Артқа

1 500 ауыл интернетсіз қалды: енді не болады?

Фото; интернет

Фото; интернет

Қазақстанда 2024-2025 жылдары талшықты-оптикалық интернетке қосылуы тиіс болған 1 502 ауыл жоспарланған уақытта желіге қосылмаған.

 

Бұл елді мекендерде 692 867 адам тұрады. Осы мәселеге қатысты депутаттық сауалға жауап берген Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жобаның кешігуіне оны іске асыру тетігінің өзгеруі себеп болғанын айтты.

 

«Ауыл» және «Әділет» партиялары фракцияларының депутаттары 2026 жылғы 23 қыркүйекте Жаслан Мәдиевке жолдаған сауалында ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарының орындалмауына назар аударған.

 

Депутаттардың мәліметінше, 2024–2025 жылдары 1 502 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланғанымен, жұмыс белгіленген мерзімде аяқталмаған. Соның салдарынан жүздеген мың тұрғын жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алмаған.

 

Жобаның кешігуіне не себеп?

 

Жаслан Мәдиевтің жауабына сәйкес, жобаны іске асырудың бастапқы тетігі өзгерген. Алғашында ауылдарды интернетке қосу мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында жоспарланған. Кейін заңнамада көзделген рәсімдердің ұзақтығына байланысты «Қазақтелеком» АҚ-мен инвестициялар туралы келісім жасау тетігіне көшу туралы шешім қабылданған.

 

«2024-2025 жылдары жоба іс-шараларының уақтылы орындалмауының негізгі себебі оны іске асыру тетігінің өзгеруі болып табылады», – деп жазды министр.

 

Оның мәліметінше, инвестициялар туралы келісім 2025 жылғы 27 мамырда Республикалық бюджет комиссиясымен мақұлданып, 9 маусымда қол қойылған. Осылайша, жаңа тетік бойынша жобаны нақты іске асыру 2025 жылы басталған.

 

Алайда құрылыс жұмыстары бірден басталмаған. «Қазақтелеком» мен «Транстелеком» арасындағы EPC келісімшарты 2025 жылғы 8 желтоқсанда жасалса, жобалау-іздестіру жұмыстарына арналған шарттар сол жылдың 31 желтоқсанында бекітілген. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары тек 2026 жылғы 20 мамырда басталған.

 

Министр бұл кезеңдерді де жобаның кешігуіне әсер еткен факторлар ретінде атады.

 

«Осылайша, жекелеген іс-шаралар бойынша мерзімінен кешігу, соның ішінде МЖӘ тетігінен ИТК-ға көшумен және одан кейінгі ұйымдастыру-дайындық іс-шаралары кезеңімен байланысты. Қазір жобаны іске асыру қарқынын арттыру және көзделген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда», – делінген жауапта.

Қазір 391 ауыл интернетке қосылған

 

Министрліктің мәліметінше, қазір ел бойынша 50 бригада жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін 391 ауыл интернетке қосылған. Оның 44-і талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы, 347-сі спутниктік байланыс көмегімен қамтылған.

Апта сайын 800–900 шақырым магистральдық байланыс желісі тартылып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін жалпы ұзындығы 12 504 шақырым желі салынған.

 

2026 жылдың соңына дейін (2025 жылғы көрсеткіштерді қоса алғанда) 2 131 ауылды интернетке қосу жоспарланған. Оның 702-сі талшықты-оптикалық желіге, 1 429-ы спутниктік байланысқа қосылуы тиіс.

 

Ал 2027 жылы тағы 877 ауылды интернетпен қамту көзделген. Оның 772-сі талшықты-оптикалық желі арқылы, 105-і спутниктік байланыс арқылы қосылады.

 

Осылайша, ұлттық жоба аясында барлығы 3 008 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның 2 747-сі талшықты-оптикалық желіге, 261-і спутниктік байланысқа қосылмақ.

 

Министрлік спутниктік байланысты талшықты-оптикалық желі тартылғанға дейінгі уақытша шешім ретінде қарастырады.

 

Ұлттық жобаның бюджеті қайта қаралады

 

Жаслан Мәдиев ұлттық жобаның қаржылық параметрлері де өзектендіріліп жатқанын хабарлады. Қолданыстағы жоспар бойынша жобаның жалпы құны 1 триллион 499,3 миллиард теңге болған. Оның ішінде 177,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 6,1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, ал 1 триллион 315,7 миллиард теңге бюджеттен тыс қаражат есебінен қарастырылған.

 

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, жобаның жалпы қаржыландыру көлемі 998,6 миллиард теңгеге дейін қысқармақ. Оның 109,6 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 889 миллиард теңгесі бюджеттен тыс қаражаттан бөлінеді.

 

Министрліктің түсіндіруінше, өзгерістер жобаның нақты орындалу барысын, игерілген қаражат көлемін және интернетке қосылуы қажет ауылдардың жаңартылған тізімін ескере отырып енгізіліп жатыр.

«Ұсынылып отырған өзгерістер республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздемейді, қосымша қаржыландыруды талап етпейді және Ұлттық жобаның негізгі мақсаттары мен міндеттерін өзгертпейді», – делінген министрдің жауабында.

 

1 798 мектепке Starlink орнатылған

 

Шалғайдағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету үшін спутниктік технологиялар да қолданылып жатыр.

Министрдің мәліметінше, 2025 жылы OneWeb спутниктік интернеті арқылы шалғайдағы 329 ауыл қосылған. Ал 2026 жылы осы технологияны пайдаланып, қоғамдық Wi-Fi нүктелері орнатылған ауылдардың саны 362-ге жеткен.

 

Бұдан бөлек, Starlink терминалдары 1 798 мектепке орнатылған. Оларды азаматтар мен кәсіпкерлер де, соның ішінде шалғай және туристік аймақтарда пайдаланады.

 

Starlink және OneWeb компаниялары 2026 жылғы 2 қазанда қажетті лицензияларын алып, пилоттық режимнен коммерциялық негізде қызмет көрсетуге көшкен. Ал 2027 жылы Қазақстан нарығына Amazon LEO және Shanghai SpaceSail спутниктік байланыс операторларының шығуы күтіледі.

 

Жаңа ғимараттарға интернет инфрақұрылымына қатысты талап енгізілуі мүмкін

 

Депутаттар жаңа нысандардың цифрлық дайындығына бірыңғай талап енгізу қажеттігін де көтерген.

 

Министрлік бұл бағытта бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданғанын хабарлады. Атап айтқанда, 2026 жылғы 19 маусымда телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша заңға қол қойылған. Оның аясында биіктігі 30 метрге дейінгі байланыс құрылысжайларын салу үшін жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетілген.

Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жаңа ғимараттардың жобалау, сараптау және пайдалануға беру кезеңдерінде цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптарды енгізу жөнінде ұсыныс жолдаған.

 

Осылайша, министрлік ауылдарды интернетке қосу жоспарының кешігуін жобаны іске асыру тетігінің өзгеруімен және дайындық жұмыстарының ұзаққа созылуымен түсіндірді. Енді ведомство 2026–2027 жылдары 3 008 ауылды интернетпен қамтуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

 

Ауылға әлі кеңжолақты интернет тартылған жоқ

 

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Кежек ауылдық округіне қарасты Ақши ауылының тұрғыны Медет Мұсанов ауылдарына кеңжолақты интернет әлі тартылмағанын айтады. Оның айтуынша, елді мекенге талшықты-оптикалық интернет тартылмаған. Сондықтан, тұрғындар спутниктік интернетті өз қаражатына орнатуға мәжбүр болған.

 

«Жер астымен келетін кеңжолақты талшықты-оптикалық интернет Ақши ауылына тартылған жоқ. Біздің ауылдың тұсынан бес жыл бұрын өтіп, Ақтойға қарай кеткен. Биыл ауылға жеткізіледі деген, бірақ әлі жоқ. Сондықтан,  біз тасжол бойындағы Кенжоқ деген ауыл арқылы спутниктік интернет орнаттық. Ол үшін таудың басына халықтың ақшасына арнайы мұнара қойдық. Күн панельдерін де өз қаражатымызға сатып алдық. Өйткені, ауылда электр жарығы жоқ. Барлығын тұрғындар өздері ақша жинап істетті.

Қазір осы жүйені пайдаланып отырғанымызға бес-алты жыл болды. Аккумуляторларды жыл сайын өзіміз сатып аламыз. Қандай да бір құрылғы бұзылса, оны жөндеуге немесе жаңасын алуға да халықтың ақшасы жұмсалады. Интернетті осылай өз күшімізбен қамтамасыз етіп отырмыз. Егер болашақта жер астымен тартылатын талшықты-оптикалық интернет ауылға жетсе, ол мемлекеттік желі болады. Ал қазір пайдаланып отырған жүйемізді халық өз қаражатына орнатып, өздері күтіп ұстап келеді», – дейді Медет Мұсанов.

 

Ауылдарда интернеттің болмауы білім мен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді

 

Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстандағы ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстарының кешігуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, интернеттің қолжетімсіздігі ауыл тұрғындарының білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және цифрлық қызметтерді пайдалануына кедергі келтіреді.

 

«Қазақстанда 1 502 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мерзімі кешігіп жатыр. Бұл шамамен 693 мың адамның цифрлық мүмкіндіктерге толық қол жеткізе алмай отырғанын көрсетеді. Қазіргі заманда интернет электр жарығы мен жол сияқты негізгі инфрақұрылымның біріне айналды. Сондықтан, ауылдарды интернетпен қамту мәселесіне ерекше назар аудару қажет.

 

Біріншіден, интернет ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтады. Қаладағы оқушылар онлайн білім платформаларын, электронды кітапханаларды және жасанды интеллект құралдарын еркін пайдалана алады. Ал ауыл баласының мұндай мүмкіндіктерге қол жеткізуі интернет сапасына тікелей байланысты. Демек, бұл тек технология мәселесі емес, білім сапасы мен адами капиталды дамытуға қатысты маңызды мәселе.

Екіншіден, интернет ауыл экономикасына да тікелей әсер етеді. Қазір ауыл кәсіпкерлері өз өнімдерін интернет арқылы сата алады, тауар бағасын бақылап, мемлекеттік қызметтерді қашықтан пайдаланады. Бұл шағын бизнестің шығынын азайтып, тұрғындарға қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауылдан қалаға көшу қарқынын төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

 

Үшіншіден, мұндай ауқымды жобалардың нақты мерзімі мен жауапкершілік тетіктері болуы керек. Жобаны іске асыру тәртібінің өзгеруіне байланысты жұмыстардың созылғаны түсінікті. Алайда инфрақұрылымның кешігуі жүздеген мың адамның мүмкіндігін кейінге қалдырады.

 

Қазір 391 ауыл интернетке қосылған, 550 бригада жұмыс істеп жатыр. Жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына дейін 2 931 ауылды, ал 2027 жылы тағы 877 ауылды интернетпен қамту көзделген. Ендігі маңызды мәселе – осы жоспарлардың уақытында орындалуын қамтамасыз ету.

 

Төртіншіден, интернетке қосылған ауылдардың санымен ғана шектелмей, байланыстың сапасына да мән беру қажет. Ауылды интернетке қостық деген есеп болғанымен, тұрғындар тұрақты әрі жоғары жылдамдықты байланысқа қол жеткізе алмаса, жобаның тиімділігі төмендейді. Сондықтан, интернет жылдамдығы, байланыстың тұрақтылығы, тарифтердің қолжетімділігі және нақты пайдаланушылар саны бақылауда болуы керек.

 

Менің ойымша, талшықты-оптикалық интернет пен Starlink, OneWeb сияқты спутниктік технологияларды бір-біріне балама емес, бірін-бірі толықтыратын құрал ретінде қарастырған жөн. Әсіресе шалғай ауылдар үшін спутниктік интернет тиімді шешім болуы мүмкін. Ал халқы тығыз орналасқан елді мекендерде талшықты-оптикалық желіні дамыту ұзақмерзімді перспективада маңызды.

 

Қорытындылай айтқанда, ауылдарды интернетпен қамту – Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудың стратегиялық міндеттерінің бірі. Интернет дәуірінде ауыл баласы мен қала баласының білімге, ақпаратқа және жаңа технологияларға қол жеткізу мүмкіндігі бірдей болуы керек. Цифрлық даму тек ірі қалаларда емес, еліміздің ең шалғай ауылдарына дейін жеткенде ғана оның экономикалық және әлеуметтік нәтижесі толық болады», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.