Құрылтай сайлауы: бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарына кірісті
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Бүгін, 3 тамыздан бастап Қазақстандағы 10 400-ден астам сайлау учаскелері, 10 600-ден астам комиссия және 71 мың сайлауком мүшелері жұмысына кірісті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті.
Комиссияның бүгінгі отырысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Нұрлан Әбдіров осы аптадан бастап Ортсайлауком мүшелері өңірлерге инспекциялық сапарға шығатындығын атап өтті. Олар барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда болып, алдағы науқанға инфрақұрылымның дайындығын тексеретін болады.
«Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісті. Барлығы 10 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. Сайлауды ұйымдастыруға мүшелерінің жалпы саны 71 мың адамды құрайтын 10 600-ден астам комиссия тартылады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Бірнеше күннен кейін, яғни, 7 тамыздан бастап азаматтар өзі туралы деректердің дұрыстығын тексере алады. Егер түзету керек болса, сайлаушы өзінің учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады.
Қазақстанда неше сайлаушы бар
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмовтың айтуынша, еЕліміз бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енген. Электоралдық науқан басталғаннан бері республикада 221 call-орталық өз жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін оларға 6 080 өтініш келіп түскен екен.
ОСК төрағасы ТМД байқаушылар миссиясының басшысымен кездескен
Бүгін сондай-ақ ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда халықаралық байқау жүргізетін ТМД атынан Байқаушылар миссиясының басшысы, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенкомен кездесті.
Нұрлан Әбдіров ТМД байқаушыларының Қазақстанда өткізілетін сайлаулар мен референдумдарды халықаралық байқау жүргізуге тұрақты түрде қатысып келе жатқанын атап өтті. Ынтымақтастық үшін алғыс білдірген Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстанда халықаралық байқаушылар миссияларының толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын жеткізді.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстанда жүзеге асырылған конституциялық реформа, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген негізгі жаңашылдықтар жөнінде жан-жақты хабардар етті.