Артқа

Орталық сайлау комиссиясында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық басталды

Фото: ОСК

Фото: ОСК

Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында биылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлау науқаны ресми түрде іске қосылды. Айтулы шара заң шығару билігін бір палаталы Құрылтайға жүктеген жаңа Конституцияның күшіне енген күнімен тұспа-тұс келді. Жиынға бейнебайланыс арқылы өңірлік сайлау комиссияларының басшылары, әкімдік өкілдері, саяси партиялар мен бірнеше министрліктің жауапты тұлғалары қатысты.Отырыс барысында сайлаудың күнтізбелік жоспары бекітіліп, сайлау құжаттарының нысандары мен сайлаушылар тізімін түзу мәселелері қаралды. Сонымен қатар заңнамадағы жаңашылдықтар, саяси партияларды ұсыну тәртібі, халықаралық байқаушылардың қызметі мен комиссия мүшелерін оқыту процесі талқыланды. ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл науқанның жаңа Ата заң аясында өтетін тарихи сәт екенін алға тартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз үндеуінде бұл кезеңді елдің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртатын Әділетті Қазақстанның жаңа дәуірі деп атап өтті.
Құрылтай сайлауында 12,5 миллионнан астам сайлаушы дауыс береді
Биылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берушілердің нақты саны белгілі болды. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, Сайлаушылар тізіліміне тұрақты тіркелген 12 561 644 азамат енгізілген. Сайлау науқанын өткізу үшін елімізде және әлемнің 64 мемлекетінде барлығы 10 427 сайлау учаскесі (оның ішінде 82 шетелдік учаске) жұмыс істейді. Жергілікті әкімдіктер сайлаушылар тізімін учаскелік комиссияларға 2 тамызға дейін ұсынады, ал азаматтар өз деректерін 7 тамыздан бастап тексере алады. Тұрғылықты жерінен басқа өңірде дауыс беретін азаматтар үшін есептен шығару куәліктерін беру 7 тамызда басталып, 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады. Азаматтардың өз деректерін оңай әрі жылдам тексеруі үшін арнайы колл-орталықтар, цифрлық сервистер мен интернет-ресурстар іске қосылады. Орталық сайлау комиссиясы барлық қазақстандықтарды ел тарихындағы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына белсенді қатысуға шақырады.
Жаңа заңнамаға сәйкес, бір палаталы Құрылтайға пропорционалды жүйемен 5 жыл мерзімге 145 депутат сайланады. Бұл науқанда өткен сайлауда 5 пайыз және одан көп дауыс жинаған партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылса, 1 пайыздан асқандарына жеңілдіктер қарастырылған. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:00-де басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Сондай-ақ, заң бойынша сайлау күні толтырылған бюллетеньді суретке және бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратуға қатаң тыйым салын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін реттейтін арнайы қаулы қабылдап, сайлауды бақылаудың құқықтық негізін бекітті. Заңнама бұзылған жағдайда Сыртқы істер министрлігі тарапынан берілген халықаралық аккредитацияны кері қайтарып алу тәртібі де қарастырылған. Сонымен қатар, сайлау процесін жаңа конституциялық модельге сай біркелкі ұйымдастыру мақсатында сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесін қамтитын үш кезеңдік каскадтық оқыту жүйесі іске қосылды. Оқыту бағдарламасы аясында арнайы әдістемелік кешен мен фильмдер дайындалып, қатысушылардың біліктілігі қашықтан тестілеу арқылы тексеріледі. Жиынды қорытындылаған ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау науқанының барлық кезеңінде заң талаптарының мүлтіксіз сақталуы басты міндет екенін атап өтті.