Құрылтайда масс-медиа заңдарын кімдер талқылап жатыр
Жарияланған күні:
Фото. Ақпарат
Қазақстанда масс-медиа және онлайн-платформалар туралы заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі Құрылтайда талқыланып жатыр.
Алайда заң жобасын әзірлеуге қатысуға ниет білдірген «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры жұмыс тобына бірден кіре алмады. Ұйымға алдымен жұмыс тобының құрамы жасақталып, бекітіліп қойғаны хабарланған. Кейін қордың заңгері Гүлмира Біржанова жұмыс тобына қосылғанын, бірақ түзетулердің басым бөлігі талқыланып, қабылданған соң ғана шақырылғанын айтып отыр.
Құрылтай жұмыс тобына сырттан сарапшыларды шақыруға болатынын мәлімдейді. Бірақ заң жобасы әзірленіп жатқанда тәуелсіз мамандардың пікірі қаншалық ескерілді деген сұрақ туындайды.
«Жұмыс тобының құрамы бекітіліп қойған»
2026 жылғы 5 қарашада «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының өкілдері масс-медиа және онлайн-платформалар туралы заңдарға түзетулер әзірлейтін жұмыс тобына қатыса алмағанын хабарлады. Қор директоры Диана Окремова мен заңгер Гүлмира Біржанова ұйымның жұмыс тобына қосылуға өтініш білдіргенімен, Құрылтай тарапынан жұмыс тобының құрамы әлдеқашан жасақталып, бекітілгені туралы жауап келген.
«Құқықтық медиа-орталық» – 2003 жылдан бері Қазақстанда медиа саласындағы құқықтық мәселелермен айналысып келе жатқан ұйым. Ұйым өкілдері бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы жұмыс топтарына, сондай-ақ парламенттің алдыңғы шақырылымдары кезінде заң жобаларын талқылауға қатысқан. Сондықтан Құрылтайдың жұмыс тобына қосыла алмауы қор өкілдері үшін күтпеген жағдай болған. Оған қоса сөз болып отырған түзетулер журналистердің кәсіби қызметіне, ақпарат таратуға және әлеуметтік желі қолданушыларының құқықтары мен жауапкершілігіне тікелей әсер етуі мүмкін.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Құрылтайға жұмыс тобының қызметіне қатысты хат жолдағанымен, ресми жауап келмеген.
«Мемлекеттік органдарда бейресми түрде “ұнамыз ұйым” деген ұғым қалыптасқан. Қоғамның мүддесі үшін жұмыс істейтін, мемлекеттік органдарға тәуелді емес ұйымдарды заңға енгізілетін түзетулерді талқылайтын жұмыс топтарына қатыстырмайды. Ұсынылып отырған түзетулердің ішінде теріс тұстары да, аздаған оң өзгерістер мен бейтарап нормалар да бар. Алайда жалпы алғанда, мемлекет сөз бостандығымен күресіп жатыр. Конституцияда әркімнің ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алуына және таратуына құқығы бар екені жазылған. Мемлекет сөз бостандығын қамтамасыз етуі керек. Бірақ іс жүзінде керісінше әрекет етіп, оны шектеп отыр. Әсіресе саясатқа қатысты мәселелерді жариялау мен мемлекеттік аппаратты сынауға келгенде бұл анық байқалады», – деп пікір білдірді «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының заңгері Сергей Уткин.
Parlametr редакциясы жұмыс тобының құрамына кімдер кіргенін анықтау үшін Құрылтайға сауал жолдады. Алайда сауал қарауға алынғанымен, ресми жауап келген жоқ. Дегенмен заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек Әшімжан сұрақтарымызға жауап берді.
Депутаттың айтуынша, жұмыс тобы 2026 жылғы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Құрылтайы Регламентінің 70-тармағына сәйкес Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрағасының қаулысымен құрылған. Құрамды қалыптастыру кезінде қатысушылардың кәсіби біліктілігі, тәжірибесі және масс-медиа мен онлайн-платформалар саласындағы қызметі ескерілген. Жұмыс тобына мемлекеттік органдардың, депутаттық корпус пен кәсіби және сарапшылық қоғамдастықтың, сондай-ақ масс-медиа саласының өкілдері енгізілген.
Алайда Жанарбек Әшімжан жұмыс тобының мүшелерін нақты атап көрсетпеді. Қоғамдық ұйымдардан, тәуелсіз журналистерден, медиа заңгерлер мен құқық қорғаушылардан кімдердің шақырылғаны туралы да мәлімет жоқ.
Депутаттың айтуынша, заң жобасын талқылауға қатысу тек жұмыс тобының бекітілген құрамымен шектелмейді.
«Заң жобасының бастамашыларын, депутаттарды, әзірлеуші органның және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өкiлдерін, ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды, Құрылтай Аппаратының қызметкерлерін тартуға құқығы бар», – деді Жанарбек Әшімжан.
Бірақ бұл жауап жұмыс тобына қатысушыларды іріктеудің нақты тәртібіне қатысты сұрақтарға жауап бермейді. Қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларға құрам бекітілгенге дейін өтініш беру мүмкіндігі ұсынылды ма? Кандидатураларды кім ұсынды? Іріктеу кезінде қандай өлшемдер басшылыққа алынды? Осы сұрақтарға еш жауап жоқ.
Сарапшыны жұмыс тобына кеш қосу қаншалық тиімді?
«Құқықтық медиа-орталық» заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, бастапқыда қор өкілдерінің жұмыс тобына қосылу туралы өтініштері қабылданбағанымен, кейін өзі ұйым атынан жұмыс тобының құрамына енгізілген. Бірақ бұл шешім қыркүйектен бері өткен отырыстардың басым бөлігі аяқталып, түзетулердің көбі талқыланғаннан кейін қабылданған.
«Заң жобасы әзірленіп жатқанын білген бойда «Құқықтық медиа-орталық» өкілдерін жұмыс тобының құрамына енгізу туралы өтініш жолдадық. Бірақ бізге жұмыс тобының құрамы жасақталып, бекітіліп қойғаны айтылды. Осындай маңызды түзетулер әзірленіп жатқанда, осы салада жұмыс істейтін тәуелсіз ұйымдардың қатысу мүмкіндігі неге ертерек қарастырылмады? Кейін мені ұйымымыздың атынан жұмыс тобына қосты. Бірақ қыркүйектен бері отырыстардың басым бөлігі өтіп кетті. Түзетулердің көбі қабылданғаннан кейін соңғы кезеңде қоса салғандай әсер қалдырады. Құрылтай мен депутаттар сарапшылардың қатысуына мүдделі болса, оларды жұмыс тобына уақытылы енгізуі керек», – деді заңгер.
Сарапшы жұмыс тобына қатысқанда оның пікірі шешім әлі талқыланып, өзгертілуі мүмкін кезеңде ескерілуі керек дейді ол. Тәуелсіз сарапшылардың қатысуы тек азаматтық қоғам үшін емес, заң шығарушы органның өзі үшін де маңызды. Себебі заң жобасын әзірлеушілер құқықтық нормалардың қағаз жүзінде қалай жазылғанын ғана емес, олардың күнделікті өмірде қалай қолданылатынын да ескеруі керек.
«Қазір Құрылтай журналистермен де, заңнаманы әзірлеуге жылдар бойы атсалысып келген сарапшылармен де арадағы байланысты шектеп алғандай әсер қалдырады. Заңдар тек мемлекеттік реттеу немесе мемлекеттік органдардың мүддесі тұрғысынан әзірленбеуі керек. Олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін, журналистер мен жалпы қоғамға қандай салдары болуы мүмкін екенін де ескеру қажет», – деді Гүлмира Біржанова.
Оның сөзінше, ұйым заңнаманы әзірлеу және жетілдіру жұмыстарына көп жылдан бері қатысып келеді. Ақпаратқа қол жеткізу, масс-медиа туралы заңдарға және басқа да заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу кезінде жұмыс істеп, бірқатар ұсыныстары заңнамаға енгізілді.
Сондықтан ұйым өкілдері жұмыс тобында аты аталып қоймай, заң жобасын әзірлеу кезінде нақты ұсыныстар әзірлеп, кәсіби деңгейде талқыға салуға ниетті.
Гүлмира Біржанова талқылауға тәуелсіз медиа заңгерлер мен құқық қорғаушылар қатыспаған жағдайда заң жобасы біржақты әзірленіп, журналистердің құқықтарын қорғау кепілдіктері ескерілмей қалуы мүмкін деп санайды. Онлайн-платформаларда адамдардың бейнесін пайдалануға қатысты ұсынылып отырған өзгерістер соның бір дәлелі. Жаңа редакцияда адам немесе оның өкілі бейнені пайдалануға тыйым салмаса, мұндай бейнені контентте қолдануға рұқсат етілетін жағдай қарастырылған. Мұндай нормалар журналистердің ғана емес, барлық интернет қолданушысының қызметіне әсер етеді. Сондықтан оның құқықтық салдарын алдын ала бағалау қажет.
Сондықтан тәуелсіз сарапшылардың қатысуы осындай мәселелердің ықтимал салдарын заң жобасы қабылданбай тұрып анықтауға көмектеседі. Ал олар талқылауға қатыспаса, заң шығарушылар нормалардың іс жүзінде қалай қолданылатынын толық ескермеуі мүмкін.
Құрылтай сарапшыларды шақыруға дайын
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанның жауабында сыртқы сарапшыларды отырыстарға шақыруға мүмкіндік бар екені айтылған. Жұмыс тобының құрамына кірмейтін қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тәуелсіз журналистер, медиа сарапшылар, құқық қорғаушылар мен басқа да бейінді мамандар отырыстарға қатыса алады.
«Жұмыс тобының құрамы заң жобасын жан-жақты әрі кәсіби деңгейде қарау қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылды. Бұл ретте қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуы жұмыс тобының бастапқы құрамын жасақтаумен ғана шектелмейді. Олардың ұсыныстарын, ескертулері мен сараптамалық пікірлерін заң жобасын одан әрі талқылау барысында ұсынуға және қарауға мүмкіндік бар. Заң жобасын жан-жақты әрі объективті қарау мақсатында жұмыс тобының отырыстарына қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, тәуелсіз журналистерді, медиа сарапшыларды, құқық қорғаушыларды және басқа да бейінді мамандарды қатысуы мүмкін», – деп жауап берді депутат.
Депутаттың сөзінше, олардың кәсіби пікірлері мен сараптамалық қорытындылары заң жобасының жекелеген нормаларын талқылау кезінде ескерілуі мүмкін. Жұмыс тобының құрамына енбеген мүдделі азаматтар мен қоғамдық ұйымдар ұсыныстары мен ескертулерін Құрылтай аппаратына ресми байланыс арналары арқылы жазбаша түрде жолдай алады.
«Түскен ұсыныстар белгіленген тәртіппен қаралып, заң жобасының реттеу нысанасына сәйкес болған жағдайда жұмыс тобы мүшелеріне жеткізіліп, одан әрі талқылау барысында ескеріледі», – деді Жанарбек Әшімжан.
Құрылтай өкілі азаматтық қоғаммен диалог орнатудың басқа да механизмдерін атады. Олардың қатарында қоғамдық талқылаулар, сарапшылық кездесулер, консультациялар өткізу және мүдделі ұйымдар мен азаматтардан жазбаша ұсыныстар қабылдау бар.
«Құрылтай үшін заң жобасының сапалы әзірленуімен қатар, оны талқылау барысында қоғамның түрлі топтарының пікірлері мен ұсыныстарын ескеру де маңызды. Осыған байланысты барлық мүдделі тараптың сындарлы ұсыныстары мен ескертулері заң жобасын одан әрі жетілдіру кезінде назарға алынады», – дейді депутат Жанарбек Әшімжан.
Бұл ретте Құрылтай Регламентінің 67-тармағында тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарында заң жобасын талқылау ашық түрде жүргізілетіні жазылған. Отырыстың күні, уақыты мен орны туралы ақпарат депутаттар мен мүдделі адамдарға алдын ала жеткізілуге тиіс. Ал 70-тармақ жұмыс тобына қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың, ғалымдар мен сарапшылардың өкілдерін тартуға құқық береді. 71-тармақ бойынша жұмыс тобы жетекшісінің шешімімен оның құрамына кірмейтін өзге де адамдар отырыстарға шақырылуы мүмкін.
Демек, Құрылтай регламенті сыртқы сарапшылардың қатысуына мүмкіндік береді. Алайда бұл норма оларды міндетті түрде жұмыс тобына қосу немесе әрбір ұсынысын қарау міндетін жүктемейді. Сарапшыларды шақыру жұмыс тобы жетекшісінің шешіміне байланысты.
«Ашық НҚА» порталы қоғамдық пікірді ескеруге жеткілікті ме?
Заң жобасын жұмыс тобына кірмей-ақ талқылаудың тағы бір жолы – «Ашық НҚА» порталында ұсыныс қалдыру. Алайда Гүлмира Біржанова оның тиімділігіне күмән келтіреді.
Оның айтуынша, қоғамдық талқылауға қатысу, депутаттарға өтініш жолдау, сараптамалық қорытынды дайындау және жария пікірталастарға қатысу арқылы заң жобасына ықпал етуге болады. Бірақ олардың ешқайсы жұмыс тобының жұмысына тікелей қатысумен бірдей тиімді емес.
«Әрине, қоғамдық талқылаулар, басқа да алаңдар бар. Депутаттарға өтініштер жолдау мен сараптамалық қорытындылар әзірлеуге болады. Біз оларды пайдаланамыз. Бірақ бұл жұмыс тобына тікелей қатысқандай тиімді емес. Ал “Ашық НҚА” порталында талқылау тиімсіз. Өзіңмен-өзің сөйлескендей әсер қалдырады», – дейді ол.
Бұл пікір қоғамдық талқылау механизмдерінің сапасына қатысты мәселені көтереді. Заң жобасы порталға жарияланғанымен, азаматтардың ұсыныстары қалай қаралатыны, қайсысы қабылданғаны немесе не себепті қабылданбағаны туралы кері байланыс болмаса, қоғамдық талқылаудың нәтижесін бағалау қиын.
«Жұмыс тобына басынан бастап қатысқан кезде заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға, балама редакция ұсынуға, белгілі бір норманы алып тастаудың қажет екенін дәлелдеуге мүмкіндік бар. Ал мұның бәрін шешімдер қабылданып қойғаннан кейін жасау әлдеқайда қиын», – дейді медиа заңгер.
Сондықтан заң жобасын жариялау мен азаматтардың пікірін нақты ескеру – екі бөлек процесс. Ашықтық тек құжатқа қол жеткізу мүмкіндігімен шектелмей, ұсыныстардың ескерілгені туралы ақпарат беруді де қамтуы керек.
«Құрылтай – ашықтыққа мүдделі болуы керек орган. Оның үстіне, “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” заңда да оның қызметі ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделетіні жазылған. Алайда әзірге бұл жай ғана декларация күйінде қалып отыр», – дейді Гүлмира Біржанова.
Бұл ретте Құрылтай өкілінің ұстанымы басқа. Жанарбек Әшімжан жұмыс тобының құрамын қалыптастыруда кәсіби біліктілік пен тәжірибе ескерілгенін, ал сыртқы сарапшылардың ұсыныстарын қабылдау мен оларды талқылауға тарту мүмкіндігі сақталғанын айтады. Бірақ жұмыс тобының нақты құрамы және олардың қалай іріктелгені туралы сұрақ жауапсыз қалды.
2026 жылғы 13 қарашада Құрылтай Бюросы алдағы отырыстың күн тәртібіне онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын енгізді.
Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек Әшімжан 18 қараша күні Құрылтайдың бірінші оқылымына шығарылатынын, ары қарай талқылау жалғасатынын айтып отыр.
Талқыланып жатқан нормалар тек медиа ұйымдарының қызметіне емес, әлеуметтік желілердегі пікір білдіру еркіндігіне, жеке адамның бейнесін пайдалануға, ақпарат таратуға және интернеттегі жауапкершілікке қатысты.
Гүлмира Біржанованың айтуынша, ұйым өкілдері енді заң жобасын зерделеп, қажет деп тапқан нормаларға қатысты ұсыныстарын дайындайды. Ұйым құжатпен толық танысқанына небәрі бірнеше күн болғандықтан, әзірге нақты түзетулер тізімін ұсынуға асықпайды. Дегенмен кейбір нормалар қосымша құқықтық талдауды және қайта қарауды қажет етеді дейді.