Артқа

Құрылтай қазан айында қалай жұмыс істеді

Фото: Құрылтай қазан айында

Фото: Құрылтай қазан айында

Қазан айында Құрылтай депутаттары бес отырыс өткізіп, алты заң қабылдады. Екі заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Комитеттер мен жұмыс топтары бірнеше рет жиналды. Депутаттар 27 сауал жолдап, қоғамдық қабылдауға 271 азамат келді. 

Бір айлық жұмыстың қорытындысы жаңа заң шығарушы органның белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсеткенімен, қабылданған шешімдердің нақты нәтижесі мен депутаттық сауалдардың орындалуы туралы есеп өзекті бола түсті.

Жүзден астам отырыс

2026 жылғы қазанда Құрылтай депутаттары әдеттегідей бірнеше заң жобасын қарады. Комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысты, азаматтарды қабылдап, өңірлердегі мәселелерді талқылады.

Құрылтайдың баспасөз қызметі жариялаған мәліметке сәйкес, бір айда бес отырыс, комитеттердің 38 отырысы және жұмыс топтарының 68 отырысы өткен. Бұдан бөлек, екі дөңгелек үстел мен бір көшпелі отырыс ұйымдастырылған. Комитеттердің он отырысы кеңейтілген форматта, екеуі тақырыптық бағытта өткізілген.

Дөңгелек үстелдерде мемлекеттік шекараны жайластыру және балық шаруашылығын жаңғырту мәселелері талқыланды. Ал Шығыс Қазақстан облысында өткен көшпелі отырыста отандық тамақ өнеркәсібі өндірушілерін қолдау мәселесі қаралды. Атап айтқанда, 22-23 қазанда Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің депутаттары зауыттар мен фермаларды аралады. Депутаттар айтылған ұсыныстар үкіметке жолданып, заңнаманы жетілдіру барысында ескерілетінін атап өтті.

Бұл көрсеткіштер Құрылтай жұмысының тек жалпы отырыстармен шектелмейтінін көрсетеді. Комитеттер мен жұмыс топтарында заң жобалары егжей-тегжейлі талқыланады. Алайда отырыстардың саны жұмыс сапасының көрсеткіші емес. Оның нәтижесін талқыланған мәселелердің қаншалық шешімін тапқанына қарай бағалау қажет.

Мысалы, көшпелі отырыста отандық тамақ өнеркәсібінің проблемалары қаралғанымен, оның қорытындысында қандай ұсыныстар қабылданғаны, оларды орындауға қай мемлекеттік орган жауапты болғаны және өндірушілер үшін қандай өзгеріс күтілетіні туралы мәлімет жоқ.

Алты заң қабылданды

Қазан айында Құрылтай алты заң қабылдап, оның екеуіне Мемлекет басшысы қол қойды. Қазір депутаттардың қарауында 41 заң жобасы бар.

Есепті кезеңдегі маңызды жұмыстардың бірі – 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті бірінші оқылымда қарау. Депутаттар әлеуметтік міндеттемелерді орындау, бизнесті және агроөнеркәсіп кешенін қолдау, өңірлерді дамыту, мемлекеттік инвестициялар мен Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау жөнінде ұсыныстар енгізген.

Республикалық бюджет Құрылтай жұмысының экономикалық және әлеуметтік саясатқа ықпал ету мүмкіндігін көрсетеді. Өйткені бюджет туралы заң тек кіріс пен шығысты бекітетін құжат емес. Ол алдағы үш жылда мемлекеттің қай салаға қанша қаражат бөлетінін, қандай міндеттерге басымдық беретінін айқындайды.

Сондықтан депутаттар қанша ұсыныс жасағанымен емес, олардың қаншалық бюджетке енгізілгенімен бағалау қажет. Мәселен, өңірлерді дамытуға немесе әлеуметтік міндеттемелерді орындауға қатысты ұсыныстардың қайсысы қабылданды, қандай қаржы қарастырылды деген сұрақтар ашық қалмауы керек.

Құрылтайдың заң шығару жұмысындағы тағы бір маңызды бағыт – жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу. Мемлекет басшысының жолдауда айтқан тапсырмасынан кейін осы бағыттағы жұмыс басталып кетті. Бұған дейін депутаттар кодексте цифрлық экономика, жасанды интеллект, меншік құқығы, кәсіпкерлік қатынастар және жаңа технологиялардан туындайтын құқықтық мәселелер ескерілуі керек деген болатын.

Бұдан бөлек, жұмыс топтарында мүгедектігі бар балаларды қолдау, энергия үнемдеу және баламалы энергетиканы дамыту, онлайн-платформалар мен масс-медианы реттеу, көші-қон саясаты мәселелері қаралып жатыр. Кітапхана және кітап басып шығару ісі туралы заң жобасы үкіметке жолданды. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, учаскелік дәрігерлердің жалақысын арттыру және мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстардан қорғау мәселелері де талқыланып жатыр.

Заң шығару күн тәртібінде әлеуметтік сала, экономика, цифрландыру, көші-қон және ақпараттық саясат секілді бірнеше бағыт бар. Бірақ олардың басым бөлігі әзірге жұмыс топтарында талқылау немесе заң жобасын әзірлеу кезеңінде тұр.

27 депутаттық сауал

Қазан айында Құрылтай отырыстарында 27 депутаттық сауал жолданып, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, дербес деректерді қорғау, тұрғын орта сапасы, көлік және басқа да салалардағы мәселелер көтерілді.

Мәселен, депутат Дидарбек Ділдәбек жастардың есірткі қылмыстарына және есірткі тасымалдауға тартылуының алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды. Ал Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтауға арналған «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын енгізу мәселесін көтерді. Шахмардан Байманов ауыл жастарын туған жеріне қайтару және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелілігін арттыру мәселесін ортаға салды. Мағжан Ералиев газ жабдықтарын пайдалану бойынша қауіпсіздікті күшейту қажет екенін айтса, Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу қажет дейді. Ләззат Қожахметова балабақшадағы кезек жүйесін қайта қарауды ұсынды. Олжас Нұралдинов екі бірдей сауал жолдады. Бірі электр зарядтау станцияларына қатысты болса, екіншісі туризм саласына қатысты. Арман Ақылбай депутаттық сауалында қарттарға күтім жасауға қатысты бірнеше мәселені қозғады. Мұрат Иргибай алғашқы депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін «Baqylauda» жүйесін енгізуді 2028 жылға дейін кейінге қалдыруды ұсынды.

Дәурен Ахметжаев Қазақстан аумағында арнаулы салық режимі бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді ұсынды. Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес дерегін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Мақсұт Насибулаев депутаттық сауалында қала мен ауыл тұрғындарына бірыңғай стандарт бойынша тұрғын үй салу қажет екенін айтты. Серік Егізбаев болса асыл тұқымды ірі қара мал санын арттыруға қатысты бірнеше ұсыныс айтты.

Қазан айында жиырмаға жуық депутат алғаш рет депутаттық сауал жолдады. Қыркүйек айына қарағанда депутаттық сауалдың аз болу себебі 28 қазанда Құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Одан кейін тек заң жобалары қаралды. Яғни, қазанда үш отырыста ғана депутаттар сауал жолдай алды.

Қоғамдық қабылдауға 271 азамат жүгінді

Құрылтайдың халықпен байланысын бағалауда қоғамдық қабылдаудың жұмысы да маңызды. Қыркүйектен бастап ел азаматтары қоғамдық қабылдауға жазылып, депутаттарға мәселелерін айтады. Қазан айында депутаттар 20 жеке қабылдау өткізіп, 271 азаматтың өтінішін тыңдаған.

Құрылтай таратқан мәлімет бойынша, 243 өтінішке қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 28 өтініш бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға хат жолданған. Азаматтар негізінен сот ісін жүргізу, заңнаманы жетілдіру, әлеуметтік қолдау және тұрғын үй мәселелерін көтерген. Депутаттардың көмегімен азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарында қабылдау ұйымдастыру мәселелері шешілді.

Бұл жерде назар аударатын жайт: 271 өтініштің шамамен 90 пайызы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, қалған 28 өтініш қана мемлекеттік органдарға ресми түрде жолданған.

Құрылтай сайтында қоғамдық қабылдауға онлайн жазылуға, азаматтарды қабылдау кестесін көруге болады. Алайда ресми сайтта қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген мәселелер, айтылған ұсыныстар және оны шешу жолдары туралы ешқандай ақпарат жоқ. Қоғамдық қабылдаудың нәтижесін бағалау үшін өтініштердің қаншасы толық шешілгенін, қаншасына нақты көмек көрсетілгенін, қаншасы басқа органдарға жолданғанын және қаншасы әлі қаралып жатқанын білу қажет.

Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін салалар бойынша жіктеу де маңызды. Бұл депутаттарға қоғамды алаңдатқан мәселелерді анықтап, жеке өтініштерден жүйелі мәселелерді көруге және алдағы уақытта заң жобаларын талқылау кезінде көтеруге мүмкіндік береді.

Құрылтайдағы жаңа құрылымдар

Қазан айында Құрылтай жанынан екі жаңа құрылым құрылды. Оның бірі – Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес. Оның мақсаты – өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейту және мәслихаттардың заң шығару жұмысына тұрақты қатысуына мүмкіндік беру. Кеңес мәслихаттардың заң жобаларын әзірлеуге қатысуын жолға қойып, қабылданған заңдардың өңірлерде қалай жүзеге асып жатқаны туралы кері байланыс жинайды. Сонымен қатар жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды жүйелеу және шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланған.

Кеңес құрамына мәслихаттарда жұмыс істеу немесе олармен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі бар. Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана қаласының, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары кіреді. Өңірлермен тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық жұмыс істейді. Әр депутатқа бес өңір бекітіледі.

Парламент сенатында да дәл осындай кеңес жұмыс істеген. Кеңестің негізгі мақсаты жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және енгізу болып белгіленген.

Екіншісі – «Қазақстан балалары» депутаттық тобы. Ол балалардың құқықтары мен әл-ауқатына қатысты мәселелерді көтеріп, осы бағыттағы бастамаларды ілгерілетуге тиіс. Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) мәліметінше, жаңа парламенттік бастама озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, еліміздегі әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауды жүйелі түрде нығайтуға бағытталған.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар депутаттық топтың құрылуы бала құқықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін жоғары заңнамалық деңгейде нығайту жолындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті.

Құрылтай депутаты Дана Медеуова «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жетекшісі болды. Аталған бірлестік кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мәселелермен айналысады. Әсіресе, интернет желісіндегі балалардың қауіпсіздігі, білім алудың қолжетімділігіне баса назар аударылады.

Бұл құрылымдардың пайда болуы Құрылтайдың жұмысын тек орталық деңгейдегі заң шығару процесімен шектемей, жергілікті өкілді органдармен және белгілі бір әлеуметтік топтардың мәселелерімен байланыстыруға бағытталғанын көрсетеді.

Дегенмен жаңадан құрылған кеңестер мен депутаттық топтардың қаншалық тиімді жұмыс істейтініне баға беруге әлі ерте. Ол үшін олардың отырыстары, ұсыныстары, бастамалары және сол бастамалардың орындалуы туралы тұрақты есеп жарияланып отыруы қажет.

Халықаралық қызмет

Қазан айында Құрылтай депутаттары бірнеше халықаралық парламенттік іс-шарада Қазақстан атынан өкілдік етті. Атап айтқанда, Танзанияның Аруша қаласында өткен Парламентаралық одақтың 153-ші Ассамблеясына, Бішкекте Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) 15-ші пленарлық отырысына, Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері парламентаралық форумының IV отырысына қатысты. Сондай-ақ Құрылтай депутаты Берік Беркімбаев Үндістанда өткен БРИКС парламенттік форумына барды.

Халықаралық кездесулерде өңірлік қауіпсіздік, су және климат мәселелері, экономикалық әрі цифрлық ықпалдастық, жасанды интеллектіні дамыту және парламентаралық ынтымақтастық талқыланды.

Қазақстандық депутаттар халықаралық парламенттік құрылымдарда басшылық қызметтерге сайланды. Атап айтқанда, Серік Егізбаев ТМД ПА аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды. Ал Марат Қожаев ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясының саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясын басқаруға сайланды. Ал Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков ТүркПА экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия төрағасы болып сайланды.

Қыркүйек пен қазанды салыстырсақ…

Құрылтай жұмыс істеген алғашқы аймен салыстырар болсақ, қазанда депутаттық сауалдар саны едәуір азайған. Қыркүйекте 57 депутаттық сауал жолданса, қазанда оның саны – 27 ғана. Екі айда да алты заң қабылданған. Ал Құрылтай қарауындағы заң жобасы 44-тен 41-ге қысқарған. Қазан айында қоғамдық қабылдауға келген азаматтар саны 271-ге жеткен. Қыркүйекте 154 өтініш қаралған. Қоғамдық қабылдау 14 қыркүйекте жұмыс істей бастағанын ескерген жөн.