«E-Parliament» жүйесін жедел енгізу қажет»: Құрылтай төрағасы Бюроның бірінші отырысын өткізді
Жарияланған күні:
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі
Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Бюроның бірінші отырысын өткізіп, онда заң шығарушы органның алдында тұрған негізгі мәселелерді айқындады.
Бұдан басқа ол фракция жетекшілерімен Құрылтай регламентін дайындау мәселелерін талқылаған. Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа депутаттардың алдында қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституцияға сәйкестендіру Бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде белгіленген екен.
«Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басымдықтармен, сондай-ақ өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелермен бірге бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енеді», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.
Жалпы, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай қазір депутаттардың алдында жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы өркендету, сондай-ақ онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша жұмыс жүргізу міндеті тұрғанын атап өтті.
«Құрылтай жұмысының күн тәртібіне кітапхана ісі мен кітап басып шығару саласын дамыту, жаңа мемлекеттік наградалар – «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселелері де енгізіледі. Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау да жұмыстың жеке бір бағыты болмақ», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Баса айта кетерлігі, Айбек Дәдебай парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және «E-Parliament» жүйесін жедел енгізу қажеттігіне назар аударды.