Қазақстанда мерзімінен бұрын мәслихат сайлауы өтетін болды
Жарияланған күні:
Фото: Ақорда
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі мәслихаттың өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтап, жуырда Орталық сайлау комиссиясы мәслихат сайлауының күнін жария етеді деді.
Президенттің айтуынша, қазіргі мәслихат депутаттарының көбі кезінде «Amanat» партиясының атынан сайланған. Бүгінде ол саяси ұйым басқа партияға қосылып, қызметін тоқтатқандықтан, мәслихат депутаттарының қызметіне қатысты мәселе туындайды, дейді президент.
«Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын», - деді президент.
Осылайша, Тоқаев хабарлағандай, жуырда Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек.
«Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді. Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін», - деді президент.