Артқа

Дәрігерлердің кәсіби мерекесі, экологиялық көрсеткіштер және цифрландыру: Күнделікті шолу

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бүгін медицина қызметкері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Мемлекет басшысы дәрігерлердің қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін айтты. Президенттің сөзінше, дәрігер мамандығы – ең қадірлі кәсіптердің бірі, ал медицина қызметкерлері ел азаматтарының денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондай-ақ ол салада адал еңбек етіп жүрген барлық маманға шынайы ризашылығын білдірді.

Қазақстандағы киік саны рекордтық көрсеткішке жетті.Қазақстанда жүргізілген көктемгі әуе санағының қорытындысы бойынша киік саны 4 млн 689 мың басқа жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға көп. Ең ірі популяция Орал өңірінде тіркеліп, шамамен 2,7 миллион басты құрады. Ал ең жоғары өсім Маңғыстау облысын қамтитын Үстірт популяциясында байқалып, киік саны бір жылда 52,6 пайызға артқан. Мамандардың айтуынша, киік санының тұрақты өсуі табиғатты қорғау шараларының тиімділігін көрсетеді.

АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін мұнай бағасы төмендеді. АҚШ пен Иран арасында уақытша бейбіт келісімнің жасалуы аясында әлемдік мұнай нарығында баға төмендеді. Келісімге сәйкес, соғысты тоқтату режимі тағы 60 күнге ұзартылып, осы кезеңде тараптар түпкілікті бітім шарттарын талқылайды. Осы жаңалықтан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,4 пайызға төмендеп, барреліне 78,41 долларды құрады, ал WTI мұнайы 75,83 долларға дейін арзандады. Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақтануы мұнай нарығындағы тәуекелдерді азайтып отыр.

Қазақстанның цифрлы кітапханасын әлемнің 122 елінен оқып жатыр. Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы (ҚазҰЭК) әлемдік деңгейде сұранысқа ие цифрлық білім платформасына айналып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері кітапхана материалдарының қаралым саны 3,6 миллионнан асты. Қазіргі таңда платформаны әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады. ҚазҰЭК қорында 86 мыңнан астам құжат, оның ішінде 10 мыңнан астам сирек кітап пен қолжазба сақталған. Алдағы уақытта Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу арқылы азаматтардың әдебиетке, ғылыми еңбектер мен архивтік материалдарға қолжетімділігі одан әрі кеңейтіледі.