Артқа

Қазақстандағы ең ірі сайлауалды сауалнама не көрсетті

Фото: инфографика

Фото: инфографика

Қоғамдық пікірге жасалған әлеуметтанулық зерттеулер сайлау процесіне қатысушылардың бастапқы позицияларын айқындауға мүмкіндік береді. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) тапсырысы бойынша DATAmetrics компаниясы жүргізген сауалнама парламенттік науқан ресми түрде басталғанға және белсенді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенге дейінгі азаматтардың электоралдық көңіл-күйінің құрылымын көрсетеді.

Зерттеу әдіснамасы

Сауалнама 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында бетпе-бет (face-to-face) сұхбаттасу әдісімен жүргізілді. Іріктеме жиынтығы Қазақстанның барлық өңірлерінен, соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар — Астана, Алматы және Шымкентті қосқанда 8 000 респондентті құрады.

Дамудың жалпы бағытын бағалау және сайлауға қатысу әлеуеті
Зерттеудің негізгі индикаторларының бірі — азаматтардың ел дамуының жалпы бағытына деген көзқарасы болды. Мемлекеттің қозғалыс векторы туралы сұраққа респонденттердің 87,8%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп жауап берді.
Әлемдік әлеуметтанулық тәжірибеде (соның ішінде Gallup және Eurobarometer зерттеулерінде) бұл көрсеткіш қоғамдағы жалпы оптимизм мен тұрақтылық деңгейін өлшейді, бірақ нақты бір саяси бірлестіктерді электоралдық қолдау көрсеткішімен теңестірілмейді.
Дауыс беруге қатысуға дайын екендігін респонденттердің 75,6%-ы білдірді. Оның ішінде:

•    44,2%-ы сайлау учаскелеріне нақты баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді;
•    31,4%-ы «әбден қатысуым мүмкін» деп жауап берді.

Бұл көрсеткіштер сауалнама жүргізілген сәттегі азаматтардың қазіргі ниетін көрсетеді. Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, нақты сайлаушылардың келуі науқанның қорытынды кезеңіндегі ақпараттық күн тәртібінің ықпалымен қалыптасады. Салыстыру үшін: 2023 жылғы парламенттік сайлауда Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметі бойынша сайлаушылардың нақты келуі 54,19%-ды (6,52 млн адам) құраған болатын.

Электоралдық таңдаудың бөлінісі

Респонденттерге: «Егер алдағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтетін болса, Сіз қай саяси партияға дауыс берер едіңіз?» деген болжамды сұрақ қойылды. Зерттеу жүргізілген сәтте жауаптар келесідей бөлінді:

Сауалнамаға қатысушылардың 54,2%-ы «Әділет» партиясына дауыс беруге дайын. Екінші орынды 7,3% көрсеткішпен «Ауыл» партиясы иеленсе, одан кейінгі кезекте «Ақ жол» (4,6%), Respublica (3,4%), Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (2,4%), Қазақстан Халық партиясы (2,1%) және «Байтақ» (1,1%) тұр. Респонденттердің тағы 2,3%-ы бәріне қарсы дауыс беруге дайын екенін жеткізген.

Таңдау жасамаған аудиторияның рөлі

Жауап құрылымында әлі нақты шешім қабылдамаған азаматтардың үлесі айтарлықтай жоғары — 22,6% (шамамен әрбір бесінші респондент). Қазақстандағы сайлаушылардың жалпы санының масштабымен алғанда бұл пайыз бірнеше миллион адамға тең.
Сайлау науқандарын өткізудің халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, сайлаушылардың бұл тобының таңдауы әдетте үгіт-насихат кезеңінде — предвыборлық платформалармен танысқаннан кейін, кандидаттардың ашық дебаттарға қатысуы және партиялардың медиа кеңістіктегі белсенділігі артқан тұста қалыптасады.

Осылайша, ұсынылған мәліметтер сауалнама жүргізілген сәттегі қоғамдық пікірдің бастапқы жағдайын бекітеді, ал дауыстардың түпкілікті бөлінуі саяси партиялардың сайлау күніне дейінгі қалған апталарда электораттың әлі таңдау жасамаған бөлігімен жұмысының тиімділігіне байланысты болады.

Жалпы алғанда, DATAmetrics зерттеуі бірден бірнеше маңызды үрдісті айқындайды: ел дамуының жалпы бағытын қолдаудың жоғары деңгейі сақталып отыр — оны сауалнамаға қатысқандардың 87,8%-ы оң бағалайды.