Артқа

Қазақстан жаңалықтарының дайджесті: Халықаралық білім бағдарламалары және резонанстық оқиғалар

Фото: parlam.kz

Фото: parlam.kz

«Болашақ» бағдарламасының жаңа грант иегерлері анықталды. Республикалық комиссия шешімімен 184 қазақстандыққа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Оның ішінде 137 адам магистратурада, 10 адам докторантурада білім алады, ал 37 маман шетелде кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар 51 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың отбасына көңіл айтты.Денсаулық сақтау министрлігі әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы оның өмірі үшін күрескен. Алайда ауыр бас-ми жарақаты салдарынан қайтымсыз өзгерістер орын алып, 2026 жылдың маусымында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік дамыған. Ербаян Мұхтардың биологиялық өлімі 23 маусым күні тіркелді.

Алаяқтар танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат таратты. Дәрігер әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жасап, өзінің аман-есен екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, алаяқтар атын пайдаланып, түрлі дәрі-дәрмек жарнамалаған. Жалған ақпараттан кейін дәрігердің туыстары мен әріптестері алаңдап, хабарласқан.

Блогер Жұлдыз Жауынбаева әлеуметтік желіде әкесінің тарапынан бала кезінде жыныстық сипаттағы зорлық көргенін мәлімдеді. Алайда оның ата-анасы бұл ақпаратты жоққа шығарған. Полиция жарияланған материалдарды тексеріп, тараптардың уәждерін зерттеп жатыр. Сонымен қатар ата-анасының арызы негізінде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік іс қозғалып, блогер ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартылмақ.