Депутаттық мандат пен қолсұғылмаушылық: Депутатқа не істеуге болады, неге тыйым салынады?
Жарияланған күні:
Фото: parlam.kz
Елімізде жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайға қыркүйекте 145 депутат 5 жылға сайланады. Осы мақалада депутаттық мандаттың мәні неде, депутатқа не рұқсат етілген, не тыйым салынған және қандай жағдайларда мандат айырылатынын түсіндіреміз.
Депутаттық мандат дегеніміз не?
Мандат - сайлаушылар депутатқа берген сенімнің заңды түрде бекітілуі. Заңға сәйкес, депутаттың өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаты ретінде тіркеген сәттен басталады. Тіркелгеннен кейін депутат Қазақстан халқына ант береді:
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін».
Антты Президент өзі белгілеген тәртіппен қабылдайды. Осыдан кейін ғана депутат толыққанды өкілеттікке ие болады.
Сонымен қатар, депутатқа депутаттық куәлік пен төсбелгі беріледі. Бұларды Орталық сайлау комиссиясы тіркеу кезінде тапсырады, ал депутат оларды өз өкілеттігі мерзімінде пайдаланады.
Мандат депутатқа қандай құқық береді?
46-бапқа сәйкес, депутаттың негізгі құқығы - Құрылтай сессияларында және өзі мүше болатын органдардың отырыстарында шешуші дауыс беру құқығы. Бұдан бөлек, депутат:
- Құрылтайдың үйлестіру және жұмыс органдарын сайлауға және өзі сайлануға;
- отырыс күн тәртібі мен қаралатын мәселелер жөнінде ұсыныс енгізуге;
- лауазымды адамдардың кандидатурасы туралы өз пікірін білдіруге;
- депутаттық сауалмен жүгінуге (яғни министрге немесе басқа лауазымды тұлғаға ресми сұрақ қоюға);
- жарыссөздерге қатысып, баяндамашыларға сұрақ қоюға;
- заң жобаларына түзету енгізуге құқылы.
Бұл тізімде депутаттың Құрылтай ішіндегі жұмыс құралдары көрсетілген. Олар депутатты жай ғана «дауыс беруші» емес, заң шығару процесіне толыққанды қатысушы етеді.
Депутатқа не істеуге болмайды ?
44-баптың 2-тармағына сәйкес, депутатқа:
- басқа өкілді органның депутаты болуға (мысалы, мәслихат депутаты болуға);
- оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа ақылы лауазым атқаруға;
- кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
- коммерциялық ұйымның басшы органына немесе байқаушы кеңесіне кіруге құқығы жоқ.
Депутат тек халықтың мүддесіне қызмет етуі керек, ал жеке бизнесі немесе қосымша лауазымы оның объективтілігіне күмән тудыруы мүмкін. Егер депутат осы талаптарды бұзса, Орталық сайлау комиссиясының ұсынысымен өкілеттігі тоқтатылады.
Депутаттық қол сұғылмаушылық
Көбіне «депутаттық қол сұғылмаушылық» деген ұғым қоғамда «депутатқа ешнәрсе болмайды» деген түсінік қалыптастырып жатады.Іс жүзінде бұл олай емес.
53-бапта белгіленгендей, депутатты қылмыс үстінде немесе ауыр/аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оның өкілеттік мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз:
- ұстауға;
- күзетпен ұстауға;
- үйқамаққа алуға;
- күштеп әкелуге;
- сот тәртібімен әкімшілік жазалауға;
- қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды.
Бұл толық иммунитет емес, тек қосымша рәсімдік кепілдік. Депутатты жауапқа тарту мүлде мүмкін емес дегенді білдірмейді, керісінше, бұл процесс арнайы тәртіппен жүреді:
- Бас Прокурор Құрылтайға ресми ұсыныс жібереді.
- Бұл ұсыныс алдын ала Орталық сайлау комиссиясына қаралуға жіберіледі.
- Құрылтай екі апта ішінде мәселені қарауға тиіс, қажет болса қосымша ақпарат сұрай алады.
- Депутаттың өзі бұл мәселе қаралғанда отырысқа қатысуға құқылы.
- Құрылтай негізделген шешім қабылдайды.
Осы жерде маңызды нюанс бар: егер депутат кісі өлтіру, ұрлық сияқты ауыр қылмыс жасаса немесе қылмыс үстінде ұсталса, оның депутаттық тиіспеушілік құқығы жүрмейді. Полиция Бас Прокурордың рұқсатын күтпей-ақ оны бірден тергей береді. Тек бұл туралы 24 сағат ішінде депутатқа ресми хабарлауы тиіс.
Депутаттық тиіспеушілік - оны қылмыстан құтқару үшін емес, саяси қысым мен қорқытудан қорғау үшін керек. Бұл оның ештеңеден қорықпай, еркін жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Алайда депутат заң алдында жауап бермейді деген сөз емес, ол бәрібір жазаланады, тек оны тергеудің жолы күрделірек болады.
Қандай жағдайда депутат мандатынан айырылады?
Заң мандаттың тоқтатылуын екі топқа бөледі: тоқтату негіздері мен мандатынан айыру негіздері.
Мандат мына жағдайларда тоқтатылады:
- депутат өз еркімен орнынан түссе;
- қайтыс болса;
- сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болды немесе хабарсыз кетті деп танылса;
- өзін сайлаған партияның басшы органының шешімімен кері шақырып алынса;
- Конституция мен заңда көзделген өзге де жағдайларда.
Депутат мына бес жағдайда мандатынан айырылады:
- шетелге тұрақты тұруға көшіп кетсе;
- оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енсе (яғни сот оны қылмыс жасады деп таныса);
- Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылса;
- сайланған саяси партиясынан шықса немесе шығарылса;
- сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатса.
Екі тізімнің айырмашылықты мынада: біріншісі, депутаттың еркінен тыс немесе объективті себептермен болады, екіншісі, депутаттың өз іс-әрекеті мен тікелей таңдауының салдарынан болады.
Барлық жағдайда шешім автоматты түрде қабылданбайды. Орталық сайлау комиссиясы тиісті факті туралы қаулы қабылдайды, содан кейін Құрылтайдың өзі депутаттың өкілеттігін тоқтату туралы түпкілікті шешім шығарады.
Сонымен қатар, егер Құрылтайдың өзі таратылса, барлық депутаттардың мандаты автоматты түрде тоқтатылады.
Ауыр жаза емес, тәртіптік ықпал ету шаралары
Депутаттың мандатынан айырылуы - ең ауыр шара. Бірақ заң одан жеңілірек, тәртіптік сипаттағы жазалау құралдарын да қарастырады. Мысалы:
- дәлелсіз себеппен үш реттен артық отырысқа қатыспаса - сол күндер үшін жалақы төленбейді;
- бір айдан артық қатыспаса - жалақыдан басқа да бірқатар жеңілдіктерден (іссапар, көлікпен қызмет көрсету, санаториялық емдеу) айырылады;
- дауыс беру құқығын басқаға берсе - соған сәйкес қаржылық ықпал ету қолданылады;
- депутаттық әдеп қағидаларын бұзса - сынау, көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүрлеу, бір немесе үш отырысқа сөз бермеу, отырыс залынан шығарып жіберу немесе бір күндік жалақыдан айыру сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.
Бұл шаралар мандатты сақтай отырып, депутаттың тәртібін реттеуге бағытталған, яғни әр бұзушылық бірден мандаттан айыруға әкелмейді.
Депутатқа қысым жасалша ше? Кепілдіктер туралы
Иммунитеттен басқа, заң депутатты сырттан келетін қысымнан да қорғайды. 52-бапта тікелей жазылған: депутаттың міндетін атқаруына кедергі жасау мақсатында депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай да бір түрде ықпал ету - заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың лауазымды адамдары:
- депутат алдындағы өз міндеттерін орындамаса,
- депутатқа көрінеу жалған ақпарат берсе,
- депутаттық қызметтің кепілдіктерін бұзса, бұл да заңға сәйкес жауаптылыққа әкеледі.
Қол сұғылмаушылық депутатты қылмыстық қудалаудан рәсімдік түрде қорғаса, бұл норма депутатты әкімшілік немесе тұлғалық қысымнан қорғайды.
Депутаттық әдеп
Депутаттың сөйлеу мәдениеті, мінез-құлқы депутаттық әдеп аясында реттеледі. 55-бапта депутаттардың басшылыққа алуға тиіс негізгі мінез-құлық нормалары көрсетілген. Депутат:
- өзгелерге және Құрылтай жұмысына қатысатын барлық адамдарға сыйластық білдіруге;
- сөйлеген сөзінде негізсіз айыптау, дөрекі немесе қорлайтын сөздер қолданбауға;
- заңсыз немесе күш қолданатын әрекеттерге шақырмауға;
- Құрылтай жұмысына кедергі келтірмеуге;
- сөйлеушінің сөзін бөлмеуге;
- намысқа тиетін қимыл-ишарат жасамауға міндетті.
Бұған қоса, заң депутатқа мемлекеттік құпияны сақтау, депутаттық бланкіні тек ресми мақсатта пайдалану, ал шетелдік лауазымды адамдармен қарым-қатынаста Құрылтайдың атынан емес, тек өз атынан сөйлеу міндетін жүктейді.
Депутат баспасөзде, митингіде немесе әлеуметтік желіде сөйлегенде тек тексерілген фактілерді пайдалануға тиіс, ал егер қателессе, жәбір көрген адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрауы - заң бойынша оның парызы делінген.
Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін Құрылтай Төрағасының жанынан Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Кеңесші органның шешімдері ұсыныстық сипатта болады. Кеңестің функциясы:
- депутаттардың БАҚ пен онлайн-платформалардағы сөздеріне мониторинг жүргізу;
- азаматтар мен ұйымдардың депутаттарға қатысты шағымдарын қарау;
- бұзушылық анықталса, Құрылтай Төрағасына жазалау шарасын қолдану туралы ұсыныс енгізу.
Депутат отырысқа қатыспай қоя ала ма?
47-бапқа сәйкес, депутат Құрылтайдың және өзі мүше болатын үйлестіру мен жұмыс органдарының жұмысына қатысуға міндетті, әрі дауыс беруді жеке өзі жүзеге асыруға тиіс. Егер отырысқа келуге мүмкіндігі болмаса, бұл туралы Құрылтай Төрағасына немесе тиісті органның жетекшісіне алдын ала хабарлауы керек.
Сонымен қатар, депутат үйлестіру немесе жұмыс органының шешімімен келіспесе, ол өз көзқарасын Құрылтай отырысында ашық баяндауға немесе жазбаша түрде білдіруге құқылы.
Депутаттық сауал деген не?
Депутаттық сауал - депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарынан олардың құзыретіне кіретін мәселе бойынша ресми, негізделген түсіндірме талап етуі.
Бұл құрал арқылы депутат:
- Премьер-Министр мен Үкімет мүшелеріне;
- Ұлттық Банк Төрағасына;
- Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне;
- Бас Прокурорға;
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына;
- Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен мүшелеріне;
- астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне сауал жолдай алады.
Сауал Құрылтай отырысында ресми жария етіледі, оған жауап бір айдан аспайтын мерзімде берілуге тиіс. Қажет болса, жауап бойынша жарыссөз өткізілуі мүмкін, ал сауал мен жауап БАҚ-та жариялануы да мүмкін.
Депутат Бас Прокурорға немесе полиция басшыларына ресми сауал жолдағанда, нақты бір қылмыстық істің тергелуіне араласа алмайды. Оның «мына істі былай тергеңіз» немесе «мына адамды босатыңыз» деп талап қоюға құқығы жоқ. Бұл ереже тергеу мен соттың жұмысына саяси қысым жасатпау және олардың тәуелсіздігін сақтау үшін керек.
Депутаттардың кез келген мемлекеттік орган мен ұйымға кедергісіз кіруге және ондағы бастықтардың қабылдауына кезексіз кіруге заңды құқығы бар.
Депутат мемлекет есебінен қалай қамтамасыз етіледі?
Мандат депутатқа жауапкершілік жүктегендіктен, заңда депутаттың тәуелсіз әрі толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасайтын кепілдіктер қарастырылған:
Ақпараттық қамтамасыз ету: Құрылтай Аппараты депутатты барлық қажетті құжаттармен, анықтамалық материалдармен қамтамасыз етеді, ал мемлекеттік органдар депутаттың сұрауы бойынша консультациялық көмек көрсетуге міндетті.
- Жалақы мен демалыс: депутаттың жалақысы Конституцияда белгіленген тәртіппен айқындалады, сессиялар аралығында оған екі айлықақы мөлшеріндегі сауықтыру жәрдемақысымен қоса, 30 күндік ақылы демалыс беріледі.
- Тұрғын үй: астанадан тыс жерде тұратын депутаттарға өкілеттік мерзіміне тегін пайдалануға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беріледі.
- Іссапар және көлік: депутат сайлаушылармен байланыс жасауы, Құрылтай тапсырмаларын орындауы үшін елдің кез келген жеріне іссапарға шығуға, сондай-ақ жол жүру құжаттарын кезектен тыс алуға құқылы.
- Мандат аяқталғаннан кейінгі кепілдік: өкілеттік мерзімі аяқталған, депутат орнынан түскен немесе Құрылтай таратылған жағдайда, жаңа жұмысқа орналасқанға немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін депутатқа орташа айлық жалақысы мөлшерінде, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге жәрдемақы төленеді.
Депутаттық лауазым - құқықтар мен қатаң талаптардың тепе-теңдігі. Депутатқа заң шығару билігі берілгенімен, оған бизнеспен айналысуға тыйым салынады. Оның тиіспеушілік құқығы - жазадан қашудың жолы емес, саяси қудалаудан қорғаныс. Оны жауапқа тарту үшін Бас Прокурордың ұсынысы мен ресми келісімі керек. Егер депутат заң бұзса, партиядан шықса, азаматтығын өзгертсе немесе сотталса, оны мандатынан айырудың ережелері бар.
Дереккөз: «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 5 маусымдағы № 297-VIII Конституциялық Заңы