Артқа

Қазақстандағы сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы ма

Фото: Орталық сайлау комиссиясы

Фото: Орталық сайлау комиссиясы

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Құрылтай сайлауына орай, елдегі сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты ыңғайлы, яғни, қолжетімді екенін тексерген. Тексеру елдегі 9 015 сайлау учаскесінің 90% астамы мүгедектігі бар азаматтар үшін ыңғайлы екені анықталған.

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мониторингті жергілікті әкімдіктер және сайлау комиссияларымен бірге жүргізген. Мониторинг  9 015 сайлау учаскесінің 1 333-ін сайлауға дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімдеу керек деген қорытындыға келген.

«Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскесінің қолжетімділігі тек кіреберістегі пандуспен шектелмейді. Маңыздысы – әр азаматтың учаскеге өздігінен, кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, дауыс беруге қажетті барлық құралдарды пайдалана алуы», - деп хабарланған министрліктің ресми сайтында.

  • Азаматтардың қажеттілігіне қарай сайлау учаскелерінде мынадай жағдайлар қарастырылады:
  • пандустар немесе көтергіш құрылғылар;
  • көмек шақыруға арналған батырмалар;
  • тактильді көрсеткіштер;
  • ені белгіленген талаптарға сәйкес келетін есік ойықтары
  • арнайы автотұрақ орындары;
  • көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдар;
  • Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар;
  • ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі.

Айта кетейік, елімізде дауыс беру жасына жеткен 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады.

Қай өңірлердегі сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімсіз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мониторингісіне сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ең қолайлы сайлау учаскелері Астана, Шымкент және Алматы қалаларында орналасқан. Ал, керісінше, сайлауға дейін бейімдеу керек учаскелер көбіне Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қажет.

Жалпы, Еңбек министрлігі дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси да ұсынуы керек екенін еске салып отыр. Мүгедектігі бар азаматтар сайлау учаскесіне бармас бұрын  сайлау учаскесіндегі жағдай туралы ақпарат сұратуға да құқылы.

«Қажет болған жағдайда сайлаушы өзі таңдаған адамның көмегін пайдалануға құқылы. Ал денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар белгіленген тәртіппен өз үйінде дауыс бере алады», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

Әкімдіктер сайлау күніне дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қожетімсіз учаскелерді жөндеуге міндетті

Дәл осы тақырып бүгін Орталық сайлау комиссиясында тақыланды. Яғни, бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысында сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға жағдай жасауға қатысты практикалық мәселелер талқыланған.

Отырыста  учаскелік сайлау комиссияларының сайлау учаскелерінің жай-күйіне қатысты жасаған мониторингі жария болды. Әрбір өңір бойынша осы мониторинг аясында анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыным әзірленген. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, жергілікті атқарушы органдар қажетті жұмыстарды дауыс беру күніне дейін орындауға дайын екендерін растаған екен.

Үшінші теледебат: кім кімнен кейін сөз сөйлейді

Ертең, 12 тамыз күні Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың үшінші теледебаты Jibek Joly арнасында өтеді. Ал бүгін тікелей эфирде  жеребе тарту рәсімі өтіп, партия өкілдерінің пікірсайыста сөз сөйлеу реті анықталды.
Осы жеребеге сай, ертеңгі теледебатта партиялар мына ретпен сөз сөйлеп, сұрақтарға жауап береді:

  1. «Ақ жол» партиясы — Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин;
  2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы — Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова;
  3. «Әділет» партиясы — Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев;
  4. Қазақстанның Халық партиясы — Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова;
  5. «Ауыл» партиясы — Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов;
  6. «Байтақ» партиясы — Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев;
  7. Respublica партиясы — Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова;