Артқа

Құрылтай қалай жұмыс істейді және бұрынғы Парламенттен несімен ерекшеленеді

Фото. Құрылтай қалай жұмыс

Фото. Құрылтай қалай жұмыс

2026 жылғы 10 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа регламенті қабылданып, бұрынғы Парламенттің регламенттері күшін жойды. Құрылтай регламенті Құрылтай депутаттарының қызметін реттейді. Ол бұрын қолданыста болған құжаттар негізінде әзірленді. 

Регламент – органның өкілеттігін анықтайтын құжат емес, сол өкілеттіктің қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Онда отырысты шақырудан бастап, мәселені күн тәртібіне енгізу, талқылау, сөз беру, дауыс беру және шешім қабылдауға дейінгі процедуралар бекітіледі. Сондықтан Парламент пен Құрылтай регламенттерін салыстыру арқылы олардың тек атауы мен құрылымын емес, шешім қабылдау механизмдерінің қалай ұйымдастырылғанын да көруге болады.

Бұрынғы Парламент жұмысымен салыстыра отырып Құрылтай жұмысында шешім қабылдау механизмі қалай өзгергенін сараптаймыз.

 

Регламент деген не?

Қарапайым тілмен айтқанда, регламент – белгілі бір органның қалай жұмыс істейтінін белгілейтін ішкі рәсімдік ережелер жиынтығы. Яғни ол «не істеу керек?» дегеннен гөрі, «оны қалай, қандай тәртіппен және кімнің қатысуымен істеу керек?» деген сұрақтарға жауап береді.

 

Мысалы, Парламент немесе Құрылтай қандай да бір мәселені қарағанда:

·        отырыс қалай шақырылады;

·        күн тәртібі қалай қалыптастырылады;

·        кім сөз сөйлей алады;

·        пікірталас қанша уақытқа созылады;

·        ұсыныс немесе түзету қалай енгізіледі;

·        дауыс беру қалай өткізіледі;

·        шешім қалай қабылданады;

·        жұмыс органдары қалай құрылады;

·        төраға мен депутаттардың өкілеттігі қалай жүзеге асырылады деген мәселелерді нақты рәсімге түсіру қажет. Ал осы процестерді регламент реттейді.

·         

Регламент не үшін қажет?

 

Біріншіден, жұмыстың рәсімдік тәртібін белгілеу. Құрылтай секілді үлкен органда ондаған адам бір мезетте шешім қабылдауға қатысады. Егер отырыстың, талқылаудың және дауыс берудің нақты тәртібі болмаса, әр мәселені қарау кезінде процедураға қатысты дау туындауы мүмкін. Сондықтан регламент бекітіліп, барлық қатысушы бір рәсімді ұстануы үшін қажет.

 

Екіншіден, өкілеттіктердің ара-жігін ажырату. Регламент төраға, депутаттар, жұмыс органдары, фракциялар немесе басқа құрылымдардың жұмыс барысындағы рөлін нақтылайды. Мысалы, Қазақстанның бұрынғы Парламент регламенті палаталардың бірлескен жұмысын, ортақ органдардың құрылуы мен қызметін және депутаттар мен лауазымды адамдардың өкілеттігін жүзеге асыру кезіндегі өзара қатынасты реттеген.

 

Үшіншіден, шешім қабылдау процесін реттеу. Регламенттің маңызды функцияларының бірі – шешімнің қандай рәсімнен өтіп барып қабылданатынын белгілеу. Бұл әсіресе заң шығару немесе басқа да маңызды шешімдер қабылдайтын органдар үшін маңызды.

Мысалы, бұрынғы Парламент палаталарының регламенттері отырыстарды өткізу тәртібінен бөлек, дауыс беру және шешім қабылдау рәсімдерін де қамтыған.

 

Төртіншіден, рәсімнің сақталуын қамтамасыз ету. Регламент жай ғана ұсыныс немесе әдеп ережесі емес. Қазақстанның бұрынғы Парламенті туралы конституциялық заңында регламентте белгіленген шарттар мен рәсімдер сақталмай өткізілген депутаттар отырысы заңсыз деп танылатыны, ал мұндай жиналыста қабылданған актілердің жарамсыз болатыны көзделген.

Сондықтан регламенттің сақталуы шешім қабылдау процедурасының заңдылығымен тікелей байланысты.

 

Не өзгерді?

 

Ең басты өзгеріс – бір палаталы Парламент. Бұрынғы Парламенттің регламенті ең алдымен Сенат пен Мәжілістің бірлескен жұмысын реттеді. Яғни шешім қабылдау механизмінің өзінде екі палатаның позициясы қатар тұрды: бірлескен отырыста дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткізілетін.

 

Құрылтай регламентінде мұндай екіпалаталы сүзгі жоқ. 145 депутаттан тұратын бір палаталы орган ретінде Құрылтайда шешім депутаттардың жалпы саны немесе отырысқа қатысушылар арқылы қабылданады. Регламентте көпшілік – кемінде 73 дауыс, үштен екі – 97, төрттен үш –  109 дауыс деп нақты көрсетілген.

 

Бұрынғы Парламенттің бірлескен отырысын Мәжіліс Төрағасы шақырады. Отырыстың заңды болуы үшін әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысуы қажет болған. Отырыстың заңдылығын анықтау үшін әр Палата бойынша жеке тіркеу жүргізілген. Яғни бастапқы кезеңнің өзінде екі бөлек кворум болған.

 

Бұл Парламенттің институционалдық құрылымын көрсетеді: Сенат пен Мәжіліс тек бір залда отырған депутаттар жиыны емес, екі дербес Палата ретінде қарастырылған.

 

Ал Құрылтай отырысын Құрылтай Төрағасы шақырады. Отырыс заңды болуы үшін 145 депутаттың кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысуы керек. 

Құрылтай отырыстарында электрондық тіркеу және дауыс санау жүйесі пайдаланылады.

 

Бұрын шешім қабылдаудың бастапқы кезеңінде екі Палатаның кворумы бақыланса, Құрылтайда бір ғана депутаттық құрамның кворумы есептеледі.

Құрылтай регламентінде жұмыс күндерінің өзі де нақтырақ ұйымдастырылған. Отырыстар – әдетте сәрсенбі не бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күні, ал үкімет сағаттары дүйсенбі күні өтеді.

 

Күн тәртібі қалай жасалады?

 

Бұрынғы Парламентте отырыстың күн тәртібі мен жұмыс тәртібін Мәжіліс Төрағасы енгізсе, ал оны әр Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы бекіткен.

Күн тәртібіне қатысты ұсыныстар мен ескертулер де дауысқа қойылған.

Ал Құрылтайда күн тәртібі мен мәселелерді қарау тәртібін Құрылтай Бюросы енгізеді. Оны Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі ашық дауыс беру арқылы бекітеді.

 

Депутаттардың күн тәртібіне қатысты ұсыныстары мен ескертулері де жеке-жеке дауысқа қойылады.

 

Бұдан бөлек, Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелердің материалдары отырысқа дейін кемінде екі жұмыс күні бұрын автоматтандырылған жүйеде және интернет-ресурста жариялануға тиіс.

 

Бұрынғы Парламентте күн тәртібін енгізу функциясы Мәжіліс Төрағасына берілсе, Құрылтайда бұл функция Бюроға жүктелген. Бұрын Төраға енгізген соң оны екі Палата бекітсе, ал қазір Бюро енгізеді және бір құрамдағы депутаттар бекітеді.

 

Мәселе қалай талқыланады?

Бұрынғы Парламенттің регламенті бойынша:

·        баяндамаға – 30 минутқа дейін;

·        қосымша баяндамаға – 20 минутқа дейін;

·        жарыссөзге – 10 минутқа дейін;

·        қайта сөйлеуге – 5 минутқа дейін;

·        сұрақтар мен рәсімдік мәселелерге – 2 минутқа дейін уақыт берілген.

Саяси партия фракцияларының басшыларына фракция ұстанымын айтуға кепілдік берілген.

Құрылтай отырыстарында сөйлеу ұзақтығы:

·        баяндамаға – 15 минутқа дейін;

·        қосымша баяндамаға – 10 минутқа дейін;

·        жарыссөзге – 7 минутқа дейін;

·        қайта сөйлеуге – 5 минутқа дейін;

·        сұраққа – 2 минутқа дейін;

·        жауапқа – 5 минутқа дейін;

·        рәсімдік мәселе бойынша сөз сөйлеу үшін – екі минутқа дейін уақыт белгіленеді.

·         

Құрылтайда да саяси партия фракциясы мен депутаттық топтың атынан сөйлеуге арнайы кепілдік бар.

 

Десе де Құрылтайдағы жалпы сөйлеу уақыттары бұрынғы Парламент регламентіндегі жалпы уақыттардан қысқартылған. Алайда Құрылтай регламентінде нақты мәселелерге арналған арнайы уақыт тәртіптері бар.

 

Заң жобасы қалай қаралады?

 

Бұрынғы Парламенттің жұмысында заң жобасының қаралуы бір ғана отырыспен шектелмей, бірнеше институционалдық кезеңнен өтетін. Заң жобасы алдымен Мәжіліске енгізіліп, Парламент Мәжілісінің Аппаратында оның рәсімдік талаптарға сәйкестігі тексеріліп, тіркелетін. Одан кейін құжат тиісті бейінді комитетке жіберіліп, комитет заң жобасын қарайтын және қажет болған жағдайда депутаттардан, мемлекеттік органдар мен сарапшылардан құралған жұмыс тобын қалыптастыратын. Жұмыс барысында заң жобасына ұсыныстар мен түзетулер енгізіліп, олар талқыланатын, ал негізгі комитет қарау қорытындысы бойынша қорытынды дайындайтын.

Осыдан кейін мәселе Мәжіліс Бюросының қарауына өтіп, күн тәртібіне енгізілетін және пленарлық отырыста депутаттардың талқылауына шығарылатын. Мәжілісте баяндама жасалып, сұрақтар қойылып, пікірталас өтіп, заң жобасы дауысқа салынатын. Мәжіліс қабылдаған заң жобасы бұдан кейін Сенатқа жіберіліп, онда да Аппараттық және комитеттік қарау кезеңдерінен, жұмыс тобы мен түзетулер енгізу рәсімінен өтіп, Сенаттың пленарлық отырысында қаралатын. Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдаса, заң одан әрі келесі конституциялық рәсімдерге өтетін. 

 

Ал Сенат заң жобасына өзгерістер енгізсе, ол қайтадан Мәжіліске қайтарылып, палаталар арасындағы келісу рәсімдері жүргізілетін. Осылайша бұрынғы Парламенттегі заң шығару процесінің негізгі ерекшелігі – заң жобасының екі палатада кезекпен қаралуы болды. Яғни Мәжілістегі комитеттік және пленарлық талқылаудан кейін құжат Сенаттың қарауына өтіп, екінші палатада да жеке талқылау мен дауыс беру кезеңінен өтетін. Парламенттің регламенті палаталардың бірлескен отырыстарын, палаталар арасында өзара іс-қимыл тетіктерін және депутаттар мен лауазымды адамдардың өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін белгілеген.

 

Құрылтайда заң жобасы пленарлық отырысқа бірден шығарылмайды. Алдымен жоба енгізіліп, Құрылтай Аппараты оның рәсімдік талаптарға сәйкестігін тексереді. Талаптарға сай келген құжат тіркеліп, тақырыбына сәйкес бас комитетке жіберіледі. Комитет заң жобасын қарайды, қажет болған жағдайда жұмыс тобын құрып, депутаттар мен сарапшылардың ұсыныстарын жинайды. Осы кезеңде заң жобасына түзетулер енгізілуі мүмкін. Комитеттік жұмыс аяқталған соң бас комитет қорытынды дайындайды. 

 

Одан кейін заң жобасын пленарлық отырыстың күн тәртібіне шығару мәселесі Бюро арқылы ұйымдастырылады. Күн тәртібі депутаттармен бекітілгеннен кейін ғана жоба Құрылтайдың жалпы отырысында қаралады. Пленарлық отырыста баяндама жасалып, сұрақтар қойылып, жарыссөз өткізіледі. Талқылау аяқталған соң ұсыныстар мен түзетулер бойынша дауыс беру жүргізіліп, заң жобасын қабылдау үшін заңнамада белгіленген қажетті дауыс саны жиналса, тиісті шешім қабылданады.

 

Құрылтайда заң жобаларын қарау тәртібі айтарлықтай өзгертілді. Заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі белгіленді. Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі ережелері, мақсаттары мен міндеттері талқыланады. Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда заң жобасының түпкілікті редакциясы ҚР Конституциясына сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою тұрғысынан қаралады. Бұл ретте халықаралық шарттарды ратификациялау (денонсациялау) екі оқылымда қаралады.

 

Бұрынғы модельде заң шығару процесі Палаталар арасында бөлінді. Мысалы, конституциялық заң жобасын Мәжіліс қабылдап, Сенатқа жұмыс істеуге жіберетін. Екі Палата бірлескен отырыста конституциялық заңдарды қарайтын. Конституциялық заң жобалары кемінде екі оқылымнан өтуге тиіс болды.

 

Дауыс беру қалай өзгереді?

 

Бұрынғы Парламенттің бірлескен отырысында дауыс беру электрондық жүйе, қол көтеру және бюллетень арқылы өткізілген.

Бірақ заңнамалық және өзге актілерді қабылдағанда дауыс беру Палаталар бойынша бөлек жүргізілген. Нәтижелері электрондық таблода бір мезгілде көрсетілген. 

 

Құрылтайда дауыс беру ашық немесе жасырын болады. Ашық дауыс беру электрондық жүйе және қол көтеру арқылы жүргізілсе, жасырын дауыс беру бюллетеньмен өткізіледі.

 

Ең маңыздысы – қажетті дауыс саны енді 145 депутаттың жалпы санына байланған. 

Мұнда «дауыс берілді» дегенмен процесс аяқталмайды. Құрылтай шешімдері дауыс беру нәтижесінде қабылданады, ал заңды қабылдау туралы шешім қаулымен рәсімделеді.

 

Құрылтайдың жаңа регламентінде ашықтыққа баса назар аударылған. Құрылтай отырыстары стенограммаға түсіріліп, бейнежазбасы жүргізіледі. Ашық отырыстардың стенограммалары Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастырылады.

 

Дауыс беру нәтижелері мен әр мәселе бойынша қабылданған шешімдер де отырыстың стенограммасына енгізіледі. 

Бұрынғы Парламент регламентінде де отырыстар стенографияланып, дауыс беру нәтижелері стенограммаға енгізіліп, Парламенттің ресми сайтында жарияланған.

Демек бұдан түбегейлі айырмашылықтан гөрі сабақтастықты көре аламыз.

 

Депутаттық сауалға қанша уақытта жауап беру қажет?

 

Депутаттық сауалға жауап бір ай ішінде берілуге тиіс. Депутат қажет болған жағдайда лауазымды тұлғадан жауапты Құрылтай отырысында жеке жария етуді талап ете алады. 

«Депутат сауал жолдағаннан кейін лауазымды тұлға бір айдың ішінде жауап беруге міндетті. Жауапты қолына алған депутат жауаптың толықтығына қарайды. Белгілі деңгейде көңілінен шықпайса, лауазымды тұлғаны шақыртып алып, мазмұны бойынша түсінік алуға, талқылауға құқығы бар», – деді Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ.

 

Құрылтай депутаты Айдос Сарым енді депутаттар премьер-министрге сұрақ қоя алмайды деген жаңсақ пікірді теріске шығарды.

 

«Депутаттар премьер-министрге сұрақ қоя алады, сұрақ қоюын жалғастыра береді. Депутаттық сауал арқылы, бюджетті қорғауға келген кезде, бюджет туралы есеп беріп жатқан кезде де қоя алады. Мысалы, бізде парламенттік тыңдау деген формат бар. Үкімет сағаттары болып жатыр. Соның кез келгенінде депутат сауал қоя алады және қоя береді. Ал жылына бір рет Конституциялық соттың төрағасы есеп береді. Заң бойынша, регламент бойынша бөлек институт болғандықтан депутаттар есебін тыңдап, бірақ сұрақ қоймайды. Иә, қабылдайды, иә, қабылдамайды. Қабылдамаса басқа форматтарға алып келеді. Бұл жылына бір рет болатын жиынға қатысы бар. Қалған уақытта премьер-минстр парламенттік трибунаға шыққан кезде немесе осы залда немесе үшінші қабатта фракциялардың отырысы болғанда, сағаттап тұрып есеп беретін кездерде сұрақ қоя аламыз», – деді Айдос Сарым.

 

Әдеп жөніндегі кеңес қалай жұмыс істейді?

Жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-әрекет жасау тәртібі жеке регламенттелді. Оның өкілдері өз өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысуға құқылы.

 

Сондай-ақ Құрылтай регламентінде депутаттық әдеп қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыру тәртібі жеке айқындалады.

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева депутаттардың қандай әрекеттері іскерлік этиканы бұзу болып саналатыны және ол үшін қандай жазалар қарастырылғаны туралы айтты. 

 

Оның айтуынша, депутат әріптесін немесе басқа адамды қорлап, ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөз айтса, бұл депутаттық әдепті бұзу болып саналады. Мұндай талап тек Құрылтай отырыстары мен жұмыс топтарында ғана қолданылып қоймай, депутат Құрылтайдан тыс жерде жүргенде де әдеп нормаларын сақтауға міндетті.

 

Депутаттардың БАҚ өкілдерімен қарым-қатынасына қатысты да бөлек талаптар белгіленген. Депутаттар өз сөздерінде, жауаптары мен сұхбаттарында тексерілген әрі шынайы ақпарат беруге тиіс.

 

«Егер депутат расталмаған ақпаратты немесе тексерілмеген деректі факт ретінде айтса, бұл да депутаттық әдепті бұзу болып есептеледі. Осы талаптардың сақталуын бақылау үшін Құрылтайда депутаттық әдеп жөніндегі арнайы кеңес құрылады. Кеңес жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарастырып, түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Ал әзірге депутаттық этика жөніндегі кеңестің регламенті ғана қабылданды»,  – деді Дания Еспаева.

 

Депутат Құрылтай мен оның үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, депутатқа «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.

 

Мысалы, депутат Құрылтай және оның органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз бір айдан артық қатыспаса, оған белгілі бір әлеуметтік және қызметтік төлемдер мен мүмкіндіктер шектелуі мүмкін.

 

Құжатта этикалық нормаларды бұзған депутаттарға қолданылатын жазаның бірнеше түрі қарастырылған. Атап айтқанда, депутатқа сөгіс жариялануы немесе ол көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттелуі мүмкін. Сондай-ақ Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салу, ал қатаң шара ретінде үш отырыс бойы сөйлеу құқығынан айыру көзделген.

 

Сонымен қатар заң бойынша депутатты Құрылтайдың бір немесе үш отырысынан шығарып жіберу мүмкіндігі бар. Ең қатаң жаза – бір күндік жалақысынан айыру.

Депутаттық этика жөніндегі кеңес заң бұзушылықты қарап, тиісті шешім шығарса, одан кейін мәселе Құрылтай сессиясы деңгейінде қаралады.