Артқа

Партиялық квота: қалай өзгерді және бүгін қалай жұмыс істейді

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Қазақстанда саяси партиялардың кандидаттар тізімінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін міндетті 30%-дық квота белгіленген. ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми бекіткен ережесінде партиялық тізімге енгізілген әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны үміткерлердің жиынтық санының кемінде 30 пайызына тең болуы тиіс деп жазылған. Бұл талап тек сайлаудың басында, тізімді тіркеу кезінде, ғана емес, сайлау қорытындысы бойынша депутаттық мандаттарды бөлу кезеңінде міндетті түрде сақталады. Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 1 шілдедегі шешіміне сәйкес, аталған норма Құрылтай депутаттарын сайлау процесіне де толықтай қолданылады.

Квота қалай пайда болды

2020 жылы Қазақстан заңнамасына алғаш рет тек әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Сол кезеңдегі заң жобасында жастар санаты нақты «29 жасқа толмаған адамдар» деп көрсетілді. Бастапқыда бұл ереже тек партиялық тізімді сайлауға тіркеу сәтінде ғана тексерілетін, ал сайлау қорытындысы бойынша депутаттық мандаттарды бөлу кезінде оның сақталуы міндетті болмады.

Заң жобасын түсіндірген кездегі сол тұстағы Әділет вице-министрі Наталья Пан мұны ашық мойындаған. Ол 30 пайыздық квота тек партиялық тізімді тіркеу үшін ғана көзделгенін, сондықтан мандаттарды бөлу кезінде оның сақталуына кепілдік жоқтығын түсіндірген. Оның сөзінше, партияларды әйелдер және жастармен жұмыс істеуге ынталандыратын «эволюциялық жол» ретінде ойластырылған.

2021 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында квотаның екі негізгі мәселені атап көрсетті: квотаның депутаттар құрамында көрініс таппауы және мүгедектігі бар жандардың саясаттан тыс қалуы. Осыған байланысты Президент квота аясына мүгедектігі бар адамдарды қосуды және бұл талапты мандаттарды бөлу кезінде де міндетті етуді тапсырды.

2022 жылы осы ұсыныстар заңнамаға енгізілді. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға түзету еніп, мүгедектігі бар адамдар квотаға қосылды, ал квотаны сақтау міндеті депутаттық мандаттарды бөлу сатысына міндетті ереже ретінде бекітілді.

Кейіннен, 2023 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға енгізілген түзетуге сәйкес, елімізде жастардың жас шегі жалпы 35 жасқа дейін көтерілді.

Неге нақ осы үш санат?

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) жетекші сарапшысы Гүлмира Тоқанованың түсіндіруінше, квотаның маңызына кеңірек тоқталып, оны тек белгілі бір топтардың мүддесін шектейтін тар түсінік деп қарамау керек. Оның пайымдауынша, саяси квоталаудың негізгі мақсаты — биліктегі пікір алуандығын арттыру, шешім қабылдау кезінде тек біржақты гендерлік немесе әлеуметтік көзқараспен шектеліп қалмау және қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндік беру. Әйелдердің, жастар мен мүгедектігі бар жандардың мемлекеттік басқару ісінде дәстүрлі түрде тасада қалып қоятынын ескерсек, бұл үш санаттың таңдалуы өте қисынды. Соның айқын бір мысалы - 2021 жылғы сайлаудан кейін Мәжілісте 29 жасқа толмаған жалғыз-ақ депутаттың болуы еді.

Бұл өзгеріс іс жүзінде нені өзгертеді?

Мәселенің ең нәзік әрі ең маңызды тұсы - кандидаттардың тізімнің соңында емес, басынан аяғына дейін аралас орналасуында жатыр. Мұндай қадамға баруға өткен сайлаулардағы қателіктер мен жинақталған тәжірибе себеп болды.

Квота тек тізімді тіркеу кезінде ғана тексерілген 2020–2022 жылдары партиялар бұл талапты құр қағаз жүзінде ғана орындап келді. Олар тізімге қажетті 30 пайыз әйелдерді, жастарды немесе мүгедектігі бар жандарды қосқанымен, олардың қай қатарда тұратыны заңмен реттелмеді. Соның салдарынан партиялар бұл үміткерлерді тізімнің ең соңына, яғни депутаттық орын алуға мүмкіндігі мүлдем жоқ артқы қатарларға ысырып тастап отырды. Дәл осы мәселе ескеріліп, енді 30 пайыздық квота тек тізімді тіркегенде ғана емес, мандаттарды бөлу кезінде де есептеледі, бұл осы топтардың билікке шын мәненде келуін қамтамасыз етеді.

Квотаның шектеулері

Бұл квота жүйесіне қатысты сыни пікірлер де бар. Мысалы, халықаралық құқық сарапшысы Халида Әжіғұлова 2020 жылы парламенттік жұмыс тобының мүшесі ретінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың бір ортақ 30 пайыздық квотаға біріктірілуіне қарсы шыққан. Оның пікірінше, бұл санаттарға, әсіресе гендерлік теңдікке арналған жеке-жеке квоталар белгіленуі керек еді. Өйткені ортақ бір квота болған кезде, партиялар 30 пайыздық міндеттемені көбіне тек жастар мен мүгедектігі бар үміткерлер есебінен толтырып, әйелдердің санын мүлдем көбейтпей-ақ қоюына мүмкіндік туады.

Бұл жағдай статистикадан да көрінді. Егер 2021 жылы Мәжілістегі әйел депутаттардың үлесі шамамен 27,4 пайыз болса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 18,4 пайызға дейін төмендеп кеткен. Яғни, квота заң жүзінде жұмыс істеп тұрғанымен, парламенттегі әйелдердің нақты саны өсудің орнына азайып қалған.

Орталық Азиядағы контекст: салыстырмалы талдау

Орталық Азия елдерінде квота жүйесі әртүрлі тәсілдермен қолданылады. Бұл ретте әр мемлекеттің өзіндік тәжірибесі мен заңнамалық ерекшеліктері бар:

Өзбекстанда квота тек әйелдерге арналған. Елде 2004 жылы енгізілген 30 пайыздық көрсеткіш 2023 жылғы түзетулермен 40 пайызға дейін көтерілді. Соның нәтижесінде 2024 жылғы сайлаудан кейін Заң шығарушы палатадағы әйелдердің үлесі 32 пайыздан 38 пайызға дейін өсті.

Қырғызстанда 2007 жылдан бері 30 пайыздық квота жұмыс істеп келді, ал 2025 жылы ол 34 пайызға дейін ұлғайтылды. Мұнда тиімділікті арттыру үшін арнайы механизм қолданылады: бір сайлау округіндегі үміткерлер тізімінде қатар тұрған үш орынның екеуінен артығын бір жыныстың өкілдері иелене алмайды. Осының арқасында 2025 жылғы сайлауда әйелдер үлесі бірден 12,9 пайыздық пунктке өсті.

Тәжікстан мен Түрікменстанда заң жүзінде бекітілген міндетті гендерлік квота мүлдем қарастырылмаған.

Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның моделі өңірдегі басқа елдерге ұқсамайды. Еліміз үш түрлі әлеуметтік топты бір ортақ 30 пайыздық квотаға біріктірген аймақтағы жалғыз мемлекет. Сарапшылардың дәл осы ерекшелікпен байланысты жүйені сынға алады.

International IDEA дерекқорының жалпы мәліметі бойынша, квоталар әлемде үш формада кездеседі: конституциялық (мысалы, Буркина-Фасо, Уганда), сайлау заңындағы (Бельгия, Франция, Босния-Герцеговина, Словения) және партиялардың өз еркімен қабылдаған ерікті квота.

Партиялық квота - саяси өкілдіктегі тарихи теңсіздікті түзетуге арналған уақытша, мақсатты құрал. Оның тиімділігі екі нәрсеге: квотаның қандай кезеңде тексерілетініне (тек тізім тіркелгенде ме, әлде мандат бөлінгенде де ме) және кандидаттардың тізімде қай орында тұрғанына байланысты болады. Қазақстан 2022 жылдан бастап екі олқылықты заңнамалық түрде жоюға тырысты. Ал енді енгізілген жаңа реформалардан кейін бұл модельдің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін алдағы 2026 жылғы Құрылтай сайлауының нәтижесі көрсетпек.

Дереккөздер:

ҚР Орталық сайлау комиссиясы, ресми хабарламалар (election.gov.kz, 2023, 2026)

Kazinform, «Зачем нужна 30-процентная квота на выборах в Мажилис – пояснение эксперта» (Г. Тоқанова, ҚСЗИ, 2023)

Kazinform, «Как будет внедряться 30% квота для женщин и молодежи в партийных списках» (Н. Пан, әділет вице-министрі, 2020)

Vlast.kz, «Партии обяжут держаться квот не только до выборов, но и после них» (2021)

Factcheck.kz, «Почему в Парламенте Казахстана становится меньше женщин?» (Х. Ажигулова түсіндірмесі, 2025)

Azattyq, «Чтобы тихо отсиживались». В парламенте стало ещё меньше женщин» (2023)

The Times of Central Asia, «Kazakhstan's New Kurultai Elections: What the 30% Quota Could Mean for Women in Parliament» (2026)

International IDEA, Gender Quotas Database

IPU Parline, Kyrgyzstan Data on women; IFES, Elections in Uzbekistan 2024 Parliamentary and Local Elections; Equal Future (UN Women/Eurasia), Women's representation in politics