Артқа

Құрылтай БАҚ өкілдерін аккредиттау қағидаларын бекітті

Фото: Құрылтай

Фото: Құрылтай

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай Құрылтайдың Бюро отырысын өткізіп, Бюро бірнеше маңызды мәселені қараған.  Соның ішінде, Құрылтайдың жұмыс істеу регламентінің жобасы талқыланып, БАҚ өкілдерін аккредиттеу қағидалары бекіген. Қағиданың мәтіні әлі жарияланған жоқ.

Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, Регламент жобасы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес әзірленді.
Құжат Құрылтай депутаттарының қызметін нақты құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді. Онда парламентаризм саласында жинақталған тәжірибе, Құрылтайдың бір палаталы моделінің ерекшеліктері, сондай-ақ оның конституциялық өкілеттіктерінің жаңа жүйесі ескерілген.

«Регламент жобасында Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің жұмысын ұйымдастыру, заң жобаларын қараудың бірыңғай үш кезеңді моделі мен сараланған мерзімдері, сондай-ақ Құрылтайдың Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен кешенді өзара іс-қимылын реттеу мәселелері қамтылған», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Бюро отырысында Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің заңнама салалары бойынша қызмет бағыттары және олар жетекшілік ететін мемлекеттік органдар айқындалды.

Айта кетейік, бүгін Құрылтай әлеуметтік желідегі парақшаларында Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің басшысы мен мүшелері туралы инфографика таратып, ақпарат ұсынған еді.