Артқа

Онлайн-платформалар Қазақстанның контентті жою талаптарын орындауға міндеттеледі

Фото: ЖИ

Фото: ЖИ

Қазақстан Республикасы Құрылтайының отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев медиакеңістікте жаңа сын-қатерлердің пайда болуы және деструктивті контенттің таралуы заңнамалық базаны уақтылы жетілдіруді талап ететінін атап өтті. 

Ұсынылып отырған нормалар мемлекет пен ірі технологиялық платформалар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Атап айтқанда, онлайн-платформалардың Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға нысанындағы ресми өкілдіктерін ашу жөніндегі талабы заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Өз кезегінде платформа иелері мен олардың өкілдіктері заңға қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін тікелей әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, 2026 жылдың 10 айында цифрлық кеңістікте заңға қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың шамамен 70 пайызы жойылды. Бұдан бөлек, аудиториясы бес мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігі енгізіледі.

Интернет-ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Заң жобаларындағы басты бағыттардың бірі – балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі әзірге іс жүзінде шектелмеген цифрлық ортада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осыған байланысты он алты жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылып, платформа иелеріне пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдау міндеті жүктеледі.

Бұл ретте аталған шектеулер тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен, жақындармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.

Аудиовизуалды платформалар мен онлайн-кинотеатрларды реттеу

Телевизиялық және өзге де аудиовизуалды контенттің дәстүрлі тәсілдермен қатар онлайн-кинотеатрлар арқылы да кеңінен таралуы бұл саланы заңнамалық тұрғыдан реттеуді талап етеді.

Атап айтқанда, аудиовизуалды платформа арқылы теле-, радиоарналарды тарату лицензия негізінде жүзеге асырылатын болады.

Ал онлайн-кинотеатрлар Қазақстан Республикасының аумағында заңды өкілін айқындауға міндеттеледі. Бұл медианарық қатысушыларының бәріне ортақ бірдей талаптар белгілеуге мүмкіндік береді.

Азаматтардың құқықтарын қорғау, бейнесін пайдалану және жаңа жауапкершіліктер

Түзетулер азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін цифрлық ортада қорғау тетіктерін едәуір күшейтеді. Атап айтқанда, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін теріске шығару ақпараты сол ақпарат таратылған бастапқы көзде, соның ішінде әлеуметтік желілерде де орналастырылуы тиіс.

Онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін және масс-медиа мен платформаларда былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалану шарттары нақтыланды: ашық дереккөздерден алынған фото және видео бейнелерді тек адамның өзі оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер оның қызметтік ісіне жатпайтыны тікелей бекітіледі.

БАҚ-та мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын жариялау кезінде олардың ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажырату үшін арнайы белгі қою міндеттеледі.

Білім беру контенті мен оккульттік қызметтердің ашықтығы

Білім беру контенті мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Министр атап өткендей, ұсынылып отырған талаптар азаматтарға білім беру курстарын ұсынатын тұлғалардың тиісті білімі бар-жоғын білуге, сондай-ақ ұсынылатын оккульттік қызметтердің нақты сипатын түсінуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, ұсынылған заң жобалары мемлекет пен ірі платформалар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетігін қалыптастырып, цифрлық ортаның қауіпсіздігін арттыруға және республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпей азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.