Құрылтай сайлауы 2026: ОСК партиялардың тізімін қабылдап, сайлаушылар тізімі жасалып жатыр
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы «Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы құжаттарды қабылдады. Қазіргі уақытта ОСК ұсынылған материалдардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үстінде. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін ұсыну құқығы тек ресми тіркелген саяси партияларға ғана тиесілі. Бекітілген күнтізбелік жоспар бойынша партиялық тізімдерді қабылдау 2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Қазақстан Республикасында өтетін Құрылтай сайлауына байланысты сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар жасап жатыр. Тізімге белсенді сайлау құқығы бар және тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтар енгізіледі. Ал дауыс беру күні тіркелген мекенжайында болмайтын тұрғындар, өзге өңірден келген студенттер және вахташылар өз өтініші негізінде уақытша тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енуге құқылы. Ол үшін әкімдіктерге 2026 жылғы 23 шілдеге дейін өтініш беру қажет (азамат тек бір тізімде ғана бола алады). Өзіңіздің тізімде бар-жоғыңызды әкімдіктердің интернет-ресурстары мен call-орталықтары арқылы білуге болады, ал деректерді ресми түрде тексеру мүмкіндігі 2026 жылғы 7 тамыздан бастап ашылады.
Астанада ЖСДП партиясының кезекті съезі өтті, онда партия 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына өз бағдарламасы мен кандидаттар тізімін бекітті. ЖСДП Құрылтай депутаттығына өз қатарынан 33 адамды ұсынды, бұл басқа партиялармен салыстырғанда ең аз көрсеткіш болып отыр. Партия төрағасы Асхат Рахымжанов ЖСДП-ның мақсаты Құрылтайдағы депутаттық орынның 10 пайызын алу екенін және бұл жолы партиялық тізімге бірмандатты кандидаттарды қоспағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Жигули Дайрабаевтың «әлеуметтік-демократ емес» деген сынын популизм деп атап, «Ауыл» партиясының өзі бұл бағыттан алыстап кеткенін алға тартты.