын бастауы осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін заң шығару қызметінде басты назарда ұстау», – деді Дана Медеуова.

Ол сондай-ақ әлемдегі сын-қатерлерді ескеріп, Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау, денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар керек деп мәлімдеген.

Әділет министрлігі жаңа Азаматтық кодекстің мәтініне кірісіп кеткен

Бүгін үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасап, Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу басталып кетті деді.

Министрдің айтуынша, жаңа Азаматтық кодекстің басты бірнеше бағыты айқындалып қойған көрінеді. Сәрсембаевтың сөзіне сенсек, жаңа Азаматтық кодекстің жоқ дегенде мынандай бағыттары болады:

«Бірінші. Болашақ экономикасын құқықтық қамтамасыз ету. Жеке құқықтың өз тиімділігін дәлелдеген институттарын сақтау, сонымен бірге жаңа экономикалық қатынастарға қатысушылар үшін олардың құқықтарын қорғауды және тәуекелдерді бөлуді қамтамасыз ете отырып,  түсінікті әрі мазмұнды ережелерді жетілдіру ұсынылады.

Екінші. Меншік құқығын қорғауды және шарттық қатынастардың тұрақтылығын нығайту. Жаңа Конституция меншік нысандарының барлық түрлерін тең қорғауға кепілдік береді. Осы қағиданы дамыту мақсатында меншік иелерінің кепілдіктерін күшейту, адал сатып алушылардың құқықтарын қорғау және шарттық міндеттемелерді орындаудың сенімділігін  нығайту ұсынылады.

Үшінші. Шарт еркіндігі және жария-құқықтық тетіктерді азайту», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкімет отырысында.

Әділет министрі болжағандай, жаңа Кодекс азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ететін және экономиканы одан әрі дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастыратын жаңа Конституцияның ережелерін жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі болуы қажет.