Құрылтай сайлауы-2026: Саяси партиялар кезекті теледебатта заң мен әділдік мәселесін талқылады
Жарияланған күні:
Фото: скриншот
«Jibek Joly» телеарнасының эфирінде «Заң үстемдігі - әділетті қоғамның негізі» тақырыбына арналған саяси партиялардың теледебаты өтті. Тікелей эфирде Құрылтай сайлауына қатысып жатқан жеті саяси ұйымның өкілдері бас қосты. Әр партияның атынан пікірталасқа екі спикерден қатысты.
Бағдарлама регламенті төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар оппоненттерінің сайлауалды бағдарламаларына талдау жасап, таныстырды (әр партияға 2,5 минуттан берілді). Екінші кезеңде партия өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары мен көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді (әр жауапқа 90 секундқа дейін уақыт бөлінді). Үшінші кезеңде қатысушылар оппоненттерімен тікелей сөз жарыстырып, екі минут ішінде өз позицияларын аргументтермен дәлелдеп шықты. Төртінші раундта әр партия сайлаушыларына «уәде» берді.
«Ақ жол» партиясы
Сөз кезегін алғаш болып «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері бастады. Бірінші кезеңде Бек-Мұхамед Жаукебаев сот жүйесінің тәуелсіздігі мен заң үстемдігіне ерекше тоқталды.
«Біздің партия сот жүйесін реформадан өткізіп, әрбір азамат пен азаматшаның құқығы толық қорғалуы керек деп санайды», - деді ол.
Партияның екінші өкілі Ермек Әбілдин «Ақ жолдың» құр уәдеге сүйенбей, нәтижелі жұмысты нақты істер мен заңнамалық бастамалар арқылы дәлелдеп келе жатқанын жеткізді. Ол сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаны қатаңдатуды, салық төлеушінің адалдығы презумпциясын заңнамалық түрде бекітуді және шағын бизнес өкілдерінің мүддесін жан-жақты қорғауды ұсынатындарын атап өтті.
ЖСДП
Жалпыұттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) өкілі Нұрайнаш Камалова адал азамат ұғымының тек құқықтық мемлекет аясында ғана толық жүзеге асатынына назар аударды.
«Заң халыққа қызмет етуі керек. Заңдар қарапайым азаматтар мен олигархтарға бірдей болуы керек. Соттар азаматтардың құқығын шектемей, әділ қорғауы керек. Бейбіт жиындарға мүмкіндік жасауын біздің партия қолдайды», - деді ол.
Дебат барысында партияның екінші өкілі Лариса Ли Қазақстан халық партиясының бағдарламасын сынға алып, оны практикалық мәні жоқ, құрғақ декларация ретінде бағалады. Сонымен қатар ол өзін әлеуметтік-прогрессивті деп санайтын партияның бұған дейінгі ұстанымдары өз мәлімдемелеріне қайшы келетінін айтты.
«Сұмдық демагогия, құрғақ декларативті сөз. Осы біздің заманымызда да әлі күнге дейін әлеуметтік топтар бар ма?», - деді Ли.
«Әділет» партиясы
«Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев сөзжарысты бастап, партияның негізгі бағыттарын белгілейтін үш түйткілді мәселеге жауап беретіндерін айтты.
«Біздің басты сүйенішіміз – Ата Заң, қорғайтынымыз – адал азамат. Ережеміз қарапайым: адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба – жауап бер. Байлығың мен лауазымың жазадан құтқармайды. Елімізде заң көп, біз ол заңдарға ревизия жасап, Конституцияға сай етеміз», - деді ол.
Екінші спикер Айжан Аймағанова бағдарламаның үш басты бағытын ұсынды: соттар мен құқық қорғау органдарының дербестігі, мемлекеттік жүйенің ашықтығы мен есептілігі, сондай-ақ азаматтардың жеке қауіпсіздігі. Оның пікірінше, мемлекет кез келген заң бұзушылыққа жедел үн қатып, барлық тараптың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуі қажет.
«Біз үшін өз адамымыз немесе бөтен адам деген жоқ, заң бәріне ортақ. Адам әділдікті жалынып іздеп, кабинеттердің есігін тоздырмау керек», - деп түйіндеді Айжан Аймағанова.
Қазақстан халық партиясы
Қазақстан халық партиясынан атынан шыққан Жандос Бидайбеков елдегі заңдылық пен тәртіптің негізі сот жүйесін сауықтырудан басталатынын баса айтты.
«Президенттің бастамасымен елімізде әкімшілік юстиция құрылды. Бұл жүйе бойынша азаматтардың пайдасына 70 пайыз шешілді. Сондықтан бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыруымыз керек», - деді Бидайбеков.
Партияның екінші өкілі Ирина Смирнова зорлық-зомбылыққа қарсы күрес пен әлеуметтік мәселелерді шешудегі заңнамалық реформалардың маңызына тоқталды. Сонымен қатар ол кейбір оппоненттердің сайлауалды платформаларындағы жекелеген ережелерге сыни пікір білдірді.
«Дәл осы заң жағдайды ретте. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң агрессорларға тосқауыл қойды», - деді Ирина Смирнова.
«Ауыл» партиясы
«Ауыл» партиясының спикері Ерболат Саурықов мегаполистер мен шалғай елді мекендер арасындағы білім алу және сапалы қызметтерді тұтынудағы теңсіздік мәселесін көтерді.
«Біздің партия Конституцияны қағаздағы баптардың жиынтығы деп емес, адам өміріне әсер ететін құжат деп бағалайды. Біз жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтқаруды ұсынамыз», - деді Саурықов.
Партияның екінші өкілі Жазира Сұлтанқұлова өз кезегінде қоғамдық оң өзгерістердің барлығы ең алдымен дұрыс тәрбиеден бастау алатынын атап өтті.
«Байтак» партиясы
«Байтак» жасылдар партиясының өкілі Амалбек Өміртай өз сөзінде саяси платформадағы өзгерістер мен экологиялық күн тәртібіне басымдық берді.
«Біз халықтың өмір сапасынан көрініс табатын өзгерістерді қолдаймыз. Жаһандағы ешбір мемлекет дербес өмір сүре алмайды. Климат, экология үшін барлық мемлекет бірге жауап беруі керек. Мен ауыл баласы, Қазығұрт ауылындағы төрт мәселені көтергім келеді», - деді спикер.
Ол өз сөзін аймақтағы қордаланып қалған экологиялық проблемаларды егжей-тегжейлі баяндаумен жалғастырды.
Respublica партиясы
Дебатты Respublica партиясының өкілдері қорытындылады. Олжас Құспеков сайлау науқанының басты мәні әдемі уәделер мен шешендік өнерде емес екенін мәлімдеді.
«Партияның бағдарламасы бай-қуатты адам, қауіпсіз ел, әділетті сот құруға бағытталған. Партия адал ақша тапқан кәсіпкерді қолдайды», - деді Құспеков.
Партияның екінші өкілі Динара Шүкіжанова елге инвестиция тарту және бизнесті дамыту үшін заңнаманың тұрақтылығы мен ашықтығы басты шарт екенін тілге тиек етті.
«Заң мен тәртіп бәріне ортақ болу керек. Жаңа министр келген сайын заң өзгеріп отырмауы керпек. Ереже бәріне түсінікті болғанда ғана, жаңа кәсіпорындар ашылады», - деді Шүкіжанова.
Теледебаттағы онлайн-сауалнаманың қорытындысы қандай
«Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбына арналған пікірсайыс барысында көрермендер арасында онлайн-сауалнама жүргізілді.
Сауалнамаға 165 153 көрермен қатысып, «Қай саяси партия спикерінің сөзі сізге көбірек ұнады?» деген сұраққа жауап берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 60,6% көрсеткішпен алға шықты. Одан кейін «Ауыл» партиясы – 15,1%, Respublica – 10,2%, ЖСДП – 3,9%, «Ақ жол» – 3,5%, Қазақстан халық партиясы – 3,3% дауыс жинады. Сауалнамаға қатысқандардың 0,7%-ы ешбір партияның сөзі ұнамағанын көрсеткен.
Онлайн-сауалнаманы Jibek Joly телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстанның қоғамдық даму институты ұйымдастырды.