Артқа

Маңғыстау облысындағы трагедия: Құрылтай депутаттары қаза тапқан сарбаздардың отбасына 146 млн теңге жинаған

Фото: Құрылтай

Фото: Құрылтай

Бүгін Құрылтай депутаттары Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

«Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Барлық депутаттардың атынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін орны толмас қасірет», – деді Айбек Дәдебай.

Құрылтай Төрағасы мен депутаттары қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек ретінде ерікті түрде ақша жинап берген. Депутаттар өз қаражаты есебінен 146 млн 650 мың теңге жинаған.

Соның ішінде:

  • депутат Айдарбек Қожаназаров, Руслан Идрисов, Мейірхат Қасымбаев, Бекжан Айтқұлов, Махамбет Хасенов әрқайсысы 20 млн теңгеден;
  • Дана Медеуова, Айжан Наимбекова және Бауыржан Жамаловтардың әрқайсысы 10 млн теңгеден;
  • Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамбедиев, Мұса Хайруллиевтердің әрқайсысы 5 млн теңгеден;
  • Бегалы Ералиев 500 мың теңге берген.

Бұлардан өзге, басқа депутатар да қаражат аударып жатыр. Айта кетейік, Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқан әскерлердің отбасыларына беріліп жатқан ақшаның ашық және тең бөлінуі үшін бірыңғай оператор таңдаған. Ол оператор ретінде «Ұлттық рух» қоры таңдалған.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері жинап берген 815 млн теңге қаражат осы қорға аударылған.