Қазақстанның жаңадан құрылған Құрылтайы алғашқы шетелдік делегацияны қабылдады
Жарияланған күні:
Фото: Құрылтай
Қазақстанның Құрылтайы құрылғаннан кейін оған алғашқы шетелдік парламенттік делегация келді. Құрылтайдың ресми сайты хабарлағандай, Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының мүшесі, Қорғаныс жөніндегі арнайы комитеттің төрағасы Тан Дэси бастаған парламенттік делегациямен кездесті.
Кездесу кезінде Қазақстанның Құрылтайы мен Британия парламентінің арасындағы парламентаралық қарым-қатынасты дамытудың нақты бағыттары қаралған.
«Нұрлан Бекназаров Құрылтай комитеттері мен Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар және Лордтар палаталарының тиісті комитеттері арасында тікелей диалог орнатудың маңызын атап өтті. Заң шығару үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектіні жауапты әрі қауіпсіз пайдалану бағытында тәжірибе алмасу ұсынылды», - деп хабарлайды Құрылтайдың ресми сайты.
Құрылтайда өткен кездесуде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, стратегиялық әріптестікті тереңдету, сондай-ақ екі ел парламенттерінің бейінді комитеттері арасындағы байланысты дамыту мәселелерін талқылады.
Нұрлан Бекназаров Ұлыбритания парламентшілерінің сапарының саяси және тарихи мәніне тоқталды.
«Бұл сапар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан-Британ стратегиялық ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін», – деді Бекназаров.
Екі тарап сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейту, көлік-транзит әлеуетін арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллект, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Өз кезегінде Тан Дэси Ұлыбритания тарапы Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл үдеріске екі ел парламентшілерінің белсенді қатысуы қосымша серпін береді.