Қазақстанның заң шығарушы жүйесіндегі үлкен реформа
Жарияланған күні:
parlam.kz
КІРІСПЕ
2026 жылдың 8 мамыры Қазақстанның заң шығарушы билік жүйесіндегі трансформациялық процестердің шарықтау шегіне айналды. Бұл күні Парламенттің бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл қадам 2025 жылы басталған конституциялық реформаның заңды жалғасы және еліміздің саяси архитектурасындағы маңызды заңдар. «Құрылтай және оның депутаттары» туралы заң жобасын әзірлеуге 2026 жылдың 15 наурызы күні өткен Референдум және оның негізінде қабылданған Конституция негіз болды. Арада екі айға жуық уақыт өте депутаттар Құрылтай туралы конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап отыр. Парламент ішінен құрылған комиссия заң жобасын 20 мамырға дейін екінші оқылымға дайындайды. Егер заң жобасы қабылданып жатса, онда ол
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне еніп, Құрылтай Парламенттің ресми құқықтық мұрагері ретінде өз жұмысын бастайды.
Осы сәттен бастап 1995 жылғы Парламент туралы және 1997 жылғы Комитеттер мен комиссиялар туралы заңдардың күші жойылады.
БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТТІҢ БОЛАШАҚТАҒЫ БЕТ-БЕЙНЕСІ
Заң жобасы 12 тараудан және 60 баптан тұрады. Оны әзірлеу кезінде конституциялық реформаның нәтижелерін ескеріле отырып, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, сондай-ақ Парламент пен оның Палаталары регламенттерінің ережелері пайдаланылды.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл болады. Бір палаталы парламент институционалдық инерцияны төмендетіп, заң жобаларын бір жерден қаратады және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік палатар арасында шашырамайды. Заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды. Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді.
Заң жобасында Құрылтай қызметінің ұйымдастырушылық нысандары (сессиялар, отырыстар, тыңдаулар, үкімет сағаттары), оның органдарының құрылымы (Төраға, Бюро, комитеттер, комиссиялар), сондай-ақ заң шығару процесін жүзеге асыру тәртібі реттеледі.
Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды, сондай-ақ депутаттардың мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді, оның ішінде депутаттық бірлестіктерді қалыптастыру, парламенттік көпшілік пен оппозиция, депутаттық әдеп қағидалары мәселелерін қамтиды.
Сонымен бірге заң жобасында Құрылтай – Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болатыны туралы тиісті норма бар. Заң қабылданып күшіне енетін болса, Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобаларын Құрылтай осы Конституциялық заңға және Құрылтайдың Регламентіне сәйкес қарайды.
ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ БАСТЫ ҚҰЗІРЕТТЕРІ
Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру, Премьер-Министрдің баяндамаларын тыңдау және Үкімет мүшелерімен консультациялар өткізу құқығына ие болады. Яғни, бұл болашақтағы бір палаталы парламенттің бақылау функциясы. Құрылтай Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, ОСК және Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау құзыреті беріледі. Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие болып, Құрылтайға тиісті шешімдер енгізу арқылы халықтың үнін тікелей жеткізуге мүмкіндік алады. Мемлекеттік бюджетті қозғайтын депутаттық бастамаларға Үкіметтің қорытынды ұсыну мерзімі конституциялық деңгейде 3 ай болып бекітілді.
ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ЭТИКАСЫ МЕН ОНЫ БҰЗУДЫҢ ЖАЗАСЫ
Жаңа заң жобасында депутаттардың моральдық-этикалық бейнесіне де басымдық берілген. Депутаттардың жауапкершілігін қадағалау үшін Құрылтай Төрағасының жанынан кеңесші орган — Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Депутаттар депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда оларға қатысты жазалау шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін Құрылтай Төрағасының жанынан кеңесші орган – Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құру көзделеді.