Құрылтай сайлауы: қандай жағдайда кандидаттар партиялық тізімнен шығып қалады
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Жуырда Астанада 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының оныншы отырысы өтті.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу кезеңінің қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ, сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі де баяндалды.
Құрылтайға партиялық тізімдер бойынша кандидаттарды Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау және ағымдағы сайлау алдындағы додаға қатысып отырған жеті саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеу мәселелері Орталық сайлау комиссиясының 16-21 шілде аралағында өткен бірқатар жекелеген отырыстарында қаралып, 23 шілдеде сағат 18.00-де Құрылтай депутаттығына партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі аяқталды.
7 саяси партия. 545 кандидат
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов партиялық тізімдерді тіркеу жұмысының қорытындылары мен жалпы статистикалық мәліметтер туралы баяндады.
«Сайлау туралы» Конституциялық Заңының 89-бабына сәйкес, саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Құрылтай депутаттығына кандидаттардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілді. Уәкілетті мемлекеттік органдардың жауаптарына сәйкес, партиялық тізімдерге енгізілген барлық азамат Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді. Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысу үшін ұсынылған жеті саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеді», – деді ОСК хатшысы.
Орталық сайлау комиссиясына ұсынылған келесі саяси партиялық тізімдер тіркелді:
● «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 63 кандидат;
● «Ауыл» партиясы» Республикалық коғамдық бірлестігі – 69 кандидат;
● «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігі – 186 кандидат;
● «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі – 47 кандидат;
● «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі – 33 кандидат;
● «Қазақстанның Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 72 кандидат;
● «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі – 75 кандидат.
«2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша, Құрылтай депутаттарының мандаттарына үміткер 7 саяси партияның тізімдеріне 545 кандидат енгізілді. Депутаттық мандаттардың жалпы саны – 145. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын талаптарды барлық саяси партиялар сақтады. Жалпы партиялық тізімдер бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9%-ды құрайды. Оның ішінде 172 – әйелдер (31,56%), 373 – ерлер. 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас», – деді Шавхат Өтемісов.
Кандидаттың кірісі тексеріледі
Конституциялық заңның 89-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес, кандидат пен оның зайыбы, жұбайы мемлекеттік кіріс органдарына 2026 жылғы 1 шілдеге қатысты уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен және нысанда активтер мен міндеттемелер туралы декларациялар ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кіріс органдары партиялық тізім және кандидат тіркелген күннен бастап 15 күн ішінде тексереді.
Кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік кіріс органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн ішінде ұсынуға міндетті.
Партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жою
Орталық Сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің сөзінше, заңнамаға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы белгілі бір негіздер болған жағдайда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген тұлғаны тізімнен шығару туралы шешім қабылдауға құқылы.
Конституциялық заңның 89-бабының 6-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы мынадай жағдайларда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жояды:
● партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркелу мерзімі аяқталғанға дейін жүргізген;
● тұтас партиялық тізімнің елу процентінен астамын құрайтын адамдар партиялық тізімнен шыққан;
● партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірген адамдарының кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған басқа саяси партияның немесе партиялық тізімге енгізілген адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
● партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
● осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда.
Қандай жағдайда кандидат партиялық тізімнен шығарылады
Орталық Сайлау комиссиясы мынадай жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды:
● партиялық тізімге енгізілген адамның өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланғанда;
● партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін жүргізгенде;
● партиялық тізімге енгізілген адамның партиялық тізімді ұсынған саяси партияның кандидатының немесе партиялық тізімге енгізілген басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, олардың іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтағанда;
● Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес, партиялық тізімге енгізілген адам мен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің анық еместігі анықталғанда;
● партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтағанда;
● осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда.
Партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам Жоғарғы Сотқа шағым жасай алады, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
Партиялық тізімге енгізілген адамды дауыс беретін күнге екі күн қалғанда шығару туралы шешім қабылдауға жол берілмейді.
Бюллетендегі партия атауларының реті қандай
Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі де айқындалды. Жеребе тарту рәсімін ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өткізді.
«Сайлау туралы» Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне жеребемен айқындалған тәртіппен саяси партиялардың атаулары және бәріне қарсымын деген жол енгізіледі. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргізеді.
Мұхтар Ерман мөлшері мен түсі бірдей конверттерге реттік нөмірі жазылған парақтарды салды. Бұл конвертте нөмір жазылған бір ғана парақ болады. Конверттер араластырылып, үстел үстіне қойылды. Саяси партиялардың өкілдері мемлекеттік тілдегі атауларының әліпбилік реті бойынша үстелге шақырылды. Әр саяси партияның өкілі кезекпен үстелдегі кез келген конвертті алып, ішіндегі парақта жазылған нөмірді көпшілікке жария етті. Конверт ішіндегі нөмір – саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін нөмір.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында өткізілген жеребе тартудың қорытындысы бойынша, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетенінде мынадай ретпен орналасады:
1. «Әділет» партиясы»;
2. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы»;
3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
4. «Қазақстан Халық партиясы»;
5. «Ауыл» партиясы»;
6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы»;
7. «Respublica» партиясы».
Жеребе тарту қорытындылары Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің тиісті хаттамасымен бекітіледі.
86 халықаралық байқаушы аккредиттелді
Орталық сайлау комиссиясының отырысында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу рәсімі жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл рәсім 17 тамызға дейін жалғасады.
ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы 12 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 86 халықаралық байқаушыны аккредиттегенін мәлімдеді.
«2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеу үшін бес шет мемлекет пен бір халықаралық ұйымнан 10 халықаралық байқаушының кандидатурасын ұсынды. Атап айтқанда, Молдова Республикасынан – төрт кандидатура, оның ішінде осы елдің Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, Халықаралық парламентарийлер конгресінен (IPC) – 1 кандидатура, Албания Республикасынан – 2 кандидатура, Кувейт Мемлекетінен – 1 кандидатура, оның ішінде осы мемлекеттің Қазақстандағы Елшісі, сондай-ақ Армения Республикасы мен Палестина Мемлекетінен бір-бір кандидатурадан ұсынылды», – деді Мұхтар Ерман.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады.