Құрылтай осы аптадағы отырысында қандай заң жобаларын қарайды
Жарияланған күні:
Фото: Құрылтай
Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы отырыстың күн тәртібі бекітілді. Жиында мемлекеттік наградаларды жетілдіруге бағытталған заң жобасы, маңызды халықаралық құжаттар және өңірлік өзара іс-қимыл мәселелері талқылауға шығарылатын болды.
Жаңа мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес отандық қайраткерлердің еңбегін ерекше бағалау үшін екі жаңа марапатты белгілеу ұсынылып отыр:
«Шәмші Қалдаяқов» медалі — отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін;
«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы — бейнелеу өнері саласындағы көрнекті туындылары үшін.
Халықаралық келісімдер және ратификациялау
Отырыста елдің экономикалық және әскери-техникалық салалардағы серіктестігін нығайтатын маңызды құжаттар қаралады:
Мұнай жеткізу саласы: Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттама бірінші оқылымға шығарылады.
Әскери-техникалық серіктестік: Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы тең құқылық қағидатына негізделген өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім депутаттардың қарауына екінші оқылымда ұсынылады.
Мәслихаттармен өзара іс-қимыл және цифрландыру
Күн тәртібіндегі басты жаңалықтардың бірі – I шақырылымдағы Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесті құру.
Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы азаматтардың өміріне қатысты заңдардың жан-жақты қарастырылып, кеңінен талқылануы қажет екенін атап өткен болатын. Жаңа кеңес заңдарды әзірлеуге өңірлердің қатысуын қамтамасыз етіп, жергілікті жердегі құқық қолдану практикасына мониторинг жасауға жауапты болады.
Сондай-ақ Бюро отырысында депутаттық сауалдармен жұмыс істеу қағидалары бекітілді. Бұл құжат бірыңғай регламентті енгізу арқылы депутаттық сауалдардың нәтижелілігін арттырып қана қоймай, жасанды интеллект технологиялары арқылы құжаттарды дайындау мен жауаптардың толықтығын тексеруді автоматтандыруға жол ашады.