Артқа

Парламент, LRT, жаңа әуежай және халықаралық ынтымақтастық: күннің басты оқиғалары 

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтті. Осы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы саяси науқан ашық, адал және әділ бәсеке қағидаттарына негізделуі тиіс. Сонымен қатар Тоқаев Құрылтай құрамына тек отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл азаматтар енуі қажет екенін атап өтті.

Tarlan Astana: LRT жолаушыларының саны 3 млн-нан асты.Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылғалы бері оны 3,1 миллион адам пайдаланды. Қазіргі таңда LRT-нің орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 70 мың адамды құрайды.Сонымен қатар елордада Қосшы бағытына арналған LRT-нің екінші кезеңінің құрылысы басталды. Жоба көлік инфрақұрылымын дамытуға, қатынауды жеңілдетуге  және тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы жол жүру жағдайын жасауға бағытталған. Президент көлік-логистика саласын дамытуды стратегиялық басымдықтардың бірі деп атады. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежай құрылысы көп ұзамай басталуы тиіс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде жаңа әуе бағыттары ашылып, авиациялық хабтарды дамыту жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ теміржол және автожол инфрақұрылымын жаңғырту, транзиттік әлеуетті күшейту және әуе жүк тасымалына арналған арнайы компания құру жоспарланып отыр.

Қазақстан мен Грузия стратегиялық әріптестікті нығайтуға келісті. Премьер-министр Олжас Бектенов Грузия Үкіметінің басшысы Ираклий Кобахидземен келіссөздер өткізіп, сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Тараптар бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екенін растады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 184,5 млн долларды құрады.