Артқа

Партиялар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы жүйелі негізде артып келеді – «Sarap» клубының сарапшылары

Фото: институт

Фото: институт

Бүгін, 6 тамыз күні Қазақстандық қоғамдық даму институты «Азаматтық қоғам және партиялар. Өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеу жолында» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының аймақтық отырысын өткізді.

Отырыс барысында сарапшылар саяси жаңғыру жағдайындағы азаматтық қоғамның рөлін, оның саяси партиялармен өзара іс-қимылын, қоғамдық диалог пен азаматтық белсенділікті дамытуға ықпалын талқылады.

Отырысты ашқан ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым қоғамдық ұйымдар халықтың партияға деген сұранысын терең түсінуге ықпал етеді дейді.

«Азаматтық қоғам бүгінде саяси үдерістердің толыққанды қатысушысына айналды, ал оның саяси партиялармен өзара іс-қимылы жүйелі сипатқа ие болды. Қоғамдық ұйымдар партияларға халықтың сұранысын тереңірек түсінуге, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге және азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді. Мұндай әріптестік қоғамдық диалогтың жаңа тетіктерін қалыптастырып, азаматтардың елдің саяси өміріне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді», – деп атап өтті ол.

Институттың Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Әлия Масалимованың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігі, халық пікірін ескеру, кері байланыс тетіктерін дамыту және өңіраралық теңгерімсіздікті азайту азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін әсер етеді.

Орталық сайлау комиссиясының аймақтағы жұмыстары жалғасып жатыр

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник инспекциялық сапармен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол Петропавл қаласында мемлекеттік органдардың өкілдерімен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды даярлау және өткізу мәселелері бойынша өткен кеңеске қатысты.

Кеңес барысында уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері сайлауға дайындық барысы мен жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат берді. Михаил Бортник сайлауды сайлау заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес өткізуді қамтамасыз етуді тапсырып, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және сайлаушылар үшін қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де баса мән берілді.

Жұмыс сапары аясында Михаил Бортник Аққайың ауданының Астраханка және Смирново ауылдарында орналасқан сайлау учаскелерінде болып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Ол сайлаушыларды жүйелі әрі уақытылы ақпараттандырудың, сондай-ақ байқаушылар мен сенім білдірілген адамдардың жұмысына қажетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ОСК мүшесі Аққайың ауданының сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысты.

2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарының сайлауында Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 558 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 15 аумақтық және 543 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Жалпы сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге 3196 сайлау комиссиясының мүшесі тартылады.

Астанада әуе таксиі сынақтан өтті

Астанада EH216-S ұшқышсыз әуе таксиі бірінші рет жолаушы мінгізіп, әуеге ұшқан.  

Әуе кемесі екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырым, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.

«Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5-30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады. Жоба ұшқышсыз әуе жүйелерін түрлі салада пайдалануды көздейді. Атап айтқанда, оларды шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға қолдану жоспарланған. Сонымен қатар, жоба аясында Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерінің өндірісін кезең-кезеңімен өзімізде өндіру көзделіп отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.