14 шілде күнгі дайджест: жеті партиядан 546 кандидат, шетелдік бақылаушылар және экономиканың жай-күйі
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Бүгін, 14 шілде күні Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов мәлім етті.
Оның сөзінше, 2026 жылғы 13 шілдедегі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына жеті саяси партия өзінің партиялық тізімін ұсынған. Соның ішінде,
- «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінен – 63 кандидат;
- «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен – 69 кандидат;
- «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінен – 186 кандидат;
- «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінен – 47 кандидат;
- «Қазақстанның Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен – 72 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінен – 33 кандидат;
- «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінен – 76 кандидат.
Конституциялық заң талаптарына сәйкес саяси партиялар мынадай құжаттарды ұсынды:
- Біріншіден, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде саяси партияның тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі қоса берілген саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді.
- Екіншіден, партиялық тізім.
- Үшіншіден, азаматтың партиялық тізімге енгізілуге келісімі туралы өтініші.
- Төртіншіден, партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер.
- Бесіншіден, партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партияға мүшелігін растайтын құжат.
«Егер кандидат мүгедектігі бар адам болса, көрсетілген құжаттарға халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама қоса ұсынылады.Партиялық тізім ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясының шотына өз қаражаты есебінен сайлау жарнасын енгізеді.Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымында қызмет атқарған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады.Осылайша, Құрылтай депутаттығына өз кандидаттарын ұсынған жеті партияның тек екеуі ғана сайлау жарнасын төлейді.Сайлау жарнасының мөлшері туралы Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында жан-жақты түсіндірілген болатын.Қазіргі уақытта барлық саяси партиялар ұсынған құжаттар партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Конституцияның 35-бабының 3-тармағында, 54-бабының 3-тармағында және Конституциялық заңның 4-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды», - деді ол.
Орталық сайлау комиссиясына әзірге 60 байқаушыны аккредиттеу туралы өтініш түскен
Сондай-ақ, бүгінгі брифинг кезінде белгілі болғандай, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларын аккредиттеу 17 тамыз күні сағат 18:00-де аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі бойынша баяндама жасай келе, осы уақытқа дейін алпысқа жуық байқаушыны аккредиттеу туралы өтініш түскен.
«2026 жылғы 1 шілдеде Орталық сайлау комиссиясы депутаттар сайлауын халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылдаған болатын.Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы тарапынан сайлауды байқауға қатысу үшін бірнеше шет мемлекет пен халықаралық ұйымдарға шақырулар жолданды. Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен төрт шет мемлекет пен үш халықаралық ұйымның 60 байқаушысын аккредиттеу туралы ұсыныс түсті», - деді Мұхтар Ерман.
Ол алпыс сайлаушының географиялық мәліметіне сүйенсек:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясынан – 4 байқаушы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясынан – 19 байқаушы;
- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) сайлауды байқау миссиясынан – 32 байқаушы;
- Мальдив Республикасынан – 2 байқаушы, оның ішінде Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Абдулрахман Салах Рашид мырза;
- Палестина мемлекетінен – 1 байқаушы, Қазақстандағы Палестина елшісі Монтасер Әбу Зейд мырзаны аккредиттау туралы өтініш түскен.
Алты айда Қазақстан экономикасы қанша пайызға өскен
Бүгін сондай-ақ үкіметтің кезекті отырысы өтіп, онда Қазақстанның экономикасы алты айда қанша дамығаны жайлы есеп жария болды.
Үкімет отырысында сөз алған премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылғы қаңтар-маусымдағы елдің әлеуметтік-жкономикалық даму көрсеткішін айтып берді.
Оның айтуынша, қаңтар-маусымның қорытындысына сенсек, еліміздің экономикасы 4,1% жеткен екен. Бұл қаңтар-мамырмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді.
«Оң динамика нақты сектордағы өсу қарқынының биылғы қаңтар-мамырдағы 4 пайыздан 5,1%-ға дейін ұлғаюы есебінен болған. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсу сақталып, қызметтер көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Экономика өсуінің негізгі драйвері мұнайға қатысты емес сектор болып отыр. Биыл мұнайға қатысты емес сектордың өсу қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асты», - деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда көрсетіп отыр. Ал осы аралықта, яғни, қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд долларды құрады.