Парламент «Президент туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Жарияланған күні:
Фото: parlam.kz
Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қос палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарап, оны екінші оқылымға дайындайтын комиссия құрды.
Бұл конституиялық заң жобасы бойынша Парламенттің алдында Әділет министрі баяндама жасады.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы 8 тарау мен 43 баптан тұратынын хабарлады. Әділет министрі осы сегіз тараудың мән-мағынасын қысқаша ашып беруге тырысты.
Заң жобасының бірінші тарауы Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесін, қызметке кірісу тәртібін, өкілеттік мерзімі және Президент лауазымын атқаруға байланысты шектеулерді қамтыған. Бұл тарау көбіне елімізде 2022 жылы қабылданған «суперпрезиденттіктен» бас тарту тәртібін қамтыған. Яғни, бұл заң жобасында да президент бір рет жеті жылға сайланады және президент саяси партияға мүше бола алмайды.
Екінші тарау президенттің өкілеттігін бекітеді. Яки, ол президент Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатын айқындайтын құзіретке ие болады. Бұл тарау сондай-ақ президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын реттеп бермек.
«Алғаш рет жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Олардың қатарында Кеңестің құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері көзделген. Бұл жоғары консультативтік органның мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесіне үйлесімді қосылуын қамтамасыз етеді», - деді Әділет министрі.
Үшінші тарауға сай, Қазақстанда қайта жанданатын вице-президент лауазымын президент Құрылтайдың келісімін ала отырып тағайындай алады. Вице-Президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара
іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету.
Төртінші тарауға сай, Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтап қалса, болмаса, Құрылтай уақытша болмаса, , п, оның уақытша болмауы кезеңінде) президент өз актілері арқылы конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығара алады.
Әділет министрінің айтуынша, 5-тараудағы өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Одан әрі 6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-Президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді.
Парламент депутаттары Әділет министрі мен депутат Жанарбек Әшімжанның қосымша баяндамасынан кейін «Президент туралы» конституциялық заңның жобасын бірінші оқылымда қарап, оны мақұлдап және заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін комиссия құруға дауыс берді. Комиссияға депутат Үнзила Шапақ төраға болатын болды және комиссия 2026 жылдың 20 мамырына дейін заң жобасын екінші оқылымға дайындайды.