«Тұрғындар бейінді дәрігерлерге кезекті ұзақ күтетінін айтады»: мәселе шешімін тапты ма?
Жарияланған күні:
Фото. Курултай
Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаттары бейінді дәрігерлердің қабылдауын және диагностикалық зерттеулерді ұзақ күтетін тұрғындар мәселесін көтерді. Депутаттар медициналық көмекті алу мерзімін нақты белгілеп, пациенттерге қолайлы жағдай жасауды ұсынды.
Депутаттық сауал жолдаған «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Жансеңгіровтің айтуынша, 2026 жылы № ҚР ДСМ-37 бұйрығына енгізілген өзгерістерге қарамастан, бейінді мамандардың қабылдауына қол жеткізу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Атап айтқанда, мамандардың қабылдау кестесі 60 күнге жарияланғанымен, бұл пациенттердің дер кезінде дәрігерге қаралуына мүмкіндік бермейді.
2026 жылдың алғашқы жартысында осы мәселеге қатысты 2 925 шағым түскен. Өтініштердің басым бөлігі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласында тіркелген.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы жүйеде жоспарлы медициналық көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімі белгіленбеген. Мәселен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мониторинг ережесінде 10 күн, ал қордың түсіндірмесінде 15 жұмыс күні көрсетілген. Алайда министрлік бұйрығында нақты мерзім бекітілмеген.

Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінің қабылдау мерзімі де реттелмеген. Бұл пациенттің бейінді маманға жетуіне кететін жалпы уақытты ұзартады.
Мәселенің тағы бір себебі – дәрігерлер саны өзгермеген жағдайда жаңа қабылдау нормативтерінің енгізілуі. Депутат мұндай талап мамандардың пациент қабылдау мүмкіндігін азайтуы мүмкін деп есептейді.
Бұдан бөлек, бір пациентке үштен артық жолдама беруге қойылған шектеу бірнеше ауруы бар адамдардың қажеттілігін толық ескермейді. Ал диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бейінді дәрігерге тікелей жазылуы тек мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар мен ауыл тұрғындарына қиындық туғызады.
Осыған байланысты Арман Жансеңгіров бірнеше ұсыныс жасады. Ол жоспарлы медициналық көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін заңмен бекітуді, онкологиялық ауруға күдік болған жағдайда және балалар үшін қабылдау уақытын қысқартуды ұсынды.
Сондай-ақ пациентті басқа медициналық ұйымға бағыттаған кезде күту мерзімін автоматты бақылау жүйесін енгізу, өңірлер бойынша нақты күту уақытын жариялау және медициналық ұйымдардың штаттық нормативтері мен тарифтерін қайта қарау қажеттігін айтты.
Депутат бейінді мамандарға жолдама санын клиникалық хаттамаларға сәйкес белгілеуді, қайта қабылдауға жазылуды емдеу нәтижесіне байланыстыру талабын алып тастауды және дәрігерге тікелей жазылу мүмкіндігін колл-орталық арқылы да қамтамасыз етуді ұсынды.
«Дәрігер қабылдауын екі апта күтуге тура келеді»: Ақмарал Әлназарова депутат сауалына жауап берді
Қазақстанда бейінді дәрігерлердің қабылдауын күту орта есеппен екі аптаға дейін созылады. Ал кейбір өңірлерде бұл мерзім 5–6 күнді құрайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутат Арман Жансеңгіровтің сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бейінді дәрігерлердің қабылдауын күту мерзімі медициналық ұйымдардың мамандармен қамтамасыз етілуіне байланысты.
«Талдау нәтижелеріне сәйкес, бейінді мамандардың қабылдауын күту мерзімі орта есеппен 2 аптаға дейін созылады. Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш 5-6 күнді құрайды. Күту мерзімдерінің айырмашылығы, негізінен, медициналық ұйымдардың бейінді мамандармен қамтамасыз етілу деңгейіне және кадрлармен қамтамасыз етілуіне байланысты», – делінген министрдің жауабында.
Ведомство мәліметінше, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында бейінді мамандардың қолжетімділігіне байланысты дәрігер қабылдауын күту мерзімі салыстырмалы түрде қысқа.
Министрлік дәрігерлердің қабылдау кестесін орталықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол үшін «Ресурстарды басқару жүйесі» цифрлық жүйесі жетілдірілмек.
«Аталған жүйе дәрігерлердің қабылдау кестесін кемінде 30 күнтізбелік күнге жылжымалы негізде міндетті түрде толтыруды көздейді. Бірыңғай қабылдау кестесінің іске асырылуы медициналық ұйымдардың штаттық кестесі мен мамандардың нақты жұмыспен қамтылуы негізінде бақылауға алынатын болады. Дәрігерлердің қабылдауына жазылуды негізсіз шектеуге жол бермеу көзделеді», – деп жазылған жауапта.
Министрліктің мәліметінше, тиісті функционалды әзірлеу 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған. Бұдан кейін дәрігер қабылдауына жазылу мемлекеттік қызметін жетілдіру көзделіп отыр.
Онкологиялық ауруға күдік болса, тексеру 18 жұмыс күні ішінде жүргізіледі
Депутат жоспарлы медициналық көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін, оның ішінде балалар мен онкологиялық ауруға күдік туған пациенттер үшін қысқартылған мерзімдерді белгілеуді ұсынған болатын.
Министрлік ересектерге онкологиялық көмек көрсету тәртібіне сәйкес, қатерлі ісікке күдік туған пациенттер үшін «жасыл дәліз» қарастырылғанын хабарлады.
«№112 бұйрыққа сәйкес мамандардың консультациялары және амбулаториялық жағдайларда қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерді тексеру “жасыл” дәліз бойынша – жалпы кезектілік пен шектеулерден тыс, он сегіз жұмыс күні ішінде жүргізіледі», – делінген жауапта.
Ал балаларда онкологиялық немесе гематологиялық ауруға күдік болған жағдайда олар балалар онкологы мен гематологының консультациясына жіберіледі. Қажет болған жағдайда қосымша зерттеулер жүргізіледі.
Үш маманға жолдама беру пациентті шектемейді
Депутат бір пациентке үштен артық бейінді маманға жолдама беруге қойылған шектеу бірнеше ауруы қатар кездесетін адамдардың қажеттілігін ескермейтінін айтқан еді.
Министрлік бұл талап медициналық көмектің көлемін шектемейтінін түсіндірді.
«Бір аяқталған жағдай шеңберінде үш түрлі бейінді маманға дейін консультацияға жолдама беру нормасы пациенттің медициналық көрсетілімдеріне сәйкес қажетті мамандардың консультацияларын уақтылы алуын және медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Бұл ретте, үш түрлі бейінді маманға дейін консультацияға жолдама беру пациентке көрсетілетін медициналық көмектің көлемін шектеу болып табылмайды», – делінген министрдің жауабында.
Ведомствоның түсіндіруінше, қосымша консультациялар мен диагностикалық зерттеулер пациенттің клиникалық жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне сәйкес тағайындала береді.
Дәрігерге колл-орталық арқылы жазылуға болады
Депутат бейінді дәрігерге тікелей жазылуды тіркеу бөлімінен бөлек колл-орталық арқылы ұйымдастыруды ұсынған болатын.
Министрлік бұл мүмкіндік қазірдің өзінде қарастырылғанын мәлімдеді.
«Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, азаматтарды, соның ішінде динамикалық байқауға жататын пациенттерді дәрігердің қабылдауына жазу медициналық ұйымның тіркеу бөлімі, телефон байланысы, оның ішінде медициналық ұйымның колл-орталығы, медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары және электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады», – деп жауап берді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар 2026–2028 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру жоспары аясында пациенттерді бағыттаудың бірыңғай қызметін құру қарастырылған.
«Жоспар шеңберінде жүгінуді бастапқы бағалауды, медициналық көмек алудың оңтайлы маршрутын айқындауды, қажетті көрсетілетін қызметке жазуды, ақпарат беруді қамтамасыз ететін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының тіркеу бөлімдері мен колл-орталықтары базасында пациенттерді бағыттаудың бірыңғай қызметін құру қарастырылған», – делінген жауапта.
Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігі дәрігер қабылдауына жазылу жүйесін жетілдіру, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және пациенттерді бағыттау жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Тұрғындар кезекті бұрынғыдай ұзақ күтпейді
Астанадағы «Жағалау» отбасылық денсаулық орталығының жалпы тәжірибе дәрігері Бақтыгүл Мұсаева қазіргі таңда тұрғындар бейінді мамандарға кезекті бұрынғыдай ұзақ күтпейтінін айтады.
«Қазір бейінді мамандардың қабылдауына жазылу тәртібі өзгерген. Бұрын пациенттер тар бейінді дәрігерлердің қабылдауын ұзақ күтуге мәжбүр болса, қазір медициналық орталықта QR-код арқылы жазылу жүйесі енгізілген. Бұл жүйе пациенттерге бейінді мамандардың қабылдауына сол күні-ақ жазылуға мүмкіндік береді. Ол үшін пациент QR-кодты сканерлеп, электронды жүйе арқылы өз бетінше талон алуы қажет. Бос уақыт пен қабылдау орнына қарай жазылу мүмкіндігі беріледі. Осылайша, пациенттер бұрынғыдай ұзақ кезек күтпей, бос орын болған жағдайда дәрігердің қабылдауына жедел жазыла алады. Диагностикалық зерттеулерге де қатысты сондай тәртіп енгізілген», – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, сырқаты ұлғайған, ауыр науқастарға «Жасыл дәліз» арқылы шұғыл, кезектен тыс медициналық қызмет көрсетіледі.
«Онкологиялық, ауыр науқасқа шалдықққан тұрғындарға және балаларға барынша жылдам, уақытында көмек беруге тырысамыз. Бейінді мамандарға алдын ала ескертіп, кезектен тыс қарауға жолдама береміз. Сондықтан, ол жағынан мәселе жоқ», – дейді ол.
Ауыл халқы кезекті әлі екі-үш апта күтуге мәжбүр
Ақмола облысы Целинолград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны Жырғаған Жәкей бейінді дәрігерлерге қаралу үшін кезекті екі-үш аптаға дейін күтетіндерін айтады.
«Біздің ауылда бейінді мамандар өте аз немесе жоқтың қасы. Жоқ маманға қаралу үшін аудандық ауруханаға бағыттайды. Сондықтан, кезекті екі, кейде үш апта күтіп жүреміз. Кейде сол мамандар ауырып қалады немесе демалыста болады. Ондай кезде бір ай күтуге тура келеді. Қаладағыдай жедел қызмет көрсету әлі бізге жеткен жоқ. Ауылдық, аудандық ауруханаларда бейінді мамандар тапшы. Қиындық содан туып отыр», – дейді ол.