Артқа

Құрылтай депутаттарының жалақысы қанша және оларға қандай талаптар қойылады?

Фото: Депутаттарының жалақысы

Фото: Депутаттарының жалақысы

10 қыркүйекте Құрылтай депутаттарының алғашқы пленарлық отырысы өтті. Жиыннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылды. Брифингте депутаттардың қандай әрекеттері іскерлік әдеп нормаларын бұзу болып саналатыны және мұндай жағдайда қандай тәртіптік жаза қарастырылғаны айтылды. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлімдеді.

 

Депутат тек шынайы ақпарат беруі тиіс

Дания Еспаеваның айтуынша, депутаттар сөз сөйлеп тұрған адамға себепсіз ескерту жасаса немесе депутаттардың, сондай-ақ басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөз айтса, бұл депутаттық әдепті бұзу болып саналады. Сонымен қатар, депутаттық әдеп ережелері тек Құрылтайдағы отырыстар кезінде ғана емес, депутаттардың Құрылтайдан тыс уақыттағы әрекеттеріне де қатысты. Яғни, депутаттар жұмыс уақытынан тыс кезде де өздерін әдеп нормаларына сай ұстауы тиіс.

Құрылтай депутаттарына БАҚ өкілдерімен сөйлесуге қатысты да талап қойылған. Олар журналистерге берген сұхбатында, жауабында немесе сөйлеген сөзінде тексерілген әрі шынайы ақпарат беруі тиіс.

Дания Еспаеваның айтуынша, депутат қандай да бір мәселе туралы нақты дерек келтіріп, бірақ ол ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, бұл да депутаттық әдепті бұзу болып есептеледі.

«Бір нәрсе орындалмай жатыр деп жай ғана айту немесе қандай да бір дерек келтіру, бірақ оның шынайы болмауы да депутаттық әдепті бұзу болып саналады», – деді Дания Еспаева.

 

Жария кешірім сұраудан жалақыдан айыруға дейін

Құрылтайда депутаттардың әдеп нормаларын бұзуына қатысты шағымдарды қарайтын Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Дания Еспаеваның айтуынша, кеңеске жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да депутаттардың әрекетіне қатысты шағым түсіре алады. Сонымен қатар,  кеңес депутаттарға әдеп талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс тәртібі туралы ереже бір күн бұрын қабылданған. Құжатта әдеп нормаларын бұзған депутаттарға қолданылатын бірнеше жаза түрі қарастырылған. Мысалы, оған ескерту жасалып, сөгіс беріледі немесе көпшілік алдында кешірім сұрау міндеттеледі.

Сондай-ақ, депутатқа Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салынуы мүмкін. Қатаң жаза ретінде үш отырыс қатарынан сөйлеуге шектеу қойылады.

Заңда депутатты Құрылтайдың бір немесе үш отырысынан шығару мүмкіндігі де қарастырылған. Ал ең қатаң жаза – бір күндік жалақысынан айыру.

Бұл ретте соңғы шешімді Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес жеке өзі қабылдамайды. Кеңес мәселені қарап, тиісті шешім шығарады. Одан кейін мәселе Құрылтай сессиясында қаралады.

Дания Еспаева кеңестің міндеті тек депутаттардың әдеп нормаларын бұзуын қараумен шектелмейтінін айтты. Кеңес депутаттарға ережелерді түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Оның айтуынша, қазіргі Құрылтай депутаттарының шамамен 70-80 пайызы жаңарған, сондықтан көптеген депутат үшін бұл жұмыс тәртібі жаңа.

 

Енді мінберден құттықтауға болмайды

Журналистер депутат Снежанна Имашевадан Құрылтай отырысы кезінде құттықтау айтуға қатысты да сұрақ қойды. Атап айтқанда, мәселе құттықтаудың өзінде ме, әлде бұл үшін отырыс уақытын пайдалануда ма деген сұрақ қойылды.

Имашева Құрылтай регламентінің 274-бабының 5-тармағына сілтеме жасады. Оған сәйкес, депутат Құрылтайдың, сондай-ақ оның жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуі керек. Сонымен қатар, депутат өз өкілеттігіне қатысы жоқ жеке немесе басқа да мәселелер бойынша сөз сөйлеу уақытын пайдалана алмайды.

Имашеваның айтуынша, мұндай талап бұрын Мәжіліс регламентінде болмаған. Алайда, жинақталған тәжірибені ескере отырып, бұл норма жаңа құжатқа енгізілген.

«Мінберден жеке мәселелерді айтуға болмайды. Тек депутаттық өкілеттікке қатысты мәселелерді айту керек», – деді Имашева.

Журналистер одан депутатты этика нормаларын өрескел бұзғаны үшін мандатынан айыру мүмкін бе деп те сұрады.

Имашеваның айтуынша, депутат мандатынан айырылуы мүмкін. Алайда,  бұл туралы шешімді депутатты ұсынған партия қабылдайды. Ол үшін Құрылтайдың Депутаттық әдеп жөніндегі кеңесі комиссиясының тиісті қаулысы да болуы қажет.

Құрылтай депутаттарының жалақысы қанша 

Құрылтай депутаттарының жалақысы еңбек өтіліне қарай 600 мың теңгеден 1  млн теңге арасында бекітіледі. Бұл жайлы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты.

«Қазіргі депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетеді.Егер депутаттың еңбек өтілі жоғары болса, оның жалақысы миллион теңге болады», – деді Дания Еспаева.

Оның айтуынша, әдеп бұзған депутаттың бір күндік жалақысы осы айлыққа қарай есептеледі.

Яғни, 600 мың алатын депутаттың бір күндік жалақысы 29 мың болса, миллион алатын депутаттардың бір күндік жалақысы 48 мың теңге болады деген сөз.