Артқа

Құрылтай мен ТүркПА: Парламентаралық ынтымақтастық пен түркі бірлігі талқыланды

Фото: Құрылтай

Фото: Құрылтай

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Рамиль Гасанды қабылдады. Кездесу барысында Құрылтай мен ТүркПА арасындағы серіктестіктің басым бағыттары жан-жақты сөз болды.

Түркі бірлігі және халықаралық миссия

Тараптар тамыз айында өткен Құрылтай сайлауындағы ТүркПА бақылаушылар миссиясының жұмысына оң баға беріп, бауырлас түркі елдерінің парламенттері арасындағы дәстүрлі қарым-қатынасты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысқа Қазақстан ерекше басымдық береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі айтып жүр. Біз – бауырлас халықпыз, тарихымыз бен мәдениетіміз ортақ. Бұл ретте, ТүркПА-ның түркі интеграциясындағы алатын орны ерекше», – деді Айбек Дәдебай.

Өз кезегінде Рамиль Гасан Айбек Дәдебайды Құрылтай Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, Қазақстанда жүргізіліп жатқан Президент реформаларының қоғам игілігі мен еларалық қатынастарды дамытудағы рөлі зор екенін жеткізді.

Алдағы маңызды шаралар

Кездесу соңында Қазақстанның ТүркПА ұйымына төрағалық ету мерзімі жуырда аяқталатыны атап өтілді. Сондай-ақ қазан айында Бішкекте өтетін Ассамблеяның 15-ші Жалпы отырысының маңыздылығына тоқталып, бұл шара ұйым аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірілді.