Артқа

Күн дайджесті: Тоқаевтың тапсырмалары, докторантураға қабылдау және жаңа заңдар

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Кездесуде жаңа Конституция нормаларын іске асыру, мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясатты дамыту, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды.Аида Балаева заңнаманы жаңарту, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті дамыту, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейту, отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты іске асыру, білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып, өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін мемлекеттік органдардың жұмысын күшейтуді тапсырды.
Қазақстанда 3 шілдеден бастап докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Құжаттар 3 тамызға дейін қабылданады, ал емтихандар 4–20 тамыз аралығында өтеді. Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі.Биыл докторантураға түсу талаптарына өзгерістер енгізілді. Талапкерлер ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), зерттеу жоспарын, эссе мен ғылыми жарияланымдар тізімін (бар болса) ұсынуы тиіс. Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін кемінде 75 балл жинау қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды. Құжат Қазақстанда психологтардың қызметін алғаш рет кешенді түрде реттеп, олардың құқықтық мәртебесін, кәсіби талаптарын, әдеп қағидалары мен құпиялылық нормаларын айқындайды.Заңға сәйкес, енді психологиялық көмекті тек мемлекеттік тізілімге енгізілген және тиісті білімі бар мамандар ғана көрсете алады. Сонымен қатар құжатта манипуляциялық тәсілдер мен психоактивті заттарды қолдануға тыйым салынып, көрсетілетін психологиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру көзделген.
Астанада мемлекеттік қызметтерді жаңа форматта ұсынатын Smart Point цифрлық кеңсесі ашылды. Apple Store қағидатына негізделген кеңседе азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн алып, қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгіне алады.Жаңа кеңседе eGovGPT жасанды интеллект платформасы, құжаттарды рәсімдеуге арналған терминалдар, оқу сыныбы және тәулік бойы жұмыс істейтін құжат беру аймағы қарастырылған. Жоба мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және цифрлық сервистерді кеңінен енгізуге бағытталған.