Артқа

Ақтөбеде «SARAP» сарапшылар клубы сайлау науқанының аралық қорытындыларын саралады

Фото: институт

Фото: институт

Ақтөбе қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) «SARAP» сарапшылар клубының көшпелі отырысын өткізді. «Сайлау – 2026: сайлау науқанының аралық қорытындылары және дауыс беру алдындағы жұмылдыру» тақырыбында өткен бұл басқосуға Астана қаласы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының сарапшылары, ғылыми орта мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Басқосуда саяси үдерістердің динамикасы, халықтың электоралдық белсенділігі мен партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты талқыланды.

Сайлаудан кейінгі жауапкершілік және диалог

Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Боқанова сайлау науқанының басты ерекшелігі ретінде теледебаттардың рөлін ерекше атап өтті. Талқылаулардың ашықтығы сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, саяси бәсекені мазмұнды ете түскен.

Сонымен бірге ол сайлаудың тек аралық кезең екеніне тоқталды: «Сайлау – қоғамдық-саяси үдерістің соңғы нүктесі емес. Дауыс беру аяқталғаннан кейін қоғам алдындағы жауапкершілік одан әрі арта түседі. Сайлауалды кезеңде айтылған бастамалар нақты шешімдерде жалғасын табуы тиіс», – деп атап өтті.

Қоғамдық консенсус пен кәсіби саясат мәселесі

ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының басшысы Риззат Тасым азаматтардың ел дамуының негізгі саяси бағдарларын кеңінен қолдайтынын және елде орнықты қоғамдық консенсустың қалыптасып келе жатқанын тілге тиек етті.

Өз кезегінде «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ президенті Арман Елдесов қоғамда саяси өкілдіктің сапасына қойылатын талаптардың артқанын айтып, салмақты шешімдер қабылдай алатын кәсіби Құрылтай қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді.

Жастар белсенділігі және азаматтардың заң шығаруға қатысуы

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Нарқазы Қартжан жастардың саяси процестерге қызығушылығы мен белсенділігі жоғары екенін атап өтсе, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайырғали Қалмұқанов заң шығару үдерісіне қарапайым азаматтарды тартудың практикалық мәніне тоқталды.

Сондай-ақ, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті кафедра меңгерушісі Айнұр Донаева электоралдық көңіл күйде өңірлік ерекшеліктер бар екенін, соның ішінде медицина мен әлеуметтік жағдайдың халық үшін басты назарда тұрғанын жеткізді.

Жаңа институционалдық модель және саяси мәдениет

Атырау қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Арман Баженов Халық Кеңесінің Құрылтаймен өзара іс-қимылы азаматтық қоғамның заң шығаруға қатысуын кеңейтіп, халық билігі қағидаттарын нығайтатынын тілге тиек етті. Ал БҚО Жазушылар одағының мүшесі Әділет Орынбасаров науқан кезіндегі партияаралық диалогтың мәдениетті түрде өтуі және «Таза Қазақстан» қағидаттарының сақталуы елдегі жоғары саяси мәдениетті көрсеткенін айтты.

Жауапты таңдау және дауыс беруге жұмылдыру

Ақтөбе облысының Азаматтық орталығының төрағасы Әлішер Мәжит ендігі басты міндет – бақылаушы позициядан жауапты таңдау жасауға көшу екенін баса айтты.

Отырыс соңында сарапшылар дауыс беру алдында азаматтардың хабардарлығын арттыру, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды тиімді пайдалану саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыратынын қорытындылады.