Артқа

Құрылтай сайлауы: қазақстандықтардың сұрақтарына жауап беретін ЖИ-көмекші іске қосылды

Фото: ОСК

Фото: ОСК

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысты қазақстандықтардың ең өзекті сұрақтарына жауап беретін «Sailau AI» жасанды интеллект негізіндегі көмеғшіні іске қосты.

 

Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жұмыс істейтін «Sailau AI» ЖИ-көмекші «Үйде отырып, дауыс беруге бола ма?», «Есептен шығару куәлігін қалай алуға болады?», «Егер сайлаушылар тізімінде аты-жөнім жоқ болса, не істеу керек?» деген сияқты қазақстандықтар ең көп іздейтін сұрақтардың жауабын лезде бере алады.

 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, ЖИ-көмекші қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы, аптасына 7 күн ақпарат ұсынады. ЖИ-көмекші Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер негізінде сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша ақпаратты іздеуге және ұсынуға арналған. Sailau AI көмекшісін Telegram мессенджерінен де табуға болады.

 

Қазақстандықтардың 73,8%-ы Құрылтай сайлауында дауыс бермек

 

Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 21 шілде мен 4 тамыз аралығында азаматтардың электоралды таңдауын анықтау мақсатында республиканың барлық өңірлерінде (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және 17 облыс) 1200 респондентті қамти отырып, телефон арқылы екінші сауалнама жүргізді.

Институттың баспасөз қызметі хабарлағандай, респонденттерге алдымен «Сіз 2026 жылдың 23 тамызында өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұрақ қойылған. Бұл сұраққа жауап берген респонденттердің 73,8%-ы сайлау учаскелеріне баруға ниетті екенін айтты, 8,1%-ы сайлауға қатыспаймын деп жауап берген, ал 18,1% әлі шешім қабылдамаған.

Шілденің 8-і мен 20-сы аралығында өткен алғашқы зерттеуге қарағанда, бұл жолы азаматтардың сайлауға қатысты белсенділігі 2,5% артқан. Сайлауда дауыс беру жоспары туралы қала тұрғындарына қарағанда ауылдық жерде тұратындар 5,3%-ға  жиірек  «Иә» деп  жауап берген.

«Құрылтай сайлауында Сіз қандай саяси партияға дауыс бересіз?» 

Осы сұраққа жауап берген респонденттердің жауабына сүйенсек, сайлау рейтингінде өзінің көшбасшылық позициясын одан әрі күшейткен «Әділет» партиясы алдыңғы орында тұр, оған респонденттердің 70,2%-ы дауыс беруге дайын. Партия жынысы, жасы, тұрғылықты жері, білімі және этностық ерекшелігі бойынша анықталған барлық негізгі әлеуметтік-демографиялық топтарда бәсекелестерді басып озады.

Екінші топта салыстырмалы түрде ұқсас көрсеткіштері бар партиялар тұр, олардың рейтингідегі айырмашылық статистикалық дәлсіздік шегінен аспайды: «Ауыл» – 5,6%, «Ақ жол» – 4,9%, Respublica – 4,7%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 4,5%, Қазақстан халықтық партиясы (ҚКП) – 3,3%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 0,8%.

Алдыңғы зерттеу нәтижелерімен салыстырғанда, ЖСДП-дан басқа  партиялардың көрсеткіштері аздап өзгеріске ұшыраған.

Қазақстандық қоғамдық даму институты деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 8 шілдедегі №ОСК-11-07/1290 жазбаша хабарламасы бойынша  жариялайды.

«Партиялар бәсекесі: идеялар, бағдарламалар және сайлаушы үшін күрес»

Ал бүгін, 14 тамыз күні Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматыда «Партиялар бәсекесі: идеялар, бағдарламалар және сайлаушы үшін күрес» атты сараптамалық платформа өткізген.

Талқылаудың негізгі өзегіне саяси партиялардың идеологиялық ұстанымдары, сайлауалды бағдарламаларының мазмұны және сайлаушылардың қолдауына ие болу жолындағы бәсекелестіктің сипаты арқау болды. Қатысушылар саяси күштердің бағдарламалары сайлаушыларға мазмұнды балама ұсына ала ма, қоғамның қазіргі сұраныстары ел дамуының ұзақ мерзімді міндеттерімен қаншалықты үйлеседі, сондай-ақ сайлау науқаны аяқталғаннан кейін партиялардың азаматтармен диалогы қандай болуы керектігін талқылады.

Пікірталастың алғашқы блогы сайлауалды бағдарламалардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына арналды. Қатысушылар партиялардың стратегиялық мақсаттарының ұқсас болуы ел дамуының негізгі бағыттары бойынша қоғамдық консенсустың қалыптасқанын білдіре ме, әлде мазмұнды саяси баламалардың жеткіліксіздігін көрсетеді ме деген мәселені талқылады.

Партиялық бағдарламалардың уақыттық көкжиегіне қатысты да жеке пікірталас өрбіді. Қатысушылар саяси күштер ең алдымен азаматтардың аса өзекті сұраныстарына жауап беруі керек пе, әлде бір электоралдық цикл шеңберінен шығатын ұзақ мерзімді сын-қатерлерге назар аударуы қажет пе деген мәселені қарастырды.

Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар сапалы саяси бағдарлама екі тәсілді де ұштастыруы қажет екенін атап өтті. Қоғамның бүгінгі қажеттіліктеріне жауап беру ел дамуының стратегиялық пайымымен қатар жүруге тиіс. Ал ұсынылатын шешімдер оларды іске асыру тетіктері, қажетті ресурстар және ықтимал тәуекелдер жөнінде түсінікті әрі нақты түсіндірмелермен сүйемелденуі керек.