Қазақстандағы басты жаңалықтар: президент қабылдауы, Euronews жоспары, БАӘ-мен келісім және Конституциялық сот шешімі
Жарияланған күні:
Фото: Ақорда
Бүгін, 7 шілде күні Қазақстанда Қазақстан халық партиясы XXV кезектен тыс сьезін өткізді. Осы сьезінде партия Құрылтай депутаттарының сайлауына ұсынатын сайлауалды бағдарламасын бекітіп, Құрылтайға өтетін депутаттарының тізімін қараған.
Бүгін сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, бірінші жартыжылдықтың қорытындысын тыңдады: бұл кезеңде 5,8 трлн теңгені қамтыған 13 ірі аудит жүргізіліп, мемлекет бюджетіне 128 млрд теңге қайтарылды. Жылдың екінші жартыжылдығында палата тағы 20 мемлекеттік аудитті аяқтауды жоспарлап отыр, оның ішінде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің бюджеттері, фармацевтика саласы, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол», «Жасыл даму» компаниялары мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы тексерістен өтеді.
Euronews телеарнасы директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид Қазақстанда кезекті ұлттық арна немесе өңірлік филиалдар ашу жоспарда жоқ екенін, жобаның басты мақсаты - халықаралық жаңалықтарды қазақ тілді аудиторияға тікелей жеткізу және елдегі оқиғаларды арна тарайтын 20 тіл арқылы әлемге таныту екенін мәлімдеді. Астана бюросының жетекшісі Боян Бркичтің айтуынша, контентті қазақ тіліне бейімдеу үшін командаға Maqsut Narikbayev University жанындағы Халықаралық журналистика мектебінің үш жас түлегі тартылған, сонымен қатар Euronews Academy аясында отандық мамандар мен студенттерге арналған халықаралық тренингтер жалғаса бермек.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ішкі істер министрліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды, құжат үстіміздегі жылдың 25 шілдесінен бастап күшіне енеді. ІІМ өкілі Ақтоты Боранованың түсіндіруінше, келісім аясында Қазақстан азаматтары БАӘ-ге туристік немесе іскерлік сапармен барғанда ұлттық куәлікпен көлік басқара алады, ал бұл елге ұзақ мерзімге қоныс аударып, тұруға ықтиярхат алған жағдайда жүргізуші куәлігін қосымша емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға мүмкіндік туады.
Конституциялық сот президенттің өтініші бойынша негізгі заңдағы бірқатар лауазымды тұлғалардың, соның ішінде Мемлекет басшысының, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларының және Бас прокурордың өкілеттік мерзімдеріне қатысты нормаларға ресми түсіндірме берді: құжатқа сәйкес, аталған қызметтерді 1995 жылғы Конституция кезеңінде атқарған тұлғалардың бұрынғы мерзімдері есепке алынбайды және жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін олардың қайта сайлануы немесе тағайындалуы алғашқы рет деп есептеліп, бұған ешқандай конституциялық-құқықтық кедергі болмайды.