Артқа

ОСК тіркеген партиялар, сайлау заңнамасындағы жаңалықтар және «Байтақ» съезіндегі текетірес

Фото: ОСК

Фото: ОСК

Бүгін өткен «Байтақ» жасылдар партиясының V кезектен тыс съезінде ішкі кадрлық жанжал орын алып, саяси кеңес мүшесі Асқар Иманәлиев партияда басшылықтың ауысу қағидаты сақталуы тиіс деген уәжбен төраға Азаматхан Әміртайды қызметінен ауыстыруды талап етті. Өз кезегінде төраға өңірлік өкілдіктердің толық қамтылмауын алға тартып, бұл мәселені күн тәртібіне қосудан бас тартты және жиын барысында «тәртіп бұзды» деген айыппен БАҚ өкілдерін залдан шығаруға әрекет жасады. Партия ішінде 2023 жылы да орын алған осы тектес алауыздықтарға қарамастан, съезд соңында жарияланған сайлауға қатысушы үміткерлердің партиялық тізіміне наразылық білдіруші А. Иманәлиевтің де есімі енгізілді.
 «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» (ЖСДП) «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 87-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы ресми құжаттарын өткізді. Орталық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруге кірісті. Сайлау заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістерге сай, Құрылтай депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы тек ресми тіркелген саяси партияларға ғана тиесілі және бекітілген күнтізбелік жоспар бойынша бұл үдеріс 2026 жылғы 13 шілде, сағат 18:00-ге дейін жалғасады.

Орталық сайлау комиссиясында төраға Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен мараптамалық кеңестің VI отырысы өтіп, онда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен басталған Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы аясындағы жаңа құқықтық нормалар талқыланды. Сонымен қатар, Кеңес мүшесі С. Имашева сайлау науқандарын халықаралық стандарттарға сай ашық қаржыландыру тетіктерін баяндап, жиын соңында бұл сарапшылық алаңның сайлау заңнамасын ғылыми тұрғыдан жетілдірудегі рөлі ерекше айтылды.

 «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 87-бабы аясында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы ресми құжаттарын тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы бұл құжаттардың заң талаптарына сәйкестігін белгіленген тәртіп пен мерзімде қарайтын болады. Сайлау заңнамасына сәйкес, Құрылтай депутаттығына үміткерлер тізімін ұсыну құқығы тек ресми тіркелген саяси партияларға ғана тиесілі және бекітілген күнтізбелік жоспар бойынша бұл кезең биылғы 13 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.